ASTANA FINANCE DAYS: Үздік қаржы платформасы құрылды
ASTANA FINANCE DAYS: Үздік қаржы платформасы құрылды
359
оқылды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ұйымдастырған Astana Finance Days конференциясы шеңберінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен АХҚО сотының ғимараты мен Халықаралық арбитражды орталығы ашылды.

– Осыдан бір жыл бұрын Қа­зақстан Тұңғыш Президенті – Ел­басы АХҚО-ға ресми бастама берді, ал бүгін тарихымыздың жаңа бө­лімін аштық. Бүгінгі шараны Қа­зақстан тарихындағы беделді төреші Төле би атындағы залда өткізуіміз де тегін емес. АХҚО сотының төрағасы Лорд Вульфке және Халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доманға, сондай-ақ АХҚО сотының бас жетекшісіне аталған сот пен орталықты ашуға қосқан үле­сі үшін ерекше алғыс айтамын, –­ деген Қасым-Жомарт Кемелұлы АХҚО соты мен Халықаралық ар­битражды орталықты ашық деп жа­риялап, қалыптасқан дәстүр бойын­ша сот балғасымен соққы жасады.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, заң үстемдігі – табысты эконо­ми­­ка­лық және тұрақты өсімнің негізі. Сондықтан заманауи кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін құруға ерекше мән берілді. Ағылшын заңына не­гізделген АХҚО соты мен Халық­аралық арбитражды орталық құру арқылы АХҚО-ның инсти­туционалдық құрылымын құру аяқталды.

– АХҚО-ны құру дамыған 30 ел­дің қатарына енуге арналған маңыз­ды құрал саналады. Бұл міндеттің өте жауапты екенін білеміз. Ол тұ­рақты сапалы экономикалық өсімді және жаңа инвестициялар мен жаңа технологиялар тартуды қажет етеді. Дегенмен реформалардан қорық­паймыз. Сондықтан ағылшын заңы бұрынғы Кеңес Одағы аумағын­да алғаш рет елімізде жалпы әділ сот жүйесінде табысты қол­данылмақ. АХҚО сотын ең беделді және құр­метті британ судьяларынан қа­лып­тастыру АХҚО-ның табысқа жетуіне ықпал етеді, – деді Қ.Тоқаев.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, әлемнің табысты қаржы орталықтарының көп­шілігі жалпы құқықтың юрисди­к­ция­сында жұмыс істейді.

– Бұл нарық талаптарына тез бейімделген және инвесторларға сот шешімін шығару кезінде әділдік пен бейтараптыққа кепілдік береді. Осылайша, өңірдегі ең үздік қаржы платформасы мен бірегей инвес­т­кли­матты құрғымыз келеді, – дейді ол.

АХҚО сот төрағасы Лорд Вульф АХҚО соты мен АХҚО артбитражды орталығын құру Қазақстан үшін зор же­тістік екенін айтады. Екі орган да жаңа технологиялармен жабдық­талған.

АХҚО биржасының (АІХ) басқарма төрағасы Тим Беннет Қазақстан Президенті алдында ар­найы таныстырылым өткізді. Оның сөзінше, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының акциялары қазіргі уақытта Қазақстанда бел­сенді саты­латын бағалы қағаз, ай­налым жыл­дам­дығы көптеген даму­шы нарық­тарға қарағанда 2-3 есе жоғары. Ал Polymetall компа­ниясы акциялары­ның листингі АХҚО бир­жасының халықаралық эмитенттер тарапынан сұранысқа ие. Тим Бен­неттің ай­туынша, ІРО-дан бастап жарты жыл ішінде АІХ алаңында бірінші ком­пания жаһандық ин­весторларға түсінікті инфрақұрылым жасап қоймай, мультивалюталық сауданы, биржалық инвестициялық қорлар­дың көмегімен өнімдер желісін алуан түрлі етіп, юниорлық геологиялық барлау компания­ларының инвес­тиция тарту үшін жаңа сегментті іске қосты. «Белдеу және жол» сегмен­тінде әлеуетті эмитенттермен бір­неше келісімдер жасады, сондай-ақ бөлшек инвес­торларға арналған мобильді қосым­шаны іске қосты. АІХ елдегі және өңірдегі капиталдың терең және жоғары өтімді нарығын дамытуды жалғастырып келеді.

 Бұл күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын бас­қару кеңесінің (Кеңес) оты­ры­сын өткізді. Басқосуға Кеңес төрағасының орынбасары – ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин, ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысты. Айта кетейік, кеңес құрамында Еуропа қайта құру және даму банкі президенті Сума Чак­рабарти, Ислам даму банкі тобы­ның президенті Бандар Хаджар, City Group инвестициялық және корпоративтік банкінің жаһандық блогының басшысы Джули Мо­нако сияқты ірі халықаралық қар­жы құрылымдарының басшылары бар.

– «Астана» халықаралық қар­жы орталығы құрылғалы бері Ке­ңестің төрт отырысы өтті. Онда АХҚО даму стратегиялары, орган­дарының құрылымы бекітіліп, өзге де жүйелік маңызды мәселелер қаралды. АХҚО – Нұр-Сұлтан қа­ла­сындағы ерекше мәртебесі бар аумақ қана емес, қаржылық орта­лық, құзыреттер мен кәсіби даму­дың, адами капитал, жасыл эконо­мика және исламдық қаржылан­дыру орталығы. Мұның барлығына ішкі күш-жігеріміздің және тұтас халықаралық қауымдастық пен шетелдік серіктестердің қолдауы арқасында қол жеткіздік, – деді Қ.Тоқаев.

Президенттің айтуынша, АХҚО өзінің біржылдық жұмы­сында 37 деңгейге көтерілді. Қар­жы орталықтарының беделді жа­һан­дық индексінде 51-орынға тұ­рақтады. Нұр-Сұлтан қаласы Шы­ғыс Еуропа, Орталық Азия аймақ­тары бойынша көшбасшы орында тұр.

– «Астана» халықаралық қар­жы орталығы табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалды және инфрақұрылым жолға қойылды деп толық сеніммен айта аламыз. Енді бізге тәжірибелік нәтиже маңызды, – деді ол.

Кеңестің міндеті – АХҚО да­муының стратегиялық бағыттарын анықтап, әлемдік деңгейдегі ха­лықаралық қаржы қызметін көр­сету орталығын қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл ретте АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың бір жылда атқарған жұмысын баяндады:

– Соңғы 12 айда өте жақсы же­тістікке қол жеткіздік. Біздің рет­теуші аясында 200-ден астам компанияның тіркелуіне келсек, бұл компаниялар арасында аса танымал ұйымдардың бар екенін мақтанышпен айтқым келеді. Мәселен, Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі бар. Сонымен бірге, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы­ның нағыз қаржылық хабына ай­нал­ғымыз келеді. Үкімет пен Ұлт­тық банк бұл жобаны қолдап отыр және мұндағы маңызды мәселе – басқа ұйымдармен өзара байланыс. Сондықтан қазір Токио, Сингапур, Шанхай қалаларына тікелей әуе рейсін ашу жөнінде Үкіметпен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл АХҚО-ны ірі жаһандық қаржы орталықтарымен байланыстыра­ды, – деді Қ. Келімбетов.

Айта кетейік, АХҚО тіркелген қатысушылардың географиясы кеңейіп келеді. Қазақстан, Ресей, Эстония, Латвия, Біріккен Ко­роль­­дік, Италия, Финляндия, АҚШ, Қытай, Гонконг, Сингапур, Малай­зия, Үндістан, БАЭ, Түркия сияқты 20-дан астам елді қамтып отыр.

Кеңес отырысында Бандар Хад­жар өзі басқаратын Ислам даму банкі тобы Қазақстанның страте­гиялық серіктесі екенін, өзара тиім­ді қарым-қатынастарды дамы­тып, жобалар қоржынын ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыра­тын­дарын жеткізді. Ал Сума Чак­рабарти Еуропа қайта құру және даму банкі АХҚО серіктесі ретінде жасыл қаржыландыру саласында бірге жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Полиметалл УК» АҚ прези­денті Игорь Финогенов осы жыл­дың сәуірінде «Полиметалл Интернешнл Плюс» компа­ния­сының қарапайым акциялары АХҚО-ның ресми тімізіне енгізілгенін еске алды.

– Аукционнан кейін орналас­тыру көлемі 17 миллион АҚШ дол­ларынан асатын 1 690 440 ак­ция­ны құрады. Акциямызға сұра­ныс екі еседен асып түсті. Сауда нәтижесі үмітімізді артығымен ақтады. Орта мерзімде АХҚО Ор­талық Азияның негізгі өңірлік ин­вестплатформасы ретінде ма­ңыз­ға ие болады деп санаймын. АХҚО биржасы Өзбекстан, Әзір­байжан, Түркия және Қытайдан келген инвесторлар үшін тартымды орын болады, – деді ол.

Astana Finance Days конферен­циясы аясында EdTech білім беру технологияларының алғашқы қа­зақстандық форумы өтіп жатыр. Бұл жаңа технологиялардың көмегімен білім алуды қамтамасыз етуге, жеңілдетуге, индустриялық дамуына қызығушылық туғызған, білім беру технологияларын жүзеге асырған инвесторлар мен әзірлеу­шілер, кәсіби қоғамдастық, ЖОО, министрлік пен ведомоствалар, технологиялық білім беру сала­сының жергілікті қатысушылары мен әлемдік сарапшыларының басын қосқан жиын бола алды.

Astana Finance Days аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қай­рат Келімбетов пен Bloomberg Media Group жеткшісі Джастин Смит Bloomberg Media Group-тың Орталық Азиядағы алғашқы телестудиясын ашты. Bloomberg Media Group қаржы нарығының белсенді қатысушыларына қаржы саласының ақпараттарының әле­уетті жеткізушісі саналады. Алдағы уақытта студия қонақтары Bloomberg Television-ның жаңалық­тарында Гонгконг, Дубай, Лондон, Нью-Йорк және басқа да қалалар­дан таратылатын тікелей эфирге қосылады.

– Студияның ашылуы – үлкен жолдың басы деп білемін. Бола­шақ­та ынтымақтастығымыз дами­ды және Нұр-Сұлтан қаласында Bloomberg-тің толыққанды фи­лиа­лын ашамыз деген сенімдемін, – деді Джастин Смит салтанатты рәсімде.

Бүгін Astana Finance Days ая­сында исламдық қаржыландыруды дамытудың жол картасы таныс­тырылады, қаржылық технология мен түркітілдес мемлекеттердің эко­номика министрлерінің оты­рысы өтеді