Өмір болған соң төтенше жағдайлар болады. Сондай кезде азаматтардың өзін батыл ұстауы, жағдайға қарай әрекет жасауы, тіпті ерлік қадамдарға баруы жиі кездеседі. Кейде бір адам жүздеген кісінің өмірін құтқарып жатады. Бір адамның өмірі – құндылық! Осы ретте арамызда ерлік іс-әрекетке барса да, мұны өзінің азаматтық парызы деп білетін жандар да жеткілікті.
Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева Арыстағы бір кітапханада күзетші болып істейтін азаматтың әрекетіне сүйсініс білдірді. «Жұрт жан-жаққа бас сауғалап жатқанда, әлгі азамат кітапхана терезелерін ашып, ғимаратты қираудан сақтап қалыпты», – дейді ол.
Сол сияқты Арыстағы банкте күзетші болып жұмыс істейтін Пернехан Бекмырзаев жан-жақта жарылыс болып жатқанда, жұмыс орнын тастап кетпепті. «Біз тәртіп бойынша басшылықтың рұқсатынсыз ешқайда кетпеуіміз керек. Банктің жұмысы – өте жауапты. Сондықтан да жарылыс болып жатқан кезде, қауіпті білсем де, өз жұмыс орнымда болып, басшылықтан нұсқаулық күттім. Өйткені менің орнымда болған әрбір адам осылай істейді, жалпы кәсіпке деген адалдық болуы қажет», – деген сөзіне талайлар риза болып жатыр.
Президент сайлауы кезінде республикалық қоғамдық штаб құрамында Түркістан қаласында болдық. Облыс орталығында жаңа құрылыс алаңдары көбейген. Құрылысшылармен кездесу кезінде күннің ыстықтығы әсер етті ме, жоқ, өзінің денсаулығы сыр берді ме, бір жас жігіт көз алдымызда құлап кетті. Сол кезде трибунада тұрған Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев дереу жүгіріп барып, жалма-жан қиналып жатқан жігітке көмек көрсетті. Құрылысшы жігіттің жағын ашып, ары қарай кетіп бара жатқан тілін суырып, бетіне су сеуіп есін жиғызды. Артынан естідік: әлгі жігіттің келіншегі Бақытжан ағамыздың телефонын тауып алып, ризашылығын білдіріп, алғыс айтыпты.
Азаматтар мұндай ерлікті мақтан үшін жасамайды. Жағдайға қарай әрекет етеді. Кейде біз ерлік тек майдан даласында жасалатындай көреміз. Күнделікті өмірде қанша адам өзінің азаматтық парызын өтеп жатады. Бұл – шын мәнінде, сүйсінерлік әрекет.
Айтайын дегеніміз: бұрын кеңестік кезеңде азаматтық қорғаныс деген сабақ өтетін; сонда түрлі төтенше жағдай кезінде қалай әрекет жасау амалдары үйретілетін; тәуелсіздік тұсында сол азаматтық қорғаныс мәселесі қағыс қалып қойды. Қазіргі таңда бір керек нәрсе болса, осы азаматтық қорғаныс сабақтары шығар деген ойдамын.
Алғашқы медициналық жәрдем жасау, тосын жағдайда ұйымшылдықпен әрекет ету, адам өміріне жауапкершілікпен қарау деген мәселелерді ешкім күн тәртібінен алып тастаған жоқ. Сондықтан Қазақстан мектептерінде жаппай азаматтық қорғаныс сабақтары өткізілсе, ұлт ұтылмайды. Жамандыққа жұтылмайды.