Бас қаланың басты ахуалы
Қаладағы жұрттың баспанаға жете алмай жүргені көп еді. Енді пәтері бар адамның да уайымы көбейді. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 800-ден астам апатты жағдайдағы үй бар екен. Оның кейбірі 90 жыл бұрын салынған үйлер, тозғаны түсінікті. Ең өкініштісі, апатты үйлердің арасында 2000 жылдан бері салынғандары бар. – Егер 800-ден астам отбасы апатты үйден жаңа үйлерге көшетін болса, биыл кезекте тұрғандар үшін 8 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынады. Жаңа үйлердің плиткалары құлап, іргетасы жерге кіріп бара жатыр. Олардың қатарында «Инфинити», «Территория комфорта-2», «Орбита», «7 бочек» тұрғын үй кешендері бар. Мемлекет күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөледі. Содан кейін бұл қаражатты тұрғындар 15 жылға дейінгі мерзімде бөліп төлейді, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов. 1 шаршы метрі 390 мың теңгеге бағаланған үйлердің жағдайы осындай. Енді мына мәселені қараңыз. Тұрғындардың көбі пәтерін 21 жылға дейін төлеп отыруға ипотекаға алыпты. Сонда олар ипотекадан бөлек, жөндеу жұмыстары үшін 15 жылға дейін несие төлеп отыруға мәжбүр бола ма? Бұл тұрғындардың наразылығын тудырмай қоймасы анық. Әуелде елорданың құрылысы басталар кезде марқұм геолог ғалым Молдияр Серікбаев «Есілдің сол жағалауының топырағы сазды. Мәңгілік ел көшесінен Қарағандыға қарай үй тұрғызған дұрыс, әйтпесе үйдің іргетасы жерге кіреді» деп айтқан болатын. Қош, қаланың әсемдігі үшін осылай салу керек болды делік. Бірақ айтылған мән-жай алдын ала ескерусіз қалыпты. Енді келіп тұрғындардың қалтасын қаққаннан не пайда? Ол ақшаны құрылысты жүргізген компанияларға жүктесе болмас па? Іргетасы жерге сүңгіп бара жатқан көпқабатты үйлер соңғы 15 жылдықта салынды. Сол тұрғын үйлер салынған тұста қаланың бас архитекторы Қайрат Тоқтарұлы болған болатын. Ол кісіге аталған баспаналардың мәселесін айтып хабарласқан едік. – Иә, ол көпқабатты үйлер мен бас архитектор болған кезде салынды. Бірақ еш пікір айта алмаймын. Өзіме өзім қарсы сөйлемеймін ғой, – деп жауап берді. Елордада атақты «Территория комфорта» тұрғын үй кешені 16 жылдан бері салынып бітпеді. 2004 жылы ел-жұрт бұл үйден пәтер алу үшін ақша салған. Техникалық талаптарға мүлде сай келмеген соң былтыр 6 блоктан тұратын үлкен кешен бұзылды. Енді сол үйлер қайта тұрғызылып жатыр. Қанша адам өз үйіне қол жеткізе алмай ана өмірге аттанып кеткен екен. Осылайша, бір қалада салынып болған баспана да жырға айналып отыр.Сапа ескерілмей ме?
Еліміздің әр өңірінде сапасыз салынған көпқабатты үйлер жетерлік. 40-50 жыл өтіп, тозығы жеткен үйлер болса, түсінуге болар еді. Бірақ басым бөлігі соңғы жылдары ғана тұрғызылған. Жуырда Шымкент қаласында 2017 жылы салынған көпқабатты үйлердің сырты опырылып түсіп жатқаны айтылды. Одан бөлек, жаңбыр жауса, пәтердің төбесінен шелектеп су кетеді екен. Мұндай жағдайда дау үйреншікті сценарий бойынша өрбиді. Тұрғындар әкімдікті, ал әкімдік құрылыс компанияларын кінәлап тынады. Мұның бәрі бюджетке түскен салмақ екенінде күмән жоқ. Сонда сапасыз үйлердің көбеюіне не себеп? Сәулетші мамандар түйткілді неден көреді? – Мұның 3 себебі болуы мүмкін. Құрылыстың асығыс жүргізілуі, сапасыз құрылыс материалын пайдалану және тұрғын үйдің эскиздік жобасының дұрыс болмауы. Ең алдымен, көпқабатты үйдің жобасы әзірленгенде ішінде қателік кетпегенін анықтау керек. Жоба дұрыс болмаса, ол үй оңбайды. Міндетті түрде мін табылады. Ол үшін үйді тұрғызар алдында жобаға сараптама жасау керек. Ал біз сараптаманы үйдің кемшілігі шығып, тұрғындар шу шығарғанда ғана жасаймыз. Сондықтан барлық көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттарына сараптама жүргізілмейінше, қателік мына тұстан деп пікір айту қиын, – дейді архитектор Шоқан Матайбеков. Түйін:eGov.kz порталы Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар қатарына қала құрылысын жүргізетін білікті құрылысшыларды қосыпты. Қала өркендеп келе жатыр дейміз. 2019 жылы елде құрылыс жұмыстары 14 пайызға артып, құрылыс компаниялары соңғы 10 жылда 983,4 млрд теңге рекордтық пайда тауыпты. Ал сапасыз үйлерге жұмсалып жатқан қаржыны кім даулайды?
Мадияр ТӨЛЕУ