Жыл сайын бір көрініс: жазғы каникулға, еңбек демалысына шыққан азаматтар баратын жағына бара алмай, сандалады да жүреді; пойызға билет табу бір мұң, ұшақтың билеті қымбат; екі ортада халық қиналыс табады. Бұрынғыдай кассаның алды толған кезек, электронды жолмен билет сатып алушылардың да маңдайы тасқа жиі тіреледі.
Үкіметтің жалпы бағыты дұрыс. 2017 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Үкіметінің №827 қаулысымен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ортамерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану арқылы республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақмерзімді перспективада Қазақстан экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму жолына көшіру үшін жағдай жасау. Бағдарлама 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылады және елдің флагмандық салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін береді. Еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақмерзімді өсуіне жағдай жасайды.
Елдің сұранысын өтеу соншалықты қиын ба? Қазір азаматтардың көбі ұшақ пен теміржол билеттерін электронды түрде сатып алуға бейімделді. 2018 жылы интернет арқылы 16 264 373 млн билет сатылған екен.
«Жолаушылар тасымалы» жылда бір нәрсе жасаған болады. Биыл да 1 шілдеден бастап электронды теміржол билеттерін сатудың жетілдірілген жүйесін іске қосамыз деп жатыр. «Бұл жүйе бос билеттерді белгілі бір уақыт аралығында ғана сатылымға түсіреді. Оның уақыт алгоритмін автоматика өзі есептеп шығарады. Егер касссир 30 секундта бір типті 5 сұраныс жасаса – онда жүйе оны құрсаулап тастайды. Егер бір мезетте 3 бірдей сұраныс жасаса – онда оған «жүйе 5 минутқа құрсауланады» деген хабар түседі. Яғни, бұл жүйе бос билеттерді «ұстауға» қарсы бағытталған. Ескі жүйеде жолаушылар тарапынан қайтарылған билеттер сол мезетте сатылымға шығып, алып-сатарлардың қолына түсетін еді. Олар осыны пайдаланып алынған жол құжаттарын бірнеше есе қымбат сатып, пайда табатын», – депті хабарламасында. Бірдеңе түсіндіңіз бе? Негізгі нобайы бос билеттерді сатылымға шығару шығар. «Құрсауланады» деген сөзді түзетіп жазып отырмыз.
Жол жүру билеттерін «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына қарасты 233 кассада, жекеменшік 4 500 кассада және де интернеттегі билет сататын ресми сайт EPAY.RAILWAYS.KZ (комиссиясыз) және басқа да ғаламтордағы сату көздері арқылы алуға болатынын білеміз.
Бірақ алып-сатарлар қатары азаймай тұр ғой. Жалпы, осы билет мәселесі Тәуелсіздік жылдары бір реттелмей-ақ қойды. Бұрын жолаушылар билеттерін «жиі қайтаратын». Қайтарылған билеттер қайта сатылатын. Осы жерде бір «ит өліп жатыр». Бұл – ауадан ақша жасаудың бір тәсілі. Осыны қанша құзырлы мекеме неше рет тексерсе де, ретке келтіре алмады. Электронды теміржол билеттерін сатудың жетілдірілген жүйесі қандай болатынын өмір көрсетеді.