Келесі көктемде құс атасыз!

Келесі көктемде құс атасыз!

Енді 2021 жылдан бастап көктемде құс атуға рұқсат қайта беріледі. Негізінде, елімізде 2017 жылдан бастап қыс кеткенде құс атуға тыйым салынған болатын. Оған басты себеп: арнайы лимитпен ату мен браконьерлердің қыруынан қанаттылар саны 2 млн-ға кеміп кеткен еді. Бұл дау бірнеше жыл бұрын басталды. Табиғат қорғаушылары көктемгі құс ату кесірінен елі­міздегі құстар саны күрт төмен­деп кетті деп дабыл қақты. Осы түрткі болып, 2017 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ор­ман шаруашылығы және жа­нуарлар әлемі комитеті төрағасы Марлен Айнабеков көктемгі ке­зеңде құс атуға тыйым салы­на­тыны туралы айтты. – Зоология институты мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы көктемгі аң аулауда тыйым салу бойынша биологиялық негіздеме жасады. Осыған байланысты көктемде 16 ақпаннан бастап 14 маусымға дейін жабайы құстарды атуға тыйым салынатын болатын. Себебі 2012 жылдан бастап елі­мізде құстың саны 2 млн-ға азайып кеткен. Ал күз және қыс кезінде құс атуға тыйым салын­байды. Көктемгі аң аулауға ты­йым салу жабайы құстар саны­ның өсімін сақтап қалуға мүм­кіндік береді, – деді ол. Сол уақытта бұл тыйымға қарсы шыққандар да болды. «Қансонар» аңшылық шаруа­шылық субъектілері және аң­шы­лар қоғамдық бірлестігі рес­пуб­ликалық ассоциациясы: «Біз бұл шешімді Қазақстанда биотүр­лілікті сақтай отырып аңшылық шаруашылықты жүргізуден бейхабар шенеуніктер шығарған бұйрық деп есептейміз. Бәлкім, бірлі-жарым аңшылар шаруа­шылықтарында жабайы құстар­ды атуға рұқсат бар шығар, алай­да оны бүкіл республикамен салыстыруға болмайды. Ондай фактілерді анықтап, кінәлілерді жазалау керек. Ассоциация 20 жылдан аса уақыт әлемнің көп­теген елінен келетін аңшылар үшін аңшылықты ұйымдастыру және алдын ала олар үшін құжат ресімдеуді ұйымдастыру бойын­ша жұмыс істеп келді. Ал енді оның бәріне тыйым салу керек. Сондықтан да бұл шешім ту­ризм­ді дамыту туралы Үкімет қаулысына қайшы келеді» деген үндеу де жасады.  

Ереже күшін жойды

Енді Қазақстанда 2021 жыл­дан бастап көктемгі аңшылыққа рұқсат етілді. 2017 жылы елде енгі­зілген көктемгі аң аулауға тыйым салу туралы ереже күшін жойды. Бұл туралы Орман ша­руа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет: – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев көктем уақы­тында құс атуға рұрсат беру ту­ралы жарлыққа қол қойды. Өйткені бұдан үш жыл бұрын жасалған тыйымның уақыты өтті. Аңшыларға келесі жылдың көктем айында мылтықтарын сайлап шығуына болады, – деді. Бұл жарлық табиғатқа зиян тигізеді деген бірқатар белсенді топтың ашу ызасын туғызса ке­рек. Олар рұқсат беру қанат­ты­ларды қырып салуға негіз болады дейді. Мысалы, Биоалуантүр­лілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко: – Көктемде аң аулауға қарсымын, себебі осы уақытта құстар ұя сала бастайды, аңшы­лық олардың көбеюіне кедергі келтіреді. Мысалы, Еуроодақтың 28 елінде көктемде аң аулауға тыйым салынған. АҚШ пен Ка­надада жүз жылдан астам уақыт­тан бері көктемде ешкім аңға шықпайды. Көршілес Ресейде аңшылыққа шектеу 10 жылға енгізілгендіктен, құстардың популяциясы 5 миллионға арт­қан, – деп қарсылығын айтты.  

Тыйымның тиімі

Үш жылдық тыйымның тиім­ді тұсы бар екеніне анық көз жеткізуге болады. Мысалы, Шы­ғыс Қазақстан облысында жа­байы аң мен құстың саны аза­йып, табиғат жанашырлары біраз шулап басылған болатын. Жақында Облыстық табиғи ре­сурстар және табиғат пайдала­ну­ды реттеу басқармасы үш жылғы тыйымнан қоршаған ортаға қан­дай пайда тигізгенін білу үшін әуеден санақ жүргізген бо­латын. Мәлімет бойынша, соңғы 3 жылда өңірде аң мен құстың популяциясы көбейген екен. 2014 жылмен салыстырғанда, қоңыр аю 4,1 пайызға, елік, бұ­лан, марал тәрізді тұяқтылар 5,9 пайызға, қаз, үйрек, ұлар, кекілік 17,2 пайызға, құндыз бен суыр 5,4 пайызға артқан. Басқа аңдар­дың да жалпы өсімі 5 пайыздан асып кеткен.  

Рұқсат деген қырып салу емес

Келесі көктемнен бастап құс­тарды ата беруімізге болады деп басымыздағы малақайды аспанға атуға болмас, өйткені бір құсты шүріппе басып жайрату­ға да арнайы рұқсат қағазы керек. Олай болмаса, аңшылық жасау – браконьерлікке жатады. – Көктемгі уақытта құс атуға рұқсат беру дегеніміз – онды-солды мылтық атып, қанатты­ларды қырып салу емес. Ауыл айналасында саят құрудың өзіне аңшы куәлігі, салық заңна­масында бекітілген мемлекеттік баж салығының төленгені ту­ралы түбіртек, жануарлар дү­ние­сін пайдалануға рұқсат, аңшы­лық шаруашылығы субъек­тісінің жолдамасы, аңшылық атыс қа­руын сақтау және алып жүру құқығына берген iшкi iстер ор­гандарының рұқсаты, сонымен бірге жыртқыш құстарды атуға да құжат болуы тиіс, – дейді Ор­ман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Діл­дахмет.   Түйін:

Әрине, көздің жауын алып, көл үстінде қалқып жүрген аққу, қаз бен үйрек, қоқиқаз, дала көркі болған дуадақ, құр сияқты құс­тар­дың жойылып кетпеуі – өз қо­лымызда. Олай болса, тыйым­ның да тиімді тұсын білгеніміз абзал.

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ