Қазақтың Шығысы – күн көсемдер мекені
Қазақтың Шығысы – күн көсемдер мекені
326
оқылды
Егемендігімізді алғалы отыз жылға жуықтаса да, әлі де еркін көсіле алмай, сана­мызды өткен ғасырдың 70 жылы улаған сұрқия сая­сатынан арыла алмай жүр­геніміз жанымызды жа­ралай­ды. Бүгінгі әңгіме еліміз­дің Шығысындағы идео­логиялық тұрғыдан әбден ескірген күн көсем­дер­дің ескерткіштері мен олардың атындағы және кеңес­тік идеологияның шек­пе­нін қымтап жамылған ауыл­дарға, көшелерге қатысты болмақ. Бірден басын ашып алайық, бұл Шығыс Қазақстанның барлық ауданы орыстанып тұр дегенді білдірмейді. Еліміз тәуелсіздігін алған бетте-ақ, өңірдің Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Аягөз, Үржар, Жарма, Көкпекті секілді қазақы аудан­дары ешкімнен бұйрық күтпей-ақ өздері бастама көтеріп, барлық ауылдарын жүз пайыз қазақ­шаландырып алды. Кеңестік маз­мұндағы көше атау­ларын да бір кісідей жұмылып, сыпырып тастады. Бұрынғы Семей облы­сының аудандары да еңсесін бірден тіктеп қазақыланды. Алайда осы аудандардың ерлігін өзгелер жалғастырып әкете ал­мады. Мәселен, Өскеменнің маңын­­дағы Ұлан, Алтай, Шемонаиха, Бородулиха, Глубокое аудандары орысша атауларға әлі сыңсып тұр. Ул. Советская, Колхозная, Ленина, Мира, Кировская, Октябрьская, Комсомольская деп кете береді. Құдды бір ит тұмсығы батпайтын орман дерсің. Ол аздай Паровоз­ная, Тракторная, Параллельная, Дорожная дегендерді қайтерсің. Тіпті, осыларға ақыл айтып, жол көрсетер бас шаһар Өскеменнің өзі қанатын еркін жазып, құлаш­тап самғай алмай келеді. Мақа­ланы оқығандар құр сөз екен ғой демесін, енді нақты мысалдарды алға тартайық.  

Кировтың орнын Қасым батыр қашан басады?

Мәселен, Өскеменнің қақ ортасындағы Жастар саябағы­ның орталығында алыстан менмұн­далап, қолын алға қарай сермеген Сергей Кировтың ескерткіші тұр. Орнынан түсетін ойы да жоқ. Ал саябақтың сыртында, дәлірек айтсақ босағасында, жанар-жа­ғар­май бекетінің қасында на­ғыз батыр, даңқты партизан Қасым Қайсеновтің кеуде мүсіні жабыр­қап, жанарымен жер шұқып тұр. Әйтеуір, өзінің атындағы көше­сінің басында тұр ғой деп өзіңді жұбатып қоясың. Бұрын аталған парк те, паркке іргелес орталықта жатқан көше де осы қызыл ком­мунистің атында болатын. Кейін саябақ жастарға, ал көшеге был­тыр ғана Антон Чеховтың аты бе­рілді. Енді ойлап көріңіздер, төрт жыл бойы жаумен түн қатып, ажал­­ға неше мәрте бетпе-бет ке­ліп соғысқан Қасым артық па, әлде бүкіл ғұмырында Өскеменде небәрі екі сағат қана болған Киров артық па? Сондай-ақ Өскемендегі ең ұзын даңғыл – Назарбаев даңғы­лы­ның бойында Яков Ушановтың ескерткіші тұрған алаң бар. Кеңес үкіметін құрам деп жүріп, тірідей кеменің қазандығында отқа жанып кеткені болмаса, қазақ үшін ат­қар­ған қызметі шамалы. Биыл ерте көктемде қала басшылығы алаң­ды кішірейтіп, шыршаларды өзге жерге көшіріп, даңғылды кеңейту жұмыстарын жүргізгенде «Ушановты құлатқалы жатыр, бар­лық жердегі орыстар бірігіңдер» деп әлеуметтік желіде жандары шығып кете жаздады. Ушановтың атында қала іргесінде үлкен ауыл барын еске алсаң, қарадай ұйқың қа­шады. Ол аздай бұдан біраз жыл бұрын Бердібек Сапарбаев об­­­лыста әкім болып тұрған тұста солар Өскеменге, Ертіс пен Үлбі­нің қиылысына бірінші Петр пат­­­шаның ескерткішін қоймақ бо­лып, Ресейден ескерткішін тегін жаса­тып, сол жақтан рұқсат алып, үй ішінен үй тікпек болғанын да қалай ұмытайық. Сол кезде олар қай елде тұрып жатқандарын шы­ны­­мен-ақ ұмытқан еді. Шы­ғыс­тағы қазақ зиялылары мен облыс басшылығы дер кезінде тосқауыл қоймағанда, шынымен бүкіл елге ұятты болар едік сонда. Сол кезде ғой, олардың «бізді Өскеменде қысып жатыр, күн көрсетпей жа­тыр» деп біздің Президентпен қатар Ресей Президенті Дмитрий Медве­девке де бәрі жиналып хат жаза­тындары.  

Алтайдағы Ленинге ешбір әкімнің шамасы жетпей келеді

Енді мақаламыздың атауына арқау болған күн көсемдерді ай­та­йық. Өскеменнен 180 шақы­рым жерде Алтай ауданы, Алтай қаласы орналасқан. Баспасөзде көп жазылғандай, бұл бұрын Зырян ауданы, Зырян қаласы бол­­ған. Облыс әкімі Даниал Ахме­тов­тің, қоғам өкілдерінің көп күш салуымен Алтай болды. Бірақ та ауылдары мен қалалары Алтай бола алмады. Сол күйінде қалды. Мысалы, аудан орталығы Алтай қаласының қақ төріндегі алаңда, «Казцинк» компаниясы ғимаратының алдында қасқайып Ленин «атамыздың» еңселі ес­керт­кіші әлі тұр қолын сермеп. Ал сол Лениннің қаладағы ең ұзын әрі орталықтағы Советская кө­ше­сінің бойында тұрғанын ойла­саң, қарадай қаның қайнап, ашуың басыңа тебеді. Алтай ауданындағы Перворос­сийс­кое ауылы да қоғам мен жұрт­­шылықты көп жыл шулатып ба­рып, әрең дегенде Полянское болып таяуда ғана өзгерді. Со­вет­ская, Ленина, Колхозная кө­ше­лері ауданның әрбір екінші ауы­лында бар деуге болады. Айт­пақшы, аудандағы екінші үл­кен қала да Серебрянка деп ата­­латынын біле жүріңіздер. Енді Алтай қаласындағы Ленинмен кү­ресу кезегі Алтай ауданына биыл сә­уір­де ғана әкім болып барған бұрын­ғы Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысовқа келді. Мемқызметте өмірлік тәжі­ри­­бесі мол, Катонқарағайдай Орал­хан Бөкей шыққан текті жер­дің тумасы Ленинді тұғырдан тай­дыратын ерлікке барса, есімі тарих­та мәңгі қалары анық. Осы арада Лениндерге қатысты үнемі ойдан шықпайтын бір жайтты айта кеткім келеді. Жалпы, облыстағы Лениндердің, кеңестік тұлғалардың бәрін Өскемендегі халық ең көп жиналатын этно­парк­ке жинап, музей ашып қою қаншалықты дұрыс дүние?    width= Алтайды айттық, енді Өске­мен іргесіндегі Глубокое ауы­лы­на оралайық. Мұнда да жағ­дай­дың жетіскені шамалы. Ау­дан­дағы Уварово ауылында да бір Ленин қас­қайып тұр. Оны жұлып тас­тауға аудан әкімінің шама­сы жет­пейді. Олай дейтініміз, бұрынғы кеңшардың конторы қазір жекеменшіктің қолында. Осы ауылдағы белді бір шаруа қо­жа­лығының жетекшісі сатып алған. Естуімізше, жатса да, тұрса да қайта оралмас кеңестік дәуірдің елесімен өмір сүретін кәсіпкер Ленин атамыздың үстінен шыбын ұшырмайды, шаң қондырмайды. «Бұл ескерткіш менің меншік дүнием, аламын ба, қоямын ба өзім білемін» дейтін көрінеді. Дәл осындай жағдай Ресеймен шекарадағы Шемонаиха мен Бо­ро­дулиха ауданында да бар. Бір­ді-екілі көшелер мен ауылдар атаулары өзгергенімен, көбісі «баяғы жартас сол жартастың» кебі. Еге­мендік лебі ескелі отыз жыл­ға тақаса да, көп жылғы сеңнің көбе­сі бұзылар түрі байқалмайды. Алтай мен Глубокоеде, Шемо­наи­ха мен Бородулихада ауылдық окру­гтердің атауының бәрі орыс­ша. Сенбесеңіздер, аталған ау­дан­дардың сайтына кіріп, көру­л­е­рі­ңізге болады. Өскемен іргесіндегі Ұлан ауданының бұрынғы Таврия ауданы болған жағы да оңбай тұр. Герасимовка, Казачьи, Украинка, Донское, Макеевка, Таврия, Сара­товка, Ново-Троицкое, Отрад­ное деп ХІХ ғасырда келген пере­се­лендер қойған атаулармен тізбек­теліп кете береді. Бұларға қарағанда Семейдің іргесінде жатқан қарағайлы аудан – Бесқарағайдың көші әлдеқайда түзу, әлдеқайда жақсы. Бесқарағай соңғы он жылдың көлемінде ау­дан­­дағы атауларды ешкімнің кө­ңілі мен қабағына қарамастан, ың-шың­сыз толықтай қазақшалап алды.  

Абай мен Шәкәрімнен ұят болатын болды-ау

Семей демекші... Семейді қазақ руханиятының астанасы деп ерекше құрметпен қараймыз. Алай­да сол Семейіміздегі тірліктер көңілден шықпай қалып жататыны бар. Мысалы, Лениннің көшесін абайтанушы ғалым Қайым Мұха­медхановтың атына әрең ауыс­тыр­ғанымыз күні кеше ғана. Бұған Интернациональнаяны тағы қосыңыз. Семейге кіреберістегі Приречное, қала ішіндегі Восточ­ный, Холодный ключ елді мекен­дерін ауыстырсақ, ешкім бізге қой демесі анық. Алтайдан Ленинді қуа алмаған Ермак Сәлімов мырзаның осыларды өзгертуге шамасы жете­ріне сеніммен қараймыз. Әйт­песе, тамызда Абай тойына алыс-жақыннан, шетелден келетін қо­нақ­тардан ұят болар.  

Тілдерді дамыту басқармасының да өз айтары бар

Осы фактілердің бәрін қағаз түсі­ріп, буып-түйіп алып облыстық тіл­дерді дамыту жөнін­дегі бас­қар­ма басшысының мін­детін атқа­рушы Роза Төлемісова­ның кеңсе­сіне барып, алдына жайып салдық. Бірінші кезекте ескерткіштерді алу, орнату мәселесімен тілдерді дамыту басқармасы емес, облыс­тық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы айналы­са­тынын, өздерінің құзіретінде тек ономастика екенін айтқан Роза Әшімханқызы идеологиялық тұр­ғыдан мазмұны ескірген атау­ларды ауыстыруда облыста мүлдем жұмыс жүрмей жатыр деу дұрыс емес екенін, соңғы жыл­дарда бір­шама елді мекен­дер мен көше атаулары өзгергенін жеткізді. Дегенмен біздің тарапымыздан жоғарыда айтылғандармен келісе­ті­нін де мәлімдеді. Оның айтуынша, тәуелсіздік алған уақыттан бері 2020 жылға дейін облыста 141 әкімшілік ау­мақ­тық бірлік, 791 көше, 64 мек­тептің атауы қайта аталған. Мұның ішінде 441 көше, яғни 56 пайызы 2017-2019 жылдар аралығында ауысқан. – Мен сізге айтайын, 2018 жыл­дың басында облыста 51 Ленин, 21 Киров, 68 Советская, 47 Октябрьская, 29 Комсомольская, 15 Совхозная, 13 Колхозная кө­шесі болды. 2017-2019 жылда­ры қарқынды жүргізілген жұмыс­тар­дың нәтижесінде идеологиялық тұрғыда ескірген 439 көшенің 291-нің, 46 әкімшілік-аумақтық бірліктің 17-нің, 11 мектептің 9-ның атауы ауысты. Әрине, мұ­ның бәрі айтуға ғана оңай. Көп жер­лерде қарсылық бар. Өзіңіз де білесіз, – дейді басқарма басшы­сы­ның міндетін атқарушы Роза Төлемісова. Иә, бұл жұмыстарды үздіксіз жеделдете жалғастыра беру қа­жет. Себебі шығыста әлі ауыс­ты­­руды қажет ететін 148 көше, 29 елді мекен, 3 мектеп бар. Со­­ның ішін­де 24 көше Ленин­нің, 10 көше Киров­тың атын әлі егеменді елі­міз­де ұялмай ием­­­деніп тұрса, Советская деген 35, Октябрская деген 14, Комсо­мольс­кая атты 11 және бұлардан басқа тағы да идео­логиялық тұр­­­ғы­­дан ескірген бір­неше көше бар. Сон­дықтан ар­қаны кеңге салу­ға әлі де ерте, еркін­суге әсте бол­май­ды.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан