«Лада» басылымының жазуынша, оны теміржол құрамының бастығы мен акушер босандырған. Жүктіліктің сегізінші айында болған Ақтөбе облысының тумасы Ақтауға, өз үйіне келе жатқан. Ақтөбеде анасының үйінде қонақта болған.
«4 маусым күні таңғы сағат 5-тер шамасында маған жолсеріктер келіп, жетінші вагондағы әйелдің толғағы басталғанын айтты. Әріптестеріммен бірге басқа жолаушылардан пойызда дәрігер бар ма деп сұрастыра бастадық. Бесінші вагоннан ақтөбелік акушер-дәрігер Светлана Нұрпейісова бар екенін білдік. Босанып жатқан әйел қызметтік купеге ауыстырылып, оған көмек көрсетіле бастады. Сағат 11:10-да ол дүниеге ұл бала әкелді. Барлық стансаларда анаға жедел жәрдем дәрігерлері медициналық көмек көрсетті. Бойжеткен стансалардың бірінде қалғысы келмеді», – деп баяндады Ақтөбе-Ақтау пойызының бастығы Ботагөз Қиданова.
Бұл Ботагөз Қиданованың пойызда әйел босандырудың бірінші оқиғасы емес екен. Бұған дейін ол үш қыз баланың дүниеге келуіне көмектескен.
«Нәрестенің есімін Дінмұхамед деп қойған. Анасы екеуінің жағдайы жақсы», – деп атап өтті Ботагөз Қиданова.