Ақтоғайда отыздан астам үйдің шатырын құйын жұлып кетті (Видео)
Ақтоғайда отыздан астам үйдің шатырын құйын жұлып кетті (Видео)
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында 2 маусым күні кешке дауыл соғып аудан орталығының астаң- кестеңін шығарды. Дауылдың арты нөсер жаңбырға ұласқан. «Қас қағым сәтте күн қап-қара болып кетті. Дауыл соғып, селдетіп жаңбыр жауды. Желдің уілдеген дауысы қыста боран соққандай әсер қалдырды. Біздің үйдің шатыры ескі болған еді , бір жағы ұшып кетті . Ал енді кейіннен жаңадан шатыр салғандардікі тіпті бүтіндей ұшып кетіп , қирап қалды», – деп мәлімдеді Ақтоғай ауданының тұрғыны Жұмабек Әлімов. Қатты соққан дауылдың салдарынан Ақтоғай ауданы орталығындағы 32 ғимараттың шатыры ұшып, қираған. Оның 20-сы жер үйдің шатыры болса, қалғаны емхана, мектептер, мейрамхана, мәдениет үйі, шиномонтаж, азық-түлік дүкендерінің шатырлары. «Зардап шеккендер жоқ, қазіргі уақытта  құрылған комиссия сол жерді қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтау мақсатында аумақты аралап көріп жүр. Ұялы байланыс уақытша жоқ. Электр жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова. Ақтоғай ауданы әкімшілігінің баспасөз қызметі дауыл салдарынан келген шығынның есептеліп жатқанын ғана мәлімдеді. https://www.youtube.com/watch?v=BzHb6HADg34&feature=emb_logo