Тойхана есігін ашуды сұрады
Тойхана есігін ашуды сұрады
513
оқылды
Тойхана иелері «2 ай бойғы карантин кезінде миллион­даған табысымыздан айы­рылдық» деп шыр-пыр болу­да. «Тым құрығанда жүз адам­дық тойға рұқсат берілсін», – дейді олар. Еліміздің бірқатар аймағында ірі мейрамхана, тойхана иелері мен жұмысшылар наразылық шеруін өткізді. Жиналған жұртшылық базарлар мен сауда орындары ашылған шақта мейрамханаларды ашуға рұқсат бермей отырған билікке наразылығын білдіріп, ен­дігі кезекте банкет залдарын ашу­­ды сұрады. 3 мамыр күні Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігінің алды­на жиналған көпшілік 2,5 ай каран­тинде отырғанын, осы уақыт ара­лы­ғында шығынға белшесінен бат­қанын айтып шуласты. – 15 наурызда мейрамханалар жабылды. Бірнеше адам жұмыс істейтін мейрамханалардың уақыт­ша жұмысын тоқтатуынан көптеген адам жұмыссыз қалды. Олардың тең жартысының әлеуметтік жағ­дайы төмен. Басында несиелері бар. Қайта карантин кезінде несие төлеу мерзімін үш айға шегерді. Енді алдағы шілде айында несие тө­леуіміз керек. Жұмыс ашылмаса, несие­мізді қалай төлейміз? Сани­тар­лық талаптарды сақтауға да­йын­быз, бізге жұмыс істеуге рұқ­сат берсін, – дейді кәсіпкер Аслан Жақыпов. Әкімдік алдына жиналған­дар­дың арасында мейрамхана қожа­йындарынан бөлек, аспаз, дая­шы секілді қызметкерлер, сондай-ақ музы­канттар мен асаба, мей­рам­хана мен банкет залда­ры­ның қыз­мет­керлері де бар. – Жұмыссыз жүргеніме 3 ай болды. 100 мың теңге мөлшеріндегі пәтерақымды төлеген жоқпын. Маған 300 мың теңгені санитар дәрі­гер бере ме? – дейді тойхана әкім­шісі Ерлан Есенмұратов. Көпшіліктің сұрақтарына жауап беру үшін қалалық әкімдіктен сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің жетекшісі Руслан Ыдырысов келді. Ол кәсіпкерлерге «өтініштеріңізді жазбаша қалды­рыңыздар, дүйсенбіге дейін қарай­мыз, санитарлық дәрігермен ақыл­дасып, бір амалын табармыз» деп жауап берді. Бұдан соң наразы топпен сөй­лесуге қалалық Тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Айгүл Шағалтаева шықты. Ол тұрғындарға қоғамдық тамақтану орындарына 30-дан артық адамның жиналуына рұқсат бермеу себебін түсіндірді. Оның айтуынша, кішігірім тамақтану орындарында адамдар тойхана, бан­кет залдарындағыдай ұзақ отыр­­майды. Науқастар өсімі елор­дада азаймай отырғандықтан, мұндай орындарды ашу вирустың тарау жылдамдығын арттыруы мүмкін екенін айтады.  

Шымкенттегі шу. Тұрғындар ұсыныстарын айтты

Елордадағыдай наразылық ше­руі оңтүстікте де болды. Шым­кент­те бизнестің үлкені той бизнесі мен базарлар екенін көпшілігі жақ­сы біледі. Қазақы қаймағы бұ­зыл­маған өңірде қысы-жазы той үзіл­ген емес. Миллион тұрғыны бар қаладағы 120-дан аса тойхана мен 700-дей мейрамхана, кафелердің есігі бір күн болса да жабылған жоқ. Үйлену той, сүндет той, ме­рей­тойдан бөлек, шілдехана, туған күн, тұсаукесер, тілашар да дәс­түр­ге айналып, оны тоқтатуға еш­кім­нің де қауқары жетпей жүр­ген. Міне, әлем дүрліккен тұста амал жоқ, оңтүстіктегі тойшыл қауым­ның да аяғына тұсау салынып, той­ха­налардың есігі тарс жабылды. Табыс­тарынан айырылып, ақшала­ры­нан қағылған тойхана иелері мен сол салада еңбек ететіндер тойханалардың ашылуын талап етіп, «Тойхана ашылсын» деген пла­катпен қалалық әкімдіктің алды­на жиналды. Бұл тақырып бұ­дан бұрын әлеуметтік желілер­де де қызу талқыға түскен бола­тын. Бірі тойхана иелерін жау алмай­тынын айтып, әзірге тойха­на­лар­дың ашылмағаны дұрыс десе, тағы бір топ бір тойдың айна­ла­сын­да бір­неше қызмет көрсету түрі­нің жұ­мыс істеп нәпақа тауып жүр­ге­нін айтады. Наразылық білдірген тұрғындар тарапынан өтініш жасалды. Ал әкім­діктегілер тойханалардың арыз-талабын осы аптада қарас­тыр­­мақ. Арнайы құрылатын штаб отырысы белгіленді. Тойхана иеле­рі­нің талабы қабылданатын болса, онда шымкенттіктер күндізгі 3-тен кешкі 9-ға дейін той өткізуге мүм­кін­дік алады.  

Ақтөбеліктер департамент басшысымен кездесті

Ақтөбеде де ірі базарлар мен мей­рамхана иелері облыстық Та­уар­­лар және көрсетілетін қызмет­тер сапасы мен қауіпсіздігін бақы­лау департаментінің басшысымен кездесті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес иелерін жинап, об­лыстық Тауарлар және көрсе­ті­летін қызметтер сапасы мен қа­уіп­­сіздігін бақылау департа­мен­­ті­нің басшысы Нұрсұлу Бер­кім­­баевамен жүздестірді. Кез­де­суде сондай-ақ облыстық Кә­­­сіп­керлік басқармасының бас­шы­­сы Нұрхан Тілеумұратов, «Ата­ме­кен» облыстық кәсіпкерлер па­ла­тасының директоры Анар Даржа­нова да болды. Облыстық әкім­­дік ғимаратында өткен кез­десу бары­сында кәсіпкерлер жағдай­ла­рын айтып, той жасауға рұқсат берулерін сұрады. Қазіргі таңда облыста көптеген нысанның жұмысын жалғастыруға рұқсат берілгенмен, қоғамдық та­мақ­тану орындарында 50 адамға дейін қызмет етіледі. Алайда қо­ғам­дық тамақтану орындары мен мей­рамханаларда ұжымдық іс-ша­ра­лар, той-думан, садақа өткізуге уақытша тыйым салынған. Кездесуде кәсіпкерлер де бір­неше мәселені ортаға салды. Олар той иелерінің алдын ала төлеп қойған жарнасын кейін қай­та­рып алып, мерекелік шараларды өз аула­ларында киіз үй құрып өткізіп жатқанын айтты. Талап пен тәр­тіпті бірдей сақтау үшін жер­гі­лікті билік өкілдерінен рейд ша­раларын ұйымдастыруды сұрады. – Біз де елдегі жағдайды көріп, түсініп отырмыз. Дәл қазіргі уа­қыт­та біздің алдымызда табыс табу емес, кәсібімізді сақтап қалу мә­селесі тұр. Арамызда мей­­рам­­ха­на­лар­ды жалға алып отырған әріп­тес­теріміз де бар. Банктегі несие, салықтан өзге, қызметкерлерімізді де жоғалтып алу қаупі тұр. Алып отырған жа­ла­қысы болмаған соң білікті қыз­меткерлеріміз бас­қа жұмыс орындарын іздейді. Сон­дай-ақ ай сайынғы төлейтін ком­му­налдық тө­лемдер де дәл қазіргі таңда мей­рамхана иелері үшін үлкен мәселеге айналды. Тоқетері, бізге мемлекеттен көмек қажет емес, бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсе болғаны, – деді мейрамхана иелері атынан сөз алған кәсіпкер Қалау­ша Садықова. Кәсіпкерлердің өтініш-тілегін тыңдаған «Атамекен» облыстық кәсіп­керлер палатасының дирек­торы Анар Даржанова аталған мә­селелер бойынша жұмыстар жүр­­гізіліп жатқанын және нақты шешім қабылданған жағдайда мін­детті түрде хабарланатынын айтты.  

Абылайхан ЖҰМАШ, Назгүл НАЗАРБЕК