Жамбыл облысы – қай кезде де өзінің өндірісімен танылған өлке. Әсіресе, сонау кеңестік кезеңде Әулиеатаның ауыл шаруашылығы азық-түлікпен Орта Азия мен Мәскеуге дейін қамтамасыз еткені белгілі. Дегенмен тәуелсіздік таңында да тетігін тапқан тірлік бар. Сондай жобаның бірі – «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» атауымен айдарланып, қасиетті Әулиеата топырағында бойына «жан» бітті.
Атап айтсақ, жобаға 10 ауданнан 11 ауылдық округ таңдалынып алынса, бүгінде 5 бағыт бойынша 8 503 миллион теңге игерілген. Оның «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы 7 200 миллион теңгесі 2,5 пайыздық несиемен берілсе, «Тараз»МҚҰ» ЖШС арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларына 1 303 миллион теңге несие қаражаты 5 пайызбен қаржыландырылды.
Үкімет қолдауына ие болуға ниеттілердің қатары көбеюде. Мәселен, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша пилоттық ауылдардан 7 856 аула қатысуға ниет білдірсе, игерілетін жер көлемі 932,0 гектарды құрап отыр. Бүгінгі күнге осы жердің 769 гектары жыртылып, егілген егіс көлемі 496 гектарға жетті. Бұдан бөлек, үй іргесіне салынатын 16 жылыжай құрылысына 138,1 миллион теңге беріліп, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 125,9 миллион теңгеге қажетті тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Екінші бағыт бойынша да есепте емес, ел есінде қалып жатқан тірлік көп. Мал шаруашылығын дамыту мен мал сатып алу аясында 44 850 мал басына 2 454 өтінім мақұлданса, тұрғындар 6 905 миллион теңгемен қаржыландырылып отыр. Оның бүгінгі күнге 2 102 өтінім иесі 5 531 миллион теңгеге 39 800 бас мал сатып алып, тіркеуден өткізді. Ал 6 395 бас ірі қара, 23 789 уақ мал, 5841 бас жылқы және 3 775 құс сатып алу бойынша жұмыстар жалғасуда.
Үшінші бағытқа келсек, тұрғындар ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалануға барын салуда. Бұл бағытта жалпы округтерде игерілмей жатқан 10 325 гектар жеріне егілетін дақылдардың сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын және жанар-жағармай сатып алу үшін кооперативтер өтінімдеріне сәйкес, 230,1 миллион теңгеге айналым қаржыларымен қаржыландырылған.
Ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу бағыты бойынша жаңадан құрылған 11 ауыл шаруашылығы кооперативін қажетті техника, құрал-жабдықтармен лизинг жүйесімен 1 038,4 миллион теңге көлемінде несиелендіру жүргізілді. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 192 дана ауыл шаруашылығы техникасы жеткізіліп, ағымдағы жыл басында масақты дақылдарды оратын 10 комбайннан басқасы өтінімдерге сәйкес табысталды.
Жамбылдық жобаның бесінші бағыты ауылда кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейткені жасырын емес. Мәселен, жеке кәсібін ашу бойынша жалпы 12 жобаға 64,7 миллион теңге несие берілсе, өзге бағыттар бойынша да баянды бастамалар бағдарын табуда.
Енді жобаның екінші кезеңі бойынша әр ауданнан екі округтен таңдалып алынуда. Аталған елді мекендерге 11,5 миллиард теңге бөлініп, 3 631 жоба жанданады деп күтілуде. Бір сөзбен айтқанда, 63 500 тұрғын мен 11 100 аула бұл қаржының шарапатын көргелі отыр.
Әрине, жоспарлы жұмыстың осындай жүйелі болғаны жан жадыратады. Одан бөлек, екі жылдың есебі бойынша 3 631 тұрғын 45 600 және 162 000 теңге аралығында ай сайын табыс табады деп көзделуде. Ал бұл сома 2022 жылы екі есеге өспек.
Сондай-ақ алғашқы екі кезең бойынша 3 631 адам жеке кәсіпкер атанып, 20 округте ауыл шаруашылығы өнімдері 2,2 есеге өседі деп күтілуде. Бұдан бөлек, сүт және ет бағытындағы өндіріс 20-30 пайызға артпақ.
Міне, осылайша Жамбылда «жан» біткен пилоттық жобаның бағдары айқындалып, қадамы көз қуантуда. Одан бөлек, биыл жергілікті билік «Егістік даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты елімізде іске қосылған пилоттық жобаға да үн қосуда. Аталған бастама аймақта «Алқаптан сөреге дейін» деген атаумен айдарланып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтің айтуынша, жоба аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі екен.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 5 түрлі іс-шара жүзеге асқалы отыр. Нақты айтқанда, енді қаржыландыру тетіктері кеңейтіліп, «Алқаптан сөреге дейін» атты қаржыландыру тетігі енгізілетін болады. Экспортты және импортты алмастыру ісін жүргізу қолға алынып, егіс алқаптары ұлғайтылады және өнімділік пен жалпы жинау тетігінің аясы кеңейеді, – дейді Берік Болатұлы.