Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық қазақтар мен дүнгендер арасында болған жанжал елімізде әлі де болса беті ашылмай жатқан мәселе барын анық көрсетті. Иә, қоғам пікірін қақ жарған бұл жағдай тек оқиға болған ауылдардың тұрғындарына ғана емес, жалпы ел азаматтарына ауыр соққы болды. Адам шығыны болды, балалар әкесіз, бауырлар аға-інісіз қалды. Бірнеше отбасы отағасынан айырылды. Жалпы алғанда, екі мыңнан астам адам қатысқан жаппай тәртіпсіздік нәтижесінде 11 адам қаза тауып, оның 10-ы адам қолынан, бір адам жанып жатқан сауда орталығының қирауы салдарынан қайтыс болды. 140 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды. 164 тұрғын үй және сауда нысаны, 100-ден астам автокөлік зақымданды. Айтып-айтпай не керек, ақпандағы бұл аласапыран аяғы тынышталған соң, ел билігі бұл бассыздыққа жауаптыларды іздеуге кірісті. Ресми мәлімет бойынша, 342 адам зардап шеккен деп танылды. Іс бойынша 400-ден астам түрлі сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп, 1,5 мыңнан астам адамнан сұрақ-жауап алынды. Кінәлілер тек біржақты қарастырылмай, қарсылас қос тарап өкілдері де тергелді. Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров айтқандай, қазіргі таңда күдіктілер анықталып, қылмыстық жауапқа түрлі ұлт өкілінен 59 адам, оның ішінде қазақтар мен дүнгендер тартылған. Кісі өлтіру, жаппай тәртіпсіздікке қатысу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қол сұғу, ұрлық, тонау, қарақшылық, қару ұрлау және мүлікті жою дерегі бойынша 29 қылмыстық іс тергеліп жатыр екен. Жалпы, ғұлама Абай адам баласын азғындыққа жетелейтін «жұмысы жоқтық пен қарыны тоқтық» екенін ғасырдан аса уақыт бұрын айтып кеткен-ді. Бұл жағдайда да «аттандап» ағылған нөпірдің негізгі бөлігі осы –жұмыссыз тұлғалар, олардың ішінде бұрын кісі өлтірген, қарақшылық, бұзақылық, тонау және зорлау үшін сотты болған адамдар екені шешімі табылуы керек тағы бір мәселенің бетін ашты. Ризабек Ожаров өз сөзінде күдіктілердің қатысы бары куәлардың айғақтары, елді мекендерде орналасқан бейнекамера жазбалары, сондай-ақ куәгерлердің ұялы телефонға түсірген видеолары арқылы расталатынын жеткізді. Сондай-ақ әрбір анықталған қатысушының іс-әрекетіне баға жиналған барлық дәлелдемеге мұқият талдау жүргізілгеннен кейін ғана анық-қанығы айтылатынын да атап өтті. Билік өкілі айтты, демек нақты кінәсі барлар лайықты жазасын алады. Әрине, солай болады деп сенеміз. Тағы бір тоқтала кететін жайт, қазір Қордай ауданын қалпына келтіру және дамыту шаралары туралы толыққанды қолға алынған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қадағалауымен әрбір қалпына келтіру нысаны анықталып, заңға сәйкестігін тексеріп, олардың құрылыс барысын зерделеп, уақытылы аяқтауды қадағалау үшін облыста тиісті жұмыс тобы құрылған. Бұл комиссияға белсенді азаматтар, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері кіріп отыр. Бүгінде ауданда бұзылған 65 нысанның 54-інде, оның ішінде 45 тұрғын үй, 13 коммерциялық нысанда 30 сәуірден бастап қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Онда тиісті мердігерлер жұмыс атқарып жатыр. 5 адамнан құрылған «Шивон» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды. Демеушілер есебінен осы қорға бүгінде 104 млн теңге қаражат аударылды. Қазіргі таңда 6 нысанда жұмыс толық аяқталды. Қалғанын тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, орташа зардап шеккен, күрделі жөндеуді қажет етпейтін 103 нысан да демеушілер көмегімен қалпына келтірілмек. Сонымен қатар ауданда «Бейбітшілік пен келісім» жобасы қолға алынып, жұмыс істеуде. Жуырда осы жоба аясында ауданда жаңа оқу жылында ашылатын 1-сыныптардың барлығы қазақ тілінде білім беретін болып шешілді. Бұл да болса оң бағытқа жасалған қадам деп білеміз. Шүкір, бүгінде қолымыз аузымызға жетіп, аяғымызды нық басып келеміз. Бұл ретте, бізге ұлт ретінде сақталу үшін бірлігімізді жоғалтпау аса маңызды. Сондықтан «біз» бен «олар» болып бөлінуге жол жоқ.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы