Арыс қаласының тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымы бір айдың ішінде қалпына келтіріледі. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин мәлімдеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арысқа барып, Үкіметтік комиссияға басшылық еткен Премьер қаладағы төтенше жағдайдан зардап шеккен шағынаудандар мен әлеуметтік нысандарды аралады.
Үкімет жетекшісі көппәтерлі және жеке үйлер орналасқан «Көктем-1» және «Көктем-2» тұрғын үй алаптарында болды, жергілікті мектептің, қалалық аурухананың және халыққа қызмет көрсету орталығының қираған ғимараттарын көрді.
Премьер-министрге тұрғын үйлік, әлеуметтік, инфрақұрылымдық және қаланың тіршілік әрекетінің басқа да нысандарына қандай зардап келтірілгені баяндалды. Аралау кезінде А.Мамин жергілікті ақсақалдармен және төтенше оқиға салдарын жоюға тікелей атсалысқан мамандармен әңгімелесті. Олардың қатарына саперлер, медицина қызметкерлері, құтқарушылар мен жергілікті билік органдары бар. Үкімет басшысы оларға атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты.
– Бірлескен үйлесімді жұмыстың арқасында тұрғындарды уақтылы эвакуациялау, туындаған төтенше жағдайдың анағұрлым ауқымды салдарға соқтыруының алдын алу мүмкін болды, – деді Премьер.
Аралап көру қорытындысы бойынша Асқар Мамин Арыс қаласында төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия отырысын өткізді. Оның құрамына министрліктер мен облыстық әкімдіктердің басшылары кірді.
Қазіргі ахуал, төтенше жағдай салдарын жою бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б.Сапарбаев, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов баяндады.
Хабарланғандай, бүгінде қала аумағын минадан арылту, инженерлік барлау жұмыстары жалғасуда. Өрт сөндіру есептоптары ары қарай қимылдауда. Азаматтарды өз үйлеріне қайтару және олардың мал-мүлкінің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр. Аумақтарға жүргізілген тексерулер экологиялық жағдайға қауіп төніп тұрмағанын көрсеткен көрінеді.
– Елбасы мен Мемлекет басшысы қаланы шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды. Арыс қаласын жедел қалпына келтіру үшін бүкіл күш-жігерімізді жұмылдыруымыз қажет. Арыс қаласындағы барлық бүлінген және бұзылған нысанды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп, салуы тиіс. Барлық міндет ұтымды, сапалы әрі мерзімінде орындалуы шарт, – деді Премьер-министр.
Қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірі қатысады. Бұзылған тұрғын үй ғимараттарын жөнге келтіру ісін облыстар өзара бөліп алады. Құрылыс бригадаларын да солар жіберуге міндеттеледі. Осы мақсатта құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін Арысқа барлық облыс, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары келді. Мемлекеттік материалдық резервтен қажетті құрылыс материалдары жеткізілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы А.Мамин қаланың қалыпты тіршілігін жолға қою және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі 10 кешенді шараны жария етті. Біріншіден, 1 ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйді жөндеу аяқталмақ. Екіншіден, қосымша әлеуметтік қолдау шарасы ретінде қаланың әрбір тұрғынына, яғни 44 781 адамға 100 мың теңгеден бір реттік өтемақы төленеді.
Үшіншіден, арыстық 4 мың бала сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Төртіншіден, ұлттық компаниялардың есебінен қаладағы жарылыс кезінде бұзылған ғана емес, мұның сыртында тозығы жете бастаған әлеуметтік нысандарды да жөндеу көзделген. Осы құрылыс жұмыстарына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес қауымдастық та тартылатын болады. 66 әлеуметтік нысанды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бір өзі жөндеп береді.
Бесіншіден, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында арыстық 300-ден астам шағын және орта кәсіпкердің кәсіпорнына «Атамекен» ҰКП арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарында көмек көрсетіледі. Алтыншыдан, қала кәсіпкерлеріне биылғы 1 шілдеден бастап 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде жеңілдікті несиелер беріледі. Бұдан бөлек, оларға 2019 жылдың соңына дейін салықтық каникулдар ұсынылады.
Жетіншіден, инженерлік инфрақұрылым, электрмен жабдықтау және байланыс жүйелері Үкімет резервінің қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Сегізіншіден, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және реконструкциялау жоспарланған. Тоғызыншыдан, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қала тұрғындарына арналған жаңа аурухана мен 2 емхана тұрғызылады. Оныншыдан, 2 апта ішінде қару-жарақтарды әкету басталады. Арсенал басқа жерге қайта орналастырылады.
Алдын ала бағалаулар бойынша, Арыста 104 көпқабатты тұрғын үй, 7 200-ге жуық жеке үй, 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, аумақтық мемлекеттік орган ғимараттары бүлінген екен.