Ескексіз қалған «Ертіс»
Ескексіз қалған «Ертіс»
236
оқылды
Жуырда павлодарлық «Ертіс» футбол клубы банкрот болып жабылғанын рес­ми мәлімдеген болатын. Команда осы қаржы тапшылығына байланысты Қа­зақстан чемпионатына қатысудан бас тартты. Ел біріншілігінде бес мәрте жеңіске жеткен клубтың келешегі не болмақ? Шығынға ұшырауының себебі не?  

Демеушілер қауқарсыз

Жыл басынан бері демеуші­лер «Ертіс» клубына 200 млн тең­ге қаржы аударған. Одан бө­лек жергілікті бюджеттен 183 млн теңге қарастырылыпты. Бі­рақ осы 383 млн теңге клубқа жұғым құрлы болмапты. Жоспар бойынша команданы сақтап қалуға 1,8 млрд теңге (клубтың қарызы), демеушілер есебінен 1,6 млрд теңге қаржы қажет болған. Алайда клубты сақтап қалуға облыстық спорт басқармасы да ниеттенбеген сыңайлы. Себебі «Ертіске» 183 млн теңге бөлген бас­қарма 1,6 млрд теңгесін «Ақсу» мен «Екібас­тұз» фут­бол командасына қиыпты. Есесіне осы екі құрама Қазақстан чемпионатына қатысқалы отыр. Осы Спорт басқармасы командаға «ле­гио­нерлерді босатып, жергілікті ойыншыларды қалдырайық» деп ұсыныс айтқан. Легионерлер болса ақпан мен наурыз айындағы жалақыларын беруді сұрапты. Енді шетелден келген ойын­шылар шағым түсіре бастаған. Ал Павлодар облысының Туризм және спортты дамыту басқармасының бас­шысы Марат Айдашев легионерлермен соттасудан да қаймықпайтын секілді. Оның үстіне, ол «клуб жабылды» деген сөзді жоққа шығарып отыр. – Ақша төлей алмайтынымыз анық қой, егер команда шығынға қарамай ойынды жал­ғастыра бергенде, бәрібір шағым түсетін еді. Соттасамыз, жағдайды бақылаймыз. Клуб банкротқа ұшырады деген қауесет шығыпты. Жабылған жоқ, тек қана қаржыны үнемдеп, салықты төлеу үшін не істеуге болатынын ой­ланамыз, – дейді М.Айдашев.  

Бақауов кінәлі ме?

Павлодар облысының экс-әкімі, жақында 3,5 жылға бостандығы шектелген Болат Бақа­уовтың тұ­сында клубтың бапкері, болгариялық Дими­тар Ди­митров жанжалдан соң қызметінен кеткен еді. Димитров команданы ел бірін­ші­лігінде жүлделі орынға көтеріп, еурокубок­тар­ға шығарған бі­лікті бапкер. «Ертіс» бас­шылығы бапкерді жат­тығу мен ойынға кел­мей қалғаны үшін айып­таған. Ал болгариялық маман бәзбі­реу­лердің стадионға кіргізбей қой­ғанын айт­қан. Көп ұзамай бапкер кө­мек­шілерімен бірге клубтан қуылды. Қалай десек те, құраманы же­тістікке жеткізген бапкердің клубтан қуыл­ғаны шынында да түсініксіз. Бейресми ақпа­раттарға қарасақ, Бақауов Димитровқа шүй­ліккені айтылған екен. Бірақ себебі бізге бей­мәлім. Болгариялық бапкер жуырда KazFootbal.kz сайтына берген сұхбатында клубтың жабылуына облыстық әкімдікті кінәлапты. – Мені далаға лақтырса да, «Ертіс» мен үшін қымбат. Мұның бәріне нашар менедж­мент пен облыс әкімдігі кінәлі. Клубқа жаным ашып екінші рет бардым. Бірақ облыс әкімі мені көргісі келмеді, – депті Димитар Димитров.  

Клубтың ішкі былығы

Сәуірде клубтың жаңа директоры Нұрлан Ысқақовтың бастамасымен клубқа аудиттік тексеріс жүргізілген. «Ертістің» ресми сай­тын­дағы дерекке сүйенсек, тек салық бойын­ша 1 млрд теңге қарыз бары көрсетіліпті. Жаттық­тырушылар мен ойыншылардың жалақы сме­тасы 379,5 млн теңгеден асып кеткен. Бапкердің көмекшілері мен 10 легио­нерге 181,9 млн теңге­ден астам сыйақы бері­ліп, 13 футболшыға негізсіз сыйақы ретінде 197,5 млн теңге жұм­салыпты. Клубтың бас­шы­лық қызметінде отыр­ғандардың жалақысы 44 млн теңгеден асқан. Себепсіз бонустар төленген. Тексеру кезінде клубта жұмыс істе­месе де, 8 млн теңге жалақы алып отырған адам­дар анықталған. Қарап отырсаңыз, тізіл­ген шығын. Команданың тағдырына бұл да ке­сірін тигізбей қоймағаны анық. Meta-ratings.kz порталының дерегінше, клубты бан­крот деп жариялау туралы бастаманы клубтың бас менеджері Дмитрий Васильев ұсы­ныпты. Маман әкімдікке «тұйықтан шығу­дың жалғыз жолы – банкрот» деп айтқан көрінеді.  

Жанкүйерлер наразы

2 маусым күні «Ертіс» футбол клубының 100-ден астам жанкүйері Павлодардағы «Жұл­дыз» стадионының жанында әкімдіктен клубты сақтап қалуды сұрап, наразылық білдірді. Тіпті, павлодарлықтар әлеуметтік желіге «Иртиш­живи» хэштегімен қолдау білдіріп жатыр. Ал «Ертіс» футбол клубының баспасөз хатшысы На­сима Қорғанбекова клуб­тың жабылуын қазақ футболына жасал­ған қастандыққа балап отыр. – Ақпарат саласында жүргендерге жеке амбициясын білдіруге болмайтын шығар. Бірақ пікірімді айтқым келеді. «Ертіс» – Қазақстанда ең көп жүлде алған клубтың бірі. Кінәлілер өзінің ар-ожданына қарайды. Әр ойынға мүмкіндігі шектеулі балалар мен же­тімдер үйінің бүлдіршіндерін шақыратынбыз. Өзіміз шай әзірлеп күтетінбіз. Эмоцияға толы ойындар болатын. Бұл жай ғана футбол емес, достық пен көңіл күй сыйлаудың жолы. Клубта 2012 жылы туған балалар да жаттығып жатыр еді. Әлі уақыты келеді деп сенемін. «Ертіс» қайта оралуы мүмкін, – деп жауап берді сауалымызға.  

Шетелдік тәжірибе қандай?

Еуропа елдерінде банкрот болып, жабыл­мақ болған клубтарды жанкүйерлер біріге қаржыландырып сақтап қалған оқиғалар бар. Көрші Өзбекстан елінде де футболға қатты көңіл бөлініп отыр. 2019 жылдың желтоқсан айында Өзбекстан президенті Шавкат Мир­зиёев «Өз­бекстанды дамытудың жаңа кезеңіне футболды көтеру шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша 2020 жылдан бастап елдегі футбол клубтары өз бизнес-стратегиясын құрып, жеке компаниялардың демеушілігіне өтеді. Осы уақытқа дейін клуб­тарды мемлекеттік кәсіпорындар қаржылан­дырып келген екен. Демеуші демекші, Еуропа елдеріндегі барлық клубтар жеке кәсіпкер­лерге қарайды. Сондықтан «елімізде құрама­лар­ды жергілікті әкімдіктің қаржыландыруы жөн бе?» деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе толық бірізге түспесе де, Қазақстанда кәсіп­кер­лердің демеу­ші­лігімен, әкімдіктен бірде-бір қаржы алмай дамып жатқан клубтар бар. Соның бірі – алма­тылық «Қайрат» футбол клубы. Бүгінде бұл ко­мандада жасөс­пірімдер академиясы да жасақталған.   Түйін: Осылайша, Қазақстанның бірден-бір пентакампеон (5 дүркін жеңімпаз) клубы мүшкіл жағдайға тап болды. Бұл дүние өзге футбол клубтарына да сабақ болып, жеке кәсіпкерлердің футбол спортына ерекше көңіл бөлгені мақұл-ды. Ал «Ертіс» клубы келешекте жасыл алаңның төрінен табылар деп сенеміз.  

 width=Мадияр ТӨЛЕУ