Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия халық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, елімізде шектеу шараларын төмендету бойынша қосымша шешімдер қабылдады. Cоған сай 1 маусымнан бастап Қазақстанда карантинді жеңілдетудің жаңа кезеңі басталды. Бірқатар орталықтардың жұмысы жанданады. Олардың арасында фитнес орталықтары мен спорт кешендері де бар. Бұл қызмет түрлерінің ашылуы адамдар үшін қаншалықты қауіпсіз?
Қоғамдық тамақтану және жазғы алаңдары бар таза ауада қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақытын сағат 11.00 мен 23.00 аралығында белгілесе, фитнес клубтар, жаттығу залдары және бассейндер сағат 10.00 мен 22.00 аралығында халыққа қызмет көрсетеді. Белгіленген уақыт бойынша қосымша білім беру орталықтары, SPA орталықтары, ашық жағажай, компьютерлік және интернет клубтар, бильярд клубтары, букмекерлік кеңселер, лотереялық кеңселер де ашылады. Қоғамдық демалыс парктері сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін ашық болса, мәдениет, өнер және архив нысандарының, спорт нысандарының жұмысы ақырындап көрерменсіз толық іске қосылады.
Өзге орталықтар секілді барлық фитнес орталықтары мен тренажер залдарында санитарлық нормаларды ұстана отырып, жаттығуға рұқсат берілді. Соған сай жаттығу залдарына келушілердің саны да жақын күндері артпақ. Жаттығу залдарына бетпердесіз кіруге болмайды. Спортпен шұғылданамын дегендер әдеттегіше алдын ала жазылады.
Жұмысты бастар алдында, ұйымдар өз аймақтарының бас мемлекеттік санитар дәрігері қаулысының ережелерімен танысуы және нысандарды барлық қажетті талаптарға сәйкес дайындауы тиіс. Оларға күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді, арақашықтықты сақтау және т.б. талаптарды орындау тапсырылды. Ары қарай аталған нысандардың карантиндік шараларды орындау барысын мониторинг тобы рейдтік тексерулер жүргізу кезінде қадағалайтын болады. Ал дәрігерлер карантин шаралары жеңілдесе де, жұртты арақашықтықты сақтап, маска киіп, қолды жиі жуып жүруге шақыруда.
Қуаныш САЛКАНОВ,фитнес орталығының жаттықтырушысы
– Қазақстандағы барлық фитнес орталықтарына жұмысын қайтадан жалғастыруға рұқсат берілгені жөніндегі жағымды жаңалықты естіп қуанып жатырмыз. Біраз уақыт үйде жаттығуға тура келді. Ендігі кезекте барлық санитарлық талаптарды сақтап, жаттығуға кірісеміз. Карантиннен кейін еліміздегі фитнес залдардың көпшілігі төлем бағасын жеңілдетіп, залға келушілерге барынша қолайлы жағдай жасауда. Жұмыс кестесінде де аздаған өзгеріс бар. Ол өзгерістер елдегі төтенше жағдайға байланысты енгізілді. Індет толыққанды ауыздықталып, халық қалыпты өмірге қайта оралғанда біз де жұмысымызды бұрынғыша жалғастыратын боламыз. Үйден шықпаған кейбір азаматтар артық салмақ қосып алғаннан соң, бірден жаттығу залдарына келуде. Дене бітімді қалыпқа келтіру, әрқашан формада жүру жақсы ғой. Осыған орай біз де тұрғындарды спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын ұстануға шақырамыз.
Ерсаин МАДИЕВ,Men фитнес-клубының директоры:
– Өзге орталықтар секілді біздің фитнес орталығымыз да санитарлық талаптарды нормаға сай орындауға дайын. Бастысы, бетперде кию керек. Спорт залға келіп-кетушілерге осыны ескертеміз. Сондай-ақ кеңсеміз міндетті түрде дезинфекцияланып отырады. Яғни, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық тәртіппен жұмыс істейміз. Қалыпты өмірге қайта оралуымыз әрқайсымызға байланысты екенін есте ұстағанымыз абзал.
Батырбек АЙТЖАНОВ,ғылым докторы, профессор, вирусолог:
– Финтес және SPA орталықтарының ашылуы орынды. Бірақ барлық қорғаныс шараларын, жеке қорғаныс гигиеналарын қатаң түрде сақтау керек. Адамдардың бір жерге көп жиналмауын, арақашықтықты сақтауды да назарда ұстап отырса, қауіптенудің еш реті жоқ. Қайта мұндай орталықтар, жаттығу залдары организмді ауруларға қарсы күресуге көмектеседі. Иммунитетті жақсартады. Бір сөзбен айтқанда, шынығудың пайдасы зор. Деніміз сау болсын десек, спортпен шұғылданғанымыз жөн.