Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы қабылданған «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы шет елдердегі қандас бауырларымызды мың-мыңдап елге көшіріп әкелуге мүмкімдік беретін, сол арқылы қазіргі ел көшіп қаңыраған ауылдарды жанға, қыстау мен жайлауды малға, мектептерді балаға толтырып ауыл шаруашылығын қайта өркендетуге мүмкіндік беретін оңтайлы мемлекеттік шара болатын.
Кеңес заманы кезінде «гигантомания» деген кесел болған. Соның вирусы өлмеген екен. Сол «Нұрлы көшке» жұқты. Көштің ат басын ауылға бұру орнына, оралмандарды онсыз да халқы көп, өз жұмыссыздары да жетерлік қалалар мен облыс орталықтарының жанына орналастыра бастады. Оның үстіне, оларға арналған тұрғын үйлер сапасыз салынып, қыста суық болып, әрі жұмыс болмай көшіп келген қандастарымыз жүдеді. Кейін олар жан-жаққа бытырап, жан бағып кетті. Бұл қателік «Нұрлы көшті» сәтсіздікке ұшыратты, ол бастапқы мақсатына жетпей бірер жылдан кейін тоқтап қалды.
Елбасымыз тоқтап қалған бұл жұмысты одан ары жалғастыру үшін және шеттен елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін «Отандастар» қорын құрып, «Қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзірлесін» деп тағы да арнайы тапсырма берген.
«Айқын» газетіне (5 мамыр 2019 жыл) «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев сұхбат беріп, онда Елбасы тапсырмасы бойынша ғылыми негізделген зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жыл аяғына дейін кешенді мемлекеттік бағдарламаға талдамалық ұсынымдар әзірленетінін айтқан болатын. Бұл – қуанарлық жағдай. Осы мақсатта жүргізілетін зерттеу жұмыстарын алдымен, «Нұрлы көш» бағдарламасының сәтсіздікке ұшырау себептерін анықтап, сол кемшіліктерді түзеу міндет.
«Нұрлы көш» сәтсіздіктерінен сабақ алуымыз үшін: Ақмола облысы Степногорск қаласының 145 отбасылы «Қарабұлақ» ауылы, Ақтөбе облысы Қырымтау ауданының 200 отбасылы «Көктал», Шығыс Қазақстан облысының 298 отбасылық «Өскемен», Қостанай облысы Қостанай ауданы 130 отбасылы «Заречный», Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы 240 отбасылы «Бәйтерек», Көкшетау облысының 270 отбасылы «Красный яр», Курчатов қаласындағы 200 отбасылы және сондай басқа ауылдардың кешенді құрылыстарына қанша бюджет қаржысы жұмсалды және соларда бастапқы келген оралмандардың қаншасы қалды? Қаншасы бытырап әр жаққа көшіп кетті? Бос қалған жерлерде кімдер тұрып жатыр? Кезінде сапасыз салынған сол тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі қалай? Міне, соларды саралап, қателіктерді қайталамауды ойластыру керек.
Қорытындылай келгенде, болашақ оралман қоныстанушыларға алдымен жұмыс орындарын ойластырып, сайлап алмай тұрып, қалалардың іргесінде 140-200-300 отбасылық ірі тұрғын үй кешендерін салу үлкен қателік болғанын, қазақ көшінің тоқтап қалуының басты себебі сол екенін мойындауымыз керек. Жоғарыда тізілген 7 ауылдың отбасыларының жалпы саны 1 483 екен. Сол 7 ауылдың тұрғын үйлерін салуға 13-15 миллиард теңге бюджет қаржысы жұмсалған деп шамаладық.
Мен сол жылы «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасына қосымша жоба жасап ұсындым. Ол «Ауылдарға оралмандар мен ішкі қоныстанушыларды орналастырудың жаңа үлгі-моделі» деп аталады. Қысқаша айтқанда, «Ауыл-ана» жобасы. Оны «Егемен Қазақстан» газеті маңдайын жарқыратып 2009 жылғы 27 мамыр күнгі санында жариялады. Бұл жоба бойынша қой фермасы қонысы 2,8-3,2 мың, яғни төрт отар қой өсіріп бағуға арналған. Оны қауымдық шаруашылық (қауымшар)деп атадық. 4 отар қойды төрт шопан, төрт көмекші шопан бағып күтеді. Сол төрт отар қой қысы-жазы 8 отбасының ортақ жауапкершілігінде болады. Жазда 4 шопан жайлауға шығып, қалған төртеуі қыстауда қалып, жаздай-күздей мал азығын дайындайды, шөп шабады, бау-бақша, көкөніс өсіреді. Келесі жылы былтыр қыстауда қалғандар жайлауға кетіп, жазда жайлауда қой баққандар қыстауда қалып орын алмастырады. Сонда қой бағу жалықтырмайды. Мұның тағы бір артықшылығы – шопандар қыста да, жазда да жалғыздық көрмейді. Адам үшін жалғыздықтан асқан жамандық жоқ. Әкеміз шопан болды. Өзім де жасымда қозы бақтым, онда қой сауылатын. Мектеп бітірген соң екі жыл шопан болдым.
Шопандар қыс қыстауда да, жаз жайлауда да жалғыз-жалғыздан отыратынбыз. Жалғыздықтан жапа шегетінбіз. Жаз жайлауда қойларымыз қосылып кетеді деп, шопандар әр қырдың астында бөлек-бөлек қоныс тебетін. Ал мына жобада барлық қой ортақ жауапкершілікте болған соң жазда да, қыста да бір жерде бірлесіп бағады. Сонда бір ауылдың өзінен сиыр мен жылқыны қоспағанда жазда 4 отар қой жайлауға шығып, «Жайлаудағы мал шаруашылығын қалпына келтіру» туралы Елбасымыздың жоба-тапсырмасы қоса орындалады.
Екінші артықшылық – сегіз отбасына арналған әмбебап тұрғынүй кешенінде. Қаладағы сегіз пәтерлік екі қабатты үй секілді бірге салынады; бір отқазаннан жылытылады; сегіз үй сегіз пешке от жағып түтіндетіп жатпайды. Кешен Н әрпі секілді етіп тұрғызылады. Екі жақ басында төрт-төрттен пәтер болады да, ортаңғы белдікте мәдени тұрмыстық бөлмелер болады. Атап айтқанда: шағын кітапханасы бар клуб бөлмесі, балалардың ортақ ойын залы, бастауыш мектеп бөлмесі. Егер сегіз отбасының ішінде мұғалім болса, бастауышта өз балаларын өздері оқытатын болады.
Сегіз отбасы өздері бір шағын автономды ауыл боп өмір сүреді. Төрт отардың екеуі саулық қой, қалған екеуі етке өткізіп ақшалай кіріс кіргізетін еркек тоқты, ісек болмақ. Жыл сайын кемінде 700-800 қой бордақыланып сатылады. Өз төлі есебінен жыл сайын көбейіп табыстары да арта бермек. Төлдерімен 4-5 мың қойдың жабағы, күзем жүні де – қыруар табыс көзі. Жүн өңдеп, одан кілем, түрлі киімдер тоқылып, текемет басып, киіз үйдің туырлық, түндіктері, жабдықтары жасалып та кіріс кіргізіледі. Бау-бақшадан да табыс табу, ауыл адамдарын көкөніспен, әсіресе, екінші нан саналатын картоппен толық қамтамасыз ету жоспарланған.
Қой фермасынан басқа дәл осындай үлгіде сиыр фермасы болуы керек. Онда сауын сиырлар және бордақыланатын тайыншалар мен құнан өгіздер бағылады.
Біз ұсынған жоба бойынша Қостанай облысының Арқалық ауданына қарасты бұрын ірі совхоз болған «Қайыңды» мен «Қызылжұлдыз» елдімекендерінде, бірінде қой өсіруге, екіншісінде сиыр фермасын құруға, яғни екі ауылға қаржы бөлуді сұрадық. Әр шағын ауыл 8 отбасылық қана, барлығы
16 отбасы. Егер мемлекет, Үкімет тарапынан мықты қолдау болғанда, «Қайыңды» қайта еңсе көтеріп, аяғынан тік тұрып кетер еді. Аз-ақ жылда баяғыдай қой мен сиыр көбейіп, халық саны да өсіп, бірте-бірте жұмыс орындары да жасалып, ауылда жұмыссыздық жойылып, шаруашылық өркендеп кеткен болар еді-ау. Сөйтіп, ол республика бойынша өзгелерге үлгі-тірек шаруашылыққа айналатын еді. Өкініш өзек өртейді.
Мен ұсынған бұл жобаны сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мен бір топ Парламент депутаттары қызу қолдады. Министр Қостанай облысының сол кездегі әкімі В.Кулагинге арнайы қатынас қағаз жолдап, алдағы жылдың пилоттық жобасына енгізуді, қажетті қаржының сметалық көлемін анықтап жіберуді сұрады. Кулагин болса, «Қайыңды» қолайсыз жер деп өтірік жауап берді, оған қазақ ауылдарының қайтадан өркендегені керек емес еді. Ал шынында, Қайыңды аудан орталығы Арқалықтан 90-ақ шақырым жерде, бұрын мықты совхоз орталығы болған.
Ал Парламенттегі көші-қон тобының жетекшісі У.Қалижан, К.Сағадиев, Д.Құсайынов, С. Тоқпақбаев, Т. Қадамбаев, Г. Қарағұсова және бірнеше депутат Қазақстан Үкіметінің басшысы К.Мәсімовке бір емес, екі рет депутаттық сауал жолдады. Біріншісі – 2009 жылдың 22 қазанында; екіншісі – 2010 жылдың 9 шілдесінде. Алдыңғысына да, соңғысына да түрлі-түрлі сырғытпа жауаптар келді. Міне біздегі Үкімет пен әкімдердің сиқы, олармен қашан көктеп көгерер екенбіз?
Енді алғашқысын қала жобасы, екіншісін дала жобасы деп, екеуін салыстырып, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда қарастырып көрелік. Егер қала жобасындағы жеті қалаға орналастырылған 1 483 отбасын, біз ұсынған дала жобасы бойынша әр ауылға (бұрынғы әр кеңшарға) әрқайсысы 8 отбасылық екі шағын фермадан келетіндей бөлсек (16 отбасы), Қазақстанның бұрын кеңшар болған 92-93 елдімекенінде қой мен сиыр фермасы құрылып, ұйымдастырылып жұмыс істеп кетеді екен. 93 ірі елдімекен 9 ауданның, яғни бір облыстың бүкіл ауылдарын қамтумен тең деген сөз. Басында салынып берілген үй баспанасы, алдында – бағымында малы, яғни жұмысы болса, оралмандарға одан артық не керек? Олардың сұрап жүргендері де сол емес пе?!
Оралмандар, тіпті, бізге жұмыс та, квота да бермей-ақ қойыңдар, Монғолиядан, Қытайдан өз малымызбен көшіп келуге мүмкіндік жасаңыздар деп те жазғанын оқыдық. Өте орынды тілек. Сонау Америка мен Еуропадан ұшақпен ауру сиыр мен бұқалар тасып әкеліп жатқанда, мына тұрған шекаралас елдерден алдындағы отар қойымен, сиырымен, жылқыларымен неге көшіріп әкелмеске?
Шетелдегі ағайындарымыздың көпшілігі, әсіресе, Монғолиядағы қандастарымыздың көбі малшылар екені аян. Ендеше, неге біз оларды онсыз да өз жұмыссыздары жетерлік қалалардың қасына топырлатамыз?
«Нұрлы көш» бағдарламасын дайындаған сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаевтың «Түркістан»газетінің 2008 жылы 20 қараша күнгі санында жарияланған сұхбатында: «Көшіп келудің екі түрін ойластырып отырмыз. Бірі – шоғырландырып орналастыру, екіншісі – қазіргі ауылдық мекендерге барып орналасу» деген жолдар бар. Бірақ министрдің басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты оралмандарды орналастырудың екінші жобасы орындалмай қалған. Аз айтқанда, көп айтқанда, «Нұрлы көш- 2» бағдарламасын тез жасап, көш бағытын қаладан далаға, бұрынғы кеңшарлар мен олардың бөлімшелерінің қолайлы қоныстарына бұрып қоныстандыру керек. Сонда «Нұрлы көш» – «Ұлы көшке» ұласады. Сөйтіп, бұрынғы құтты мекен, ауылдарды аз-ақ жылда жанға да, малға да толтырамыз.
«Ұлы көш» – қиял емес, таяуда-ақ орындауға болатын іс. Таяу тарихта «Ұлы көш» Түркия мен Грекия арасында жүзеге асты. 1919 жылы Түркия мен Греция арасындағы соғыстан кейін бір- біріндегі өз адамдарын айырбастап, өз елдеріне көшіріп алысты. Грекия Түркияда ежелден бері тұрып жатқан бір жарым миллион гректерді бас-аяғы бірер жыл ішінде көшіріп әкеліп қоныстандырды. Түркия да Грекиядан сонша түрік азаматын тарихи Отанына оралтып орналастырды. Бұл екі ел арасындағы осы ел көшіру тарихқа «Ұлы көші-қон» – «Великое переселение» деген атпен енді.
Түркия мен Грекия сол кезде бірнеше жылға созылған өзара соғыстан экономикалық күйзеліске ұшырап, қиын халде болатын. Оның алдында екеуі де І дүниежүзілік соғысқа қатынасқан. Бірі Антанта, бірі Германия жағында шайқасқан, соған қарамастан «Ұлы көші-қонды» жүзеге асырды. Міне, бұл өз отандас азаматтарына деген мемлекеттік қамқорлықтың ерен үлгісі.
«Ұлы көштен» біз де тәжірибесіз емеспіз. 1954-1956 жылдары тың көтеру науқаны басталған алғашқы жылдары-ақ Ресейден Қазақстанның солтүстік облыстарына миллионға жуық тың игеруші келіп қоныстанған. Демек тәжірибе бар.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім! – деген Махамбет арманы мен бүгінгі ауыл арманын тоғыстырсақ, «Ұлы көшті» жүзеге асыруға Қазақстанның қазір экономикалық мүмкіндік-әлеуеті толығынан жетеді. Тіпті, ақшаның көптігі, қаржының жетерлігі сондай жыл сайын халық шаруашылығына бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаражат игерілмей қалып жатады. Мысалы, 2012 жылы республика бойынша 143 миллиард теңге, 2014 жылы 378 5 миллиард теңге бюджет қаржысы жұмсалмай, игерілмей қалған. Ал 2016 жылы «КазАгро» холдингі өзіне бөлінген 51, 7 миллиард тенгенің 41,2 миллиардын жұмсай алмаған және бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Атап айтқанда, өткен 2018 жылдың алғашқы алты айында бюджеттен бөлінген 275, 5 миллиард теңгенің 15-ақ пайызын зорға игерген. Демек, жылдар бойы біз ұсынып жүрген «Ауыл – ана» жобасын да, «Нұрлы көшті» ұлы көшке айналдыруға да мемлекетіміздің қаржылай әлеуеті жетеді. Сонымен, қазір республикамыздағы болашағы жоқ деп жабуға ұйғарылған 4 719 ауыл-анамызды жапқызбай сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу жөніндегі Елбасымыздың тапсырмасы да сонда орындалады. «Көбей, қазақ!» деген жалаң ұранмен қазақ көбеймейді. Қазақты тез көбейтудің бірден-бір амалы «Нұрлы көш-2» бағдарламасын қайта жасап, қайта жандандырып, жоғарыда жеткілікті дәлелдегеніміздей, көш бағытын ауылдарға бұру. Бұрын 30-40 миллион қойы болған ұжымшарлар мен кеңшарлардың құтты қоныстарының көбі қазір бос жатыр. Соларды қайта жан мен малға толтыру міндет. Жай міндет емес – қасиетті міндет!
Өткен күзде тағы да Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасы бойынша, «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жоба жасалып, оны жүзеге асыруға 30 миллиард қаржы қарастырылып отыр. Бұл жоба үш жылға жоспарланып, бюджеттен барлығы 90 миллиард теңге бөлінбекші. Үкімет пен министрліктер және облыс әкімдері жылдағыдай тағы да бұл қыруар қаржыны игере алмайды. Өйткені жылдың 4 айы өтіп те кетті. Наурыз айында өткен Парламент Мәжілісінде спикер Н.Нығматуллин Ұлттық экономика министрлігіне алты ай бойы жобаны әлі дайындап бола алмай жатырсыңдар деп ауыр сын айтқан болатын. Осыдан-ақ Елбасымыздың тамаша тапсырмасы «Ауыл – ел бесігі» жобасының тағдыры тәлкекке түскелі тұрғанын аңғаруға болады. Бұл жолы оған жол бермеуіміз керек.
Ол үшін біз ұсынып отырған «Ауыл – ана» жобасына нақты мемлекеттік қолдау көрсетіліп, оны «Ауыл – ел бесігі» Елбасы жобасының құрамына енгізіп және «Нұрлы көш-2» бағдарламасын қайта жаңғыртып жасап арнайы шешім шығару керек. Сонда мақсаты бір осы үш жоба бір-бірін толықтырып, қатар жүзеге аса бастайды.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесіҚазақстан Жазушылар одағының мүшесі