Дәмі тәтті, азабы қатты
Дәмі тәтті, азабы қатты
481
оқылды
Жаздың бірінші айы кір­ді. Әне-міне дегенше ас­пан айналып жерге тү­сер­­дей ап­тап ыстық баста­ла­ды. Жұрт­тың тынысы тары­лып, тілі аузына сыймай, кенезесі кеп­кенде тәтті су­­сын­ға сұра­ныс артатыны рас. Әсіресе, он­дай­ға жас­өпі­рімдер ерекше құмар. Ғалымдар тәтті сусын­ның зия­нын дәлелдеп, қанша да­был қақса да, халық неге қа­уіпті өнімнен бас тарт­­пай­ды? Сусынның құ­ра­­мын­дағы қантты азай­ту­ға өн­­дірушілер неге құлық­сыз? Жақында халықаралық HBSC ғы­лыми орталығы соңғы екі жыл­да қазақстандық мектеп оқу­­шы­ларына жүргізген зерт­теу нә­тижесін жариялады. Зерт­теу 806 мектепті қамтыған. Сауал­на­маға 11, 13 және 15 жастағы 6,5 мың­нан астам оқушы қаты­сып­ты. Сөйт­сек, балаларды қатты алаң­дататын мәселенің бірі семіздік екен. «Әлемдегі әр­бір 5-ші бала, республикадағы әр­бір 12-ші бала артық салмақтан зардап шегеді», – дейді орталық мамандары. Неге? Оның негізгі себебі жаңа­ғы баяндамада жазылған. Сарап­шылар Қазақстанда жасөс­пі­рім­дердің бестен бірі немесе 17 пайызы күн сайын құрамында қанты бар сусын ішсе, әрбір төр­тін­ші жасөспірім тәтті жейті­нін анықтаған. Жалпы, дамыған елдерде се­міз­дікті емдеуге денсаулық сақ­тау саласына бөлінген қаржы­ның 10 пайызы жұмсалады. Осы­дан бес жыл бұрын АҚШ сена­торлары конгресте «артық сал­мақ ұлтттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр» деген мәселе көтерді. Өйткені семіздік түрлі ауру туғызып, баланың ой-өрісін шектейді, жұмыс істеу қабілетін күрт төмендетеді. Былтыр Қазақ тағамтану академиясы кешенді зерт­теу жүргізіп, «Қазақстан бала­ларының 11 пайызы семіз­дік дертіне шалдыққан» деп тұжы­рым жасады. «Бұл – өте үлкен сан. Көрсеткіш жылдан-жылға арт­­паса, кеміген жоқ» деп қын­жы­­л­ады академик Төрегелді Шарманов. Қантты сусынның басқа да зияны баршылық. Ол ағзада зат алмасу процесін бұзып, кө­мір­қышқыл мен майдың жи­на­­луына, тұз-электролиттік тепе-теңдіктің ауытқуына, қан құ­рамында холестериннің кө­беюіне әсер етеді. Тәтті сусын­ды көп ішетіндер арасында жүрек-қантамыр аурулары да молынан ұшырасады. Гарвард университетінің профессоры Васанти Маликтің сөзінше, адам қантты сусынды күнделікті тұтынса, жасына жетпей өлу қаупі 21 пайызға дейін өсуі ықти­мал. Қазақ тағамтану акаде­мия­сының президенті Төрегелді Шарманов: «Қант – ақ, тәтті, токсинді, қатерлі у» дегенді жиі қайталайды. – Қантты сусын – ағзаның жауы. Ол қант диабетіне шалдығу процесін үдетеді. Баланың бойын өсірмей тастайды. Уақыт өте он­ко­логиялық аурулар шақыруы ғажап емес. Қант деген – қазақ­тың табиғатында болмаған нәрсе. Біз оның орнына сүтті пай­да­ланғанбыз. Бұл қауіптен құтылу үшін құрамында қанты бар тәттілер мектепте сатылмауы керек. Өндірушілер тәтті сусынға қантты неге көп қосады? Себебі қант адамның тәбетін ашады да, нарықта өтімді болады, – дейді ғалым. Қазақстанда қантты тұтыну нарығының көлемі – шамамен 500 мың тонна. Халықтың қажеттілігі 245 мың тонна болса, сусын өндірісіне – 155 мың тонна, кондитерлік өнімдер дайындауға 100 мың тонна кетеді. Яғни, тәтті сусынға сұраныстың артуы құмшекерді тұтыну көлемін де ұлғайтқан. Былтыр республикада 673,9 млн литр минералды және газдалған сусын шығарылыпты. Ал алкогольсіз сусын өндірісінің көлемі – 1,59 млрд литр. Жан саны 19 млн болатын мемлекетке бұл – әрине, шектен тыс көрсеткіш. Былтыр тамызда Қоғамдық ден­саулық сақтау орталығы қазақ­стандық өндірушілерден тәтті сусындардың құрамындағы қант мөл­шерін азайтуды сұра­ған. Сонда «Алкогольсіз сусын және шырын өндірушілер қауым­дастығы» атынан қауымдастық президенті Әлия Мамытбаева сөз сөйлеп, бұл саясатты толық қолдайтынын жеткізген. Әзірге оң нә­тиже байқалмайды. Бәрі сөз жүзінде қалған. Өндірушілерді іс жүзінде мәжбүрлейтін заң тетігі жоқ. 2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігі мектептерде газды, тәтті сусындар мен кондитерлік өнімдер сатуға тыйым салды. Елжан Біртанов одан өзге шара қолдану қолдан келмейтінін мойындаған. «Өнеркәсіп бір орында тұрмайды. Олар жарна­малық науқандарды белсенді жүргізеді. Біздің міндетіміз – халыққа тәтті сусынның зиянын түсіндіру. Біз сауда-саттықты шектей алмаймыз», – деген-ді министр. Экономист Мақсат Халық та өндірушілердің дәурені жүріп тұр деп санайды. – Бүгінде қантты сусындарға заң бойынша тыйым салу мүмкін емес. Жекеменшік субъектілер ғой. Керісінше, оларға сондай кәсіп­пен айналысуға рұқсат бе­ріл­ген. Тіпті, бірқатар жеңілдік жасалған. Өйткені олар жергілікті халықтың біразын жұмыспен қамтып отыр. Тыйым саламыз десек, мәселені жан-жақты тал­қылап, заң нормаларына арнайы өзгерістер енгізу қажет. Мысалы, темекі мен арақ-шарап зиян болса да, оны сатуға ешкім шектеу қоймайды. Бірақ оларға адам денсаулығына нұқсан келтіргені үшін қосымша акциз салығы салынады. Ал тәтті сусындарға акциз жоқ. Егер акциз салығы салынса, бұл өндіріс бәсеңдер еді. Себебі сусын автоматты түрде екі есе қымбаттап, сұраныс азаяды, – дейді Мақсат Халық. Ғалымдар коронавирустан дұ­рыс қорғану үшін тәтті сусын­дар­дан бас тартуды ұсына­ды. Жуырда Ресей ұлттық нутрициология мен диетологтар қауымдастығының мүшесі Марина Макиша қант­ты шырындар иммунитетті әлсі­ретеді деп мәлімдеді. Дүние­жү­­зілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның бас директоры Тедрос Гебреисус та алкоголь, темекі мен тәтті сусынды шамадан артық тұ­­тын­ған адамның COVID-19 ин­­­фек­циясын жұқтыру қаупі жо­­ғары деп есептейді. Яғни, үше­уінің зияны бірдей дерлік. Бір қызығы, көп ретте баласын арақ-шараптан аулақ ұстайтын ата-ана тәтті сусынды өзі-ақ са­тып әпереді. Айтпақшы, мана­ғы HBSC ғылыми орталығы қа­зақ­­стан­дық жасөспірімдердің 13-15 пайызы өмірінде бір рет болсын темекі тартып көргенін, 37 пайызы алкогольдің дәмін тат­қанын хабарлады. Ол енді бөлек әңгіменің арқауы.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ