«Антисептик, маскалар қоймада шаң басып, өтпей жатыр» – коронавирусқа сенбейтіндер неге көбейді?
«Антисептик, маскалар қоймада шаң басып, өтпей жатыр» – коронавирусқа сенбейтіндер неге көбейді?
Фото: Интернеттен алынды
197
оқылды
Төтенше жағдай режимінде залалсыздандыру сұйықтығын өндіруге көшкен отандық кәсіпорындар енді оны қайда жіберерін білмей отыр, – деп хабарлайды КТК. Тіпті елімізде қорғаныш құралдары мен бетперделерді өндіру екі есеге артқан. Дәріханаларда да медициналық бетперде бұрынғыдай өтпей қалған. Пандемия кезінде қызметін басқа бағытқа бейімдеген цех күніне 10-15 тонна антисептик өндірген. Өндіріс ошағының басшысы екі ай бұрын Петропавл қаласының тасымалдаушылары ұзын-сонар кезекке тұрып, алғанын айтады. Қазір қап-қап антисептиктер қоймада шаң басып тұр.
Өндіріс цехының басшысы Андрей Генне: «Қазір сұраныс жоқ. Жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз. Оған қоса, бұл цехте бұрын сабын шығарылатын. Біз екі тәуліктің ішінде қажетті заттарды алып, залалсыздандыру сұйықтығын өндіруге көшкенбіз. Қоймада 45 тонна антисептик тұр. Өнім бұрыңғыдай өтіп жатқан жоқ. Өйткені, қауіпті кеселге сенбейтіндер көбейіп барады», – дейді.  
Алғашында жұрт жанталасып жер-көктен іздеп таппаған бетперделер де дәріханаларда самсап тұр. Тіпті дәріханалардың есіктерінде «бетперде жоқ» дегеннің орнына «бар» деген жазу ілінген. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша,  залалсыздандыру құралдарын өндіру тәулігіне 170 мың литрден асты. Екі ай бұрын 170 мың дана медициналық бетперде шығаратын фармацевтикалық кәсіпорындар бұл көрсеткішті 340 мың данаға жеткізген. Бірақ қоймаларда шаң басып жатқан қорғаныш құралдарының бұдан соң қажеті бар-жоғы тағы белгісіз.