Ertis маусымды ерте аяқтады, ал «Қайсар»...
Осы уақыт аралығында ел футболында да біраз өзгеріс болды. Қаржылық жағдайға байланысты павлодарлық Ertis клубы футболдан Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартты. Кәсіпқой футбол лигасына аталған командадан өтініш келген. Онда футбол клубының қамқоршылық кеңесінің жалпы жиналысында клуб тарапынан қаржы және спорттық міндеттемелерді орындай алмайтыны жөнінде шешім қабылданғаны жазылды. Осыған байланысты команда 2020 жылғы OLIMPBET футболдан Қазақстан чемпионатына қатыспайтын болды. – Қабылданған өтінішке байланысты Ertis футбол клубы чемпионатқа қатысушылар тізімінен шығарылады. Футболдан Қазақстан чемпионаты регламентінің 4.18 пунктіне сәйкес, егер де чемпионаттан шығарылған клуб чемпионат барысында 22 ойыннан кем кездесу өткізсе (1-ші және 2-ші айналымды аяқтамаса), оның барлық нәтижесі жойылады. Сонымен қатар Ertis командасы Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартқаны үшін клубтың жастар командасы екінші лига командалары арасындағы біріншілікке қатыса алмайды. Ertis футбол клубының барлық ойыны чемпионаттың жаңартылған күнтізбесінен алынып тасталады, – деп мәлім етті Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы. Бұл жаңалық еліміздегі барша футбол мамандары мен біріншілікте өнер көрсететін футболшыларға да ауыр тиді. Өйткені Қазақстандағы ең титулды клубтың, футболдан 5 дүркін ел чемпионы атанған команданың қазіргі жағдайы тіптен қиын. Қаржылық дағдарысқа ұшыраған клубтардың қатарында қызылордалық «Қайсар» да бар. Клуб қазірдің өзінде бюджетін 1,4 млрд теңгеге қысқартыпты-мыс. Ауызбірлігіне селкеу түсіп, берекесі қаша бастаған ұжымнан кеткісі келетіндер көп. Әсіресе, легионерлер командамен жасалған келісімшартты уақытынан бұрын үзуде. Олардың көпшілігі карантин кезінде айлықтарының қысқартылғанына наразылық білдірген. Алғашқылардың бірі болып командадан Иван Пешич кетті. Одан кейін клубтың тәжірибелі қақпашысы Александр Григоренконың, болгариялық шабуылшы Александр Колев, ресейлік қорғаушы Алексей Шумских және тағы басқа легионерлердің де командадан кететіні туралы ақпарат тарады. Бас бапкер Стойчо Младеновтың да «Қайсарда» қалу-қалмауы әзірге белгісіз.ҚХЛ-дың жаңа маусымы күзде басталады
Пандемияға байланысты Құрлықтық хоккей лигасының 2019/2020 жылғы кезеңі плей-офф сатысының жартылай финалында-ақ тоқтатылған. Елордалық «Барыс» ширек финалда Магнитогорскінің «Металлург» командасын орта жолда қалдырып, жартылай финалға жолдама алған еді. Дегенмен қатерлі індеттің таралуына байланысты оған қатысудан бас тартқан. Қазіргі кезде Құрлықтық хоккей лигасының 2020/2021 жылғы кезеңі басталатын мерзім анықталды. Лига 2020 жылдың 2 қыркүйегінде басталады деп жоспарланып отыр. Бұл мерзім Ресей хоккей федерациясымен келісілген. Жылма-жыл дүбірлі додаға ресейлік және өзге де елдердің командалары қатысады. Сондықтан жаңа маусымның басталуы – сол елдердегі коронавирус инфекциясына, яғни эпидемиологиялық жағдайға тікелей байланысты болмақ.Теннисшілер де жаттығуға кірісті
Қазақстанның теннистен ұлттық және жасөспірімдер құрамалары Щучье-Бурабай курорттық аймағында оқу-жаттығу жиынын бастады. Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, биыл бірінші рет Щучье көлінің бойындағы Ұлттық паркте орналасқан Rixos Borovoe қонақүйінде өтетін жиын 14 маусымға дейін созылмақ. Бұл жерде теннисшілердің жаттығуы мен тамақтануына, демалуына барлық қажетті жағдай жасалған. Теннистен Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Юрий Щукиннің айтуынша, жаттығу базасына 30-дан астам спортшы жиналған. Қазіргі уақытта бапкерлер теннисшілердің дене дайындығын шыңдау, төзімділігін, координациясын, жылдамдығы мен күшін арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Юрий Щукин, Ярослава Шведова, Елена Рыбакина, Зарина Дияс секілді тісқаққан теннисшілер жастармен білім-білігі, тәжірибесімен бөлісуде. Айта кетейік, бұл қазақстандық теннисшілердің карантиннен кейінгі алғашқы жаттығу жиыны. P.S. Әлем елдерінде спорттық шаралар қайта жалғасын тапты. Алғашқылардың бірі болып футбол ойындары ұйымдастырылып жатыр. Барлық ойын жанкүйерсіз өткізілуде. Алдағы күндері біздің елде де спорттық шаралардың нақты өткізілетін күні белгілі бола бастайды. Оған дейін спортшылар сақтық шараларын сақтай отырып, жаттығу жұмыстарын жүргізе береді.Абылайхан ЖҰМАШ