Ішкі істер министрлігі бірқатар минитрлікпен байланыс орнатты. Нәтижесінде, түрлі заңға өзгеріс пен толықтыру енгізіліп, ереже қабылданды.
Ішкі істер министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, IMEI кодтардың бірыңғай базасын құруды және абоненттік құрылғыларды тіркеу ережелерін әзірлеуді көздейтін «Байланыс туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Биыл қаңтар айынан бастап абоненттік құрылғыларды тіркеу ережесі енгізілді. Ереженің ерекшелігі – IMEI код + SIM карта + ИИН схемасы бойынша қолданыстағы мобильді құрылғыларды тіркеу және сәйкестендіру кодтарының бірыңғай дерек қорын (БДҚ0) құру. Абоненттік құрылғыны міндетті түрде тіркеу керек. Қазіргі таңда ұялы байланыс компаниялары да қолданыстағы жүйені құптап отыр.
Айна, дөңгелек және басқа да автобөлшектерді ұрлау – қылмыстың кең тараған түрі. Автоұрлық нарықтағы бизнес түріне жатады. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, ішкі сауда ережесіне өзгерістер енгізіледі. Автобөлшектер арнайы дүкендерде сатылатын болады. Бұрын қолданыста болған қосалқы бөлшектерді сатуға қабылдау тек дүкен мен бөлшекті тапсыратын тұлға арасында сатып алу-сату шартын жасаған кезде ғана жүргізіледі. Егер көрсетілген ережені орындамаған жағдайда «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша жауапқа тартылады.
Тағы бір маңызды мәселе – кәріз құбырының қақпағын ұрлау. Қара және түсті металдарды қабылдау пунктерінің салғырттығынан биыл металл ұрлаумен байланысты қылмыс 3 пайызға (1 150-ден 1 183-ке дейін) өсті. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен өзара іс-қимыл жасап, металл сынықтарын жинау мен дайындау мәселелері бойынша ұлттық стандартқа өзгерістер енгізіледі. Электротехникалық металл бұйымдарын және кәріз қақпақтарын қабылдауға тыйым салынады.
Айбике ЖАНАСЫЛ