Айзат Молдағасымова Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ұлттық орталығының басшысы қызметіне тағайындалды.
«ҚазАқпараттың» жазуынша, тілшінің телефон арқылы қойған сұрағына «Кешеден бастап орталықты басқарып жатырмын», – деп жауап берген.
Бұған дейін ол қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін басқарған еді.
Айзат Молдағасымова 2017 жылдан бастап департамент басшысы және қаланың бас санитарлық дәрігері болып қызмет етті. Бұған дейін оның қызметіне байланысты бірқатар даулы жағдай болған еді.
Алматы бас санитарлық дәрігері коронавирус жұқтырған жолаушымен бір рейсте келіп, 14 күн карантинге оқшауланды. Одан кейін қалалық Қоғамдық кеңес Айзат Молдақасымованың жиналыстарға қатысып, ашық жүргенін сынға алды. Кейін бас санитарлық дәрігер Орталық клиникалық қалалық аурухана дәрігерлерінің арасында жаппай коронавирус инфекциясы тіркелген кезде дәрігерлердің өзін санитарлық нормаларды сақтамады деп айыптады. Бұл мәлімдемеден соң аурухана қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы жаппай наразылық білдіріп, Денсаулық сақтау министріне шағымданған еді.
Айзат Молдағасымова 1971 жылы дүниеге келген.
Еңбек жолын 1995 жылы Алматы санэпидстанциясының санитарлық дәрігері қызметінен бастады. Әр жылдары Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің басқармалары мен департаменттерінде басшылық қызметтерді атқарды.