Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Камалжан Надыров Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Камалжан Надыров осы уақытқа дейін Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарды.
Ол 1983 жылы 27 ақпанда дүниеге келген.
Екі жоғары білімі бар: С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін емдеу ісі мамандығы бойынша, Тұран университетін – экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі.
Сондай-ақ Назарбаев университетінің Жоғары бизнес мектебін (Execuitive MBA) бітірген, The Fuqua School of Business Duke University-де (АҚШ), Parkway College (Сингапур) оқу орындарында білім алған.
Еңбек жолын 2007 жылы интерн-дәрігер, клиникалық ординатор, бөлім меңгерушісі, Б.О. Жарбосынов атындағы «Урология ғылыми орталығы» бас директорының орынбасары болып бастады.
2014 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
2015-2017 жылдары «Республикалық диагностикалық орталық» («University Medical Center») директоры болды.
2017-2019 жылдары Астана қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болды.
2019 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесіндегі күрделі жағдайға байланысты, аталған лауазымға тәжірибелі қызметкерлерді – денсаулық сақтау вице-министрі болған Камалжан Надыровты Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы лауазымына және Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері лауазымына Жандарбек Бекшинді жіберу туралы шешім қабылданғанын хабарлаған болатын.
Біз бұған дейін Камалжан Надыровтың коронавирусқа шалдыққаны жайлы жазған болатынбыз.