Ереже күшін жойды
Енді Қазақстанда 2021 жылдан бастап көктемгі аңшылыққа рұқсат етілді. 2017 жылы елде енгізілген көктемгі аң аулауға тыйым салу туралы ереже күшін жойды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет: – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев көктем уақытында құс атуға рұрсат беру туралы жарлыққа қол қойды. Өйткені бұдан үш жыл бұрын жасалған тыйымның уақыты өтті. Аңшыларға келесі жылдың көктем айында мылтықтарын сайлап шығуына болады, – деді. Бұл жарлық табиғатқа зиян тигізеді деген бірқатар белсенді топтың ашу ызасын туғызса керек. Олар рұқсат беру қанаттыларды қырып салуға негіз болады дейді. Мысалы, Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко: – Көктемде аң аулауға қарсымын, себебі осы уақытта құстар ұя сала бастайды, аңшылық олардың көбеюіне кедергі келтіреді. Мысалы, Еуроодақтың 28 елінде көктемде аң аулауға тыйым салынған. АҚШ пен Канадада жүз жылдан астам уақыттан бері көктемде ешкім аңға шықпайды. Көршілес Ресейде аңшылыққа шектеу 10 жылға енгізілгендіктен, құстардың популяциясы 5 миллионға артқан, – деп қарсылығын айтты.Тыйымның тиімі
Үш жылдық тыйымның тиімді тұсы бар екеніне анық көз жеткізуге болады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында жабайы аң мен құстың саны азайып, табиғат жанашырлары біраз шулап басылған болатын. Жақында Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы үш жылғы тыйымнан қоршаған ортаға қандай пайда тигізгенін білу үшін әуеден санақ жүргізген болатын. Мәлімет бойынша, соңғы 3 жылда өңірде аң мен құстың популяциясы көбейген екен. 2014 жылмен салыстырғанда, қоңыр аю 4,1 пайызға, елік, бұлан, марал тәрізді тұяқтылар 5,9 пайызға, қаз, үйрек, ұлар, кекілік 17,2 пайызға, құндыз бен суыр 5,4 пайызға артқан. Басқа аңдардың да жалпы өсімі 5 пайыздан асып кеткен.Рұқсат деген қырып салу емес
Келесі көктемнен бастап құстарды ата беруімізге болады деп басымыздағы малақайды аспанға атуға болмас, өйткені бір құсты шүріппе басып жайратуға да арнайы рұқсат қағазы керек. Олай болмаса, аңшылық жасау – браконьерлікке жатады. – Көктемгі уақытта құс атуға рұқсат беру дегеніміз – онды-солды мылтық атып, қанаттыларды қырып салу емес. Ауыл айналасында саят құрудың өзіне аңшы куәлігі, салық заңнамасында бекітілген мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына берген iшкi iстер органдарының рұқсаты, сонымен бірге жыртқыш құстарды атуға да құжат болуы тиіс, – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет. Түйін:Әрине, көздің жауын алып, көл үстінде қалқып жүрген аққу, қаз бен үйрек, қоқиқаз, дала көркі болған дуадақ, құр сияқты құстардың жойылып кетпеуі – өз қолымызда. Олай болса, тыйымның да тиімді тұсын білгеніміз абзал.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ