Төрелік болсын өрелі
Төрелік болсын өрелі
325
оқылды

Бұған дейін сот төрелігіне көңіліміз толмайды, дұрыс шешім шығарылмады, сот жүйесі жетілмеген деген пікір қалыптасып келді. Осыны басты бағдар етіп алған Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов 2019 жылды – сот төрелігінің сапасы жылы ретінде жариялаған болатын.

Әрине, уақыт бір орында тұр­майды, еліміздегі сот жүйесі жоба­лық басқарудың талаптарын бас­шылыққа ала отырып, үздіксіз даму үстінде. Қоғам талабының жылдан жылға өсуі және эконо­микалық қатынастардың өзгеруі сот жүйесіне де әсерін тигізіп, жаңа заманның талаптары сот жүйесін сынға алуда. Халықтың сеніміне ену үшін сот жүйесінде көптеген шара ұйымдас­тырылып жатыр. 2019 жылды – сот төрелігінің са­пасы жылы ре­тінде жариялау соның мысалы. Мұнда Сот саласының соттарда айып­таушылық көз­қарасты төмен­дету, кассацияға қолжетімділікті ұлғайту, сот рәсімдерін оңайлату, татуласу институтын жетілдіру, әкімшілік соттарда құқықтарды қорғауды күшейту, сот актілерінің сапасын арттыру, соттардағы жемқорлықтың алдын алу басым бағыттар болып отыр. Соның бір айғағы Е-СОТ түйіні де электрон­дық сот төрелігін одан ары дамы­туды көздейді.

Қоғамда сот актісіне қатысты сан алуан пікір бар, азаматтар сот за­лынан сот актісін түсінбей шығатын жағдайлар кездесіп тұрады, осыдан келе шағымдардың 90 процентке жуығы нақты судьяның әрекетіне немесе әрекетсіздігіне емес сот актісіне берілетіні анықталып отыр. Жоғарғы сот жүргізген тал­дауға сәйкес, кейбір сот актілері қа­рапайым адам тұрмақ судьялар­дың өзі түсінбейтін актілер де кез­десіп жатады. Осыдан келе 2018 жылдың наурыз айында жалпы отырыста Жоғарғы сот «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулы қабыл­данып, 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап қолданыла бастаған болатын. Үкімді әзірлеу бойынша жаңа тәсілдер енгізіліп, құрылымы мен логикасы жетілдірілді.

Дегенмен халық сотқа деген се­німсіздіктен біраз уақытқа дейін арыла алмайтын сияқты. Педофи­лия қылмысына көшсек, статис­тикалық мәліметтерге сәйкес, соң­ғы 2013-2017 жылдары кәме­лет­ке толмағандарға қарсы 964 зорлау фактісі тіркелген. 2013 жылы кә­мелет жасына толмаған 258 адамға қарсы зорлау дерегі тіркелсе, 2014 жылы бұл сан екі есеге қыс­қар­ған – 169. Ал 2015 жылы 254 бала зорлық көрсе, 2016 және 2017 жылдары 123 және 131 бала зәбір көруші ретінде тіркелген. Алайда бұл деректер бойынша қанша қылмыстық істің сотқа жеткені және сот үкімінен кейін қан­ша адамның шағым түсіру арқылы жазасын жеңілдеткен-жеңілдетпегені белгісіз. Бүгінгі таңда да бұл қылмыспен айыпталу­шылар аз емес. Халық соттың ашық болуын, қылмыскерді бөле жармай лайықты жазасын алуын талап етуде. Адам өлтіру, отанын сату, сыбайлас жемқорлықтың түрлері: пара алу, пара беру сынды қылмыс түрлерінде жаза қатаң болу керегі айтылып жүр.

Қоғамды алаңдатқан, мемлекетті кейін тартып отырған тағы да бір қылмыс түрі – қазына қаржысына қол салу. Кеше ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Республи­калық фитосанитарлық диагнос­тика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ аудандық фи­лиа­лы басшысының пара алу фактісін анықтады. Ол «2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әлеу­меттік қызметкер ретінде жұмысқа жалпы қамқор­лығы мен салғыртты­ғы үшін «А» азаматынан пара алды деп күдікке ілінді. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдік­тіге процессуал­дық ұстау қолданыл­ған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр. Алда сот. Міне, бұл бірінші жағдай емес. Өйткені мұндай қылмыстың көбіне толық аяқталмай жабылып қалуы немесе мың теңге алған сот­талып, мил­лион­­­ды жұтқан құтылып кеткен жағдай­лардың болуы соттың атына кір келтіріп отырғаны шын­дық.

Сонымен бірге, «Татуласу сотқа дейін және сотта» түйіні бойынша біршама шаралар да атқарылғанын атап өтуге болады. Әлемдегі дамы­ған елдерде істердің 25 про­центі татуласу арқылы шешіледі. Бұл институт жеті түйіннің ең тиім­ділерінің бірі. Қазіргі таңда кә­сіподақтар федерациясымен, медиаторлармен, әкімдіктермен бірлесіп, әкімдіктердің жанынан татуласу кабинеттері ашылуда, медиаторлардың кабинеттері бар­лық сот және полиция басқарма­ларында да ашылған. Мұндағы мақсат, азаматтардың мүмкіндігін­ше сотқа дейін немесе сотта тату­ласуына жағдай жасау.

Міне, осы институтты жетілдіре түсу де заман талабы. Бір ғана Нұр-Сұлтан қалалық Есіл аудандық сотта орналасқан Astana-zangerlik jane mediatsiia ortalygy қоғамдық бірлестігі 2018 жылы сотқа дейін 96 қылмыстық істі медиация тәрті­бі­мен қысқарту жөнінде келісім­шарт жасаған, ал 2019 жылғы 4 айда сотқа дейін 35 қылмыстық іс ме­диация тәртібімен қысқартылған.

Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұра­тыны сияқты, сотта жазалау мен ақ­таудан құралады. Жазықсызды жы­латпайтын, құтылып кеткісі ке­ліп басқа адамға жала жабушыны анық­тап, төрелік айтушы – сот. Оның айт­­қаны орындалатыны сөзсіз. Өйт­кені сот – заңды орындаушы. Әділ­­дікті ту етіп ұстау – азаматтық парызы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне ресми кірісу рәсімінде сот жүйесіне басты назар аударды. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалауды тілге тиек етті. «Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді ба­ғалау және іріктеу жүйесін қатаң­дату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу», – деді ол.


Әдебиет Белгібайұлы