PISA мәліметі бойынша, еліміздегі қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылық – 1,5 жыл. Мұны Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында мәлімдеді. Оған қоса, ауылда бір мұғалімнің 3-4 пәннен сабақ беретінін атап өтті. Неліктен елді мекендегі ахуал мұндай жағдайға жетті? Шынымен, бірнеше пәннен сабақ беретін ұстаздар бар ма?
Мәселен, ауылда ағылшын тілінен сабақ берген мұғалімнің негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін кейін білдік. Алғашында химиядан лаборант болып жұмысқа тұрған ұстаздың келесі жылы физикадан дәріс оқығанын көзіміз көрді. Білікті ұстаз Гүлнәр Жарасқызының айтуынша, оған орыс тілі мұғалімі географиядан сабақ берген. «Сондықтан болар, география пәні маған қызықсыз әрі ең қиын сабақ еді. Сөйтсем, керісінше өте қызық сабақ екен. Бәрін беріде түсіндік. Ауылда маман жеткіліксіз. Әлі де осындай мысал қоғамда болуы мүмкін», – дейді ол.
Иә, ұстаз топшылағандай, мұндай проблема ауылды жерлерде әлі де бар. Өйткені маман тапшы. Ал мектепте тиісті пән оқытылуы керек. Сондықтан білім беру ұйымы осындай әрекетке баратын болар. Сағындық Тілеуқызы (аты-жөні өзгертілді – авт) өзі сабақ беретін мектепте мұндай факт бар екенін растады. «Мектептегі информатик мұғалім орыс тілі пәнінен 3 жыл сабақ берді. Қазір өзін-өзі тану пәнінен сабақ береді», – дейді ол. Бұл бір ғана Қызылқоға ауданындағы жайт. Елімізде 6,6 мыңға жуық ауыл бар екенін ескерсек, біз білмейтін бұдан да басқа мәлімет бар болар.
Ал ауылда мұндай проблема неден туындайды? Президент сөзінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қабылдағанымызбен, жастар ауылға бармайтынын ашып айтты. Неліктен оқу орнын бітірген жастар ауылға барудан қашады? Бұл сұраққа Astana Garden School жеке мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев жауап берді.
«Сұрақты «неге бармайды?» емес, «неге барғысы келмейді?» деп қою қажет. Біз студент өз еркімен ауылға барып, қызмет істеу үшін не істеуіміз керек? Біріншіден, оның қалауы ақша табу, шалқып өмір сүру болса, карьерасын соған қарай туралайды. Ішкі дүниесі ауылды көтеруді қалайтын топ бар. Ал келесі біреуге жағдай жасасаң да, ауылға барудан бас тартады. Бірі ыңғайына келсе, ауылға баруға келіседі. Осылардың арасында тағы бір адам бар. Жағдай жасамасаң да баратын адам. Міне, еліміздегі проблема – осы. Бізде жағдай жасамасаң да баратын адам аз», – деді ол «Ашық алаң» бағдарламасында.
Жас маманның ауылға бармауына бірнеше себеп бары әмбеге аян. Ауылда интернет желісі әлсіз, қаладағыдай жағдай жоқ. Мектептердің компьютермен жабдықталу деңгейі де төмен. Сондықтан педагогика саласында дипломы бар маман білім беруден гөрі қалада басқа жұмыспен шұғылданғанды жөн көреді. Оқу орнына тапсырарда жастардың «қулық» жасайтынын Төлеутай Рақымбеков мойындап отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі тікелей айналысқанын алға тартты.
Қоғам университетті бітірген түлектің ауылға бармауын оқу орнынан көру жөн емес екенін атап өтті. «Не үшін жастардың ауылға барғысы келмейді? Мұның 3 себебі бар. Мұны ауыл шаруашылығы институтымен байланыстыра айтайық. Мәселен, талапкер қаланың баласы. Оған грант керек. Сонымен, төмен балмен аталған факультетке тапсырады да, 4 жыл білім алады. Бірақ оқу орнын бітірген соң ауылға бармайды. Ары қарай магистратураны заңгер немесе қаржыгер мамандығына оқиды да, қалада қалады. Екіншіден, ауылдағы жалақы мөлшері аз. Үшіншіден, қазіргі ауылдың жағдайы төмен. Қалада қолын жылы суға салып отырған бала ауылға бара ма?» – дейді Төлеутай Рақымбеков.
Осы турасында биыл педагогика мамандығына түсу балы 70-ке көтерілді. Яғни, грантта оқығыңыз келсе, ҰБТ-да орыс тілінсіз 70 балдан асыра ұпай жинауыңыз керек. Өйткені меже көтерілген сайын бәсекелестік те көп болады. Оның үстіне, Мемлекет басшысы педагогикада оқитындардың шәкіртақысын 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Демек, биыл талапкер мұғалім мамандығын аз балл алғаны үшін емес, болашағы жарқын болғанынан таңдайды деген сөз. Алайда бұл студенттің 47 жылдан кейін ауылға барып, бала оқытатынына кепілдік бермейді.
Иә, мәселенің түйіні әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Ауылдағы жөндеуден өтпеген жол мен мектеп, сыныптағы 30-дан астам оқушы, тұрмыс жағдайы жас маманды қалада қал деп үгіттейді. Бірақ ауыл мектебіндегі оқушының жайы не болмақ? Олар физика пәні мұғалімінің математикадан, информатиктің орыс тілінен сабақ түсіндіргеніне зәру. Кей елді мекенде зейнет жасына толған ұстаз әлі күнге сабақ береді.
Осыған орай, Президент: «Барлық бала әлеуметтік жағдайы мен мекенжайына қарамастан, сапалы білімге қол жеткізуі керек. Бірқатар елде осы сынды тенденция бар. Бұл жерде жағдайға шынайы қарап, шара қабылдауды жалғастыру керек. Ол үшін ауылда аз қамтылған мектептерді білікті мамандармен қамту қажет», – деді.
Бақыласаңыз, ауыл баласына сапалы білім алуға кедергі көп. Мұны қашықтан оқыту барысында да байқаған боларсыз. Есіңізде болса, 15-60 оқушысы бар елді мекенде тұратын балалар пошта арқылы тапсырма орындады. «Интернеті бар» деп түстегенімен, іс жүзінде іске жараған жоқ. Олар да жүрдім-бардым оқыды.
Қазір елімізде педагог мамандардың жетіспейтінін Президент те бірнеше мәрте айтты. Білікті мұғалімнің алды зейнет жасына толды. Ал оның орнын басар білімді педагогты табу қиын. Бұл процесс үй салуға ұқсайды. Зәулім әрі әдемі үй тұрғызу үшін фундаменті берік болу керек. Фундамент дегеніміз – орта білім беру. Қабырғасы құламауы үшін колледжде педагог дайындау ісіне жауапкершілікпен қараған жөн. Талапкер университетке мұғалім болуды шын қалап түсіп, талмай оқыса, шатырдан су өтпейді. Сонда ол білімді шәкірт тәрбиелеуге қауқары бар маман атанады. Мұның бәрі іске асуы үшін Президент айтқандай, білім берудегі реформаларды қайта қарап, қаржы мәселесін шешкен абзал.