Алматыда 19 наурыздан бастап қала шекараларына қойылған 27 блок-бекет толықтай алынды. Екі жарым ай бойы тарс жабылған қала қақпасы айқара ашылды. Тек экологиялық бекеттер бұрынғысынша өз жұмыстарын атқарып тұр. Карантин енгізілген уақыттан бастап бекеттерде күні-түні қызмет атқарған 700-ге жуық тәртіп сақшысы мен медицина қызметкерлері марапатталып, алғыс арқалап үйлеріне қайтты.
Блок-бекеттердегі жұмыстың өте қарбалас болғаны күнделікті байқалды. Мұнда жұмысқа жұмылдырылған мамандар екі ауысымда тынымсыз жұмыс істеді. Олар физикалық және моральдық ауыртпалықтарға қарамастан өз міндеттерін абыроймен атқарып, коронавирус инфекциясымен күресуде маңызды үлес қосқандары үшін 1 айлық көлемінде ақшалай сыйға ие болды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, карантин кезінде қалада болған құқықбұзушылықтың үштен бірі блок-бекеттерде анықталған.
«Блок-бекеттердегі жұмыс күні-түні тоқтатылған жоқ. 19 наурызда түнгі 00.00-ден бастап өз жұмыстарын бастады. Алғашында, әрине, көп қиындықтар болды. Өйткені кейбір азаматтар карантиннің маңызы мен мақсатын түсінбей, қаланың шекарасынан өтпек болған. Жалпы, карантин кезінде 2 293 азамат ТЖ және карантиннің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен 607-сі әкімшілік қамауға алынды. Қалғандары айыппұл төлейтін болады», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Маусымнан басталған жаңалықтың біразы көлік қатынасына тиесілі. Өйткені енді қала ішіндегі транспорттар таңғы сағат 6.00-дeн кешкі 23.00-ге дейін жолаушы тасымалдайтын болады. Метро қалыпты жұмыс режиміне оралды. Сондай-ақ қала маңына қатынайтын автобустардың да жұмысы жаңартылуда.
Көпшіліктің асыға күткен хабарының бірі – теміржол қатынасына тиесілі. Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары да жұмысын бастады. Дегенмен барлық қатынас құралдарына коронавирус пандемиясы жағдайында санитарлық нормаларды қатаң сақтауы тиіс екені ескертілген.
Бұған дейін кезең-кезеңмен кәсіпорындар мен сауда орындары да жұмысын бастағанын айтқанбыз. Қала тіршілігі біртіндеп жандана бастады. Дегенмен карантин әлі аяқталған жоқ.
25 мамырдан қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс істеп жатыр. Бірақ түрлі банкет, той, мерекелік шаралар мен ұжымдық басқосуларды қоғамдық тамақтану орындарында өткізуге рұқсат жоқ. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитары Жандарбек Бекшин шегелеп тұрып айтты. Бас санитардың алаңдауына негіз бар. Қалада коронавирус инфекциясын жұқтыру деректері әлі де болса анықталуда. Мәселен, өткен сенбіде қала бойынша бірден 117 жағдай тіркелді. Мұның себебі көптеген жұмыс орындары ашылуына байланысты жұмысшылардың жаппай тестілеуден өтуімен түсіндірілді. Қалай дегенде қала қақпасы айқара ашылып, жұмыс жандана түскенімен, вирус жұқтыру қаупі әлі сейілген жоқ. Мұны тұрғындар жете түсінуі тиіс.