Білім саласындағы бітпейтін өзгерістен бәріміз шаршадық. Балабақшадан университетке дейінгі кезеңді қамтитын бұл жүйеге тыныштық жоқ. Сонда да министр құтаймайды. Өркендеп, өрлеп кеткеніміз және шамалы. Ғылымның жайы тіптен аянышты. Инновацияға иек арту былай тұрсын, ғалымдардың тұрмысын түзей алмай отырмыз. Таяуда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым-білім саласын түбегейлі реформалау мәселесін көтерді.
Президенттің сөзінше, Қазақстанда 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаражат 7 есе ұлғаяды. Өйткені қаржының аздығынан оқушылардың білім сапасы бойынша айтарлықтай артта қалғанбыз. «Білім беру – экономиканың маңызды саласы. Ақшаның аз бөлінуіне себеп бар. Көрпеге қарай көсілу керек дегендей. Жағдайға қарап өмір сүру керек. Біз бір оқушыға жылына орташа есеппен 1 мың долларға жуық ақша жұмсаймыз. PISA рейтингінің ондығына кірген елдер 10-14 мың доллар шығындайды», – деді Тоқаев.
Рас, Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сүйенсек, білім беруді қаржыландыру жөнінен әлемде 125-орында екенбіз. Қазақстан бұл салаға ЖІӨ-нің 3,1 пайызын бөледі. 153 мемлекет енген тізімді көргенде көзің ұялады. Алдымызда – Сальвадор, Гватемала, Мадагаскар, артымызда – Маврикий, Андорра секілді мешеу мемлекеттер. Әрине, шамамызға қарап шабамыз ғой. Әйткенмен, «дамыған 30 елдің қатары», «индустриалды-инновациялық даму» дегендей айғайлап айтатын амбициялардың шынайы көрсеткішпен үйлеспейтіні қиын-ақ. Енді ғылым мәселесіне үңілейік. Тағы сол Дүниежүзілік банктің рейтингі бойынша Еуропада ғылымды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 3 пайызынан 4,5 пайызына дейінгі аралықта құбылса, Ресейде 1,2 пайыздан асады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайызға жетпейді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (Research and development) ең көп ақша бөлетін бес ел: АҚШ – 543,2 млрд доллар; Қытай – 260,5 млрд доллар; Жапония – 156,1 млрд доллар; Германия – 111,6 млрд доллар және Оңтүстік Корея – 69,7 млрд доллар. Бір мысал. Бестікті түйіндейтін Оңтүстік Корея соғыстан кейінгі аса ауыр кезеңде ЖІӨ-нің 28 пайызын білім саласына жіберіп, таңғажайып шешім қабылдапты. Бүгін біз корейлердің қандай керемет нәтижелерге қол жеткізгеніне куәміз. Оңтүстік Кореяда емделеміз, кореялық көлік мінеміз, электроникасын тұтынамыз. Осы орайда Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институты директорының орынбасары Алмас Найманбайдың айтқаны ойға оралады. – Оңтүстік Кореяның Донгук университетіне барғанымда оқытушының, ғалымның деңгейі әкім, министр, керек десеңіз, президенттің деңгейінен биік екенін байқадым. Ғалымдарға халықтың құрметі өте жоғары. Әлеуметтік жағдайы бізден он, жиырма есе жақсы десем, өтірік емес. Жас ғалымның өзінде жеке кабинет бар. Түркияның Гази университетінде де болдым. Кітапханалары 24 сағат ашық. Ал Қазақстанда ғалымдардың ондай мүмкіндігі жоқ, – деп еді Алмас. 2019 жылы Қазақстан ғаламдық инновация индексінде 126 елдің ішінде 79-орынды иеленіпті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда бес саты төмен көрсеткіш. Рейтингте 9 жыл қатарынан Швейцария бірінші орыннан түспеген. Оның не кереметі бар? Былай қарасақ, жан саны аз, жері кіп-кішкентай, қазба байлықтан жұрдай. Сөйте тұра машина жасау, электротехника, металл өңдеу салаларында орасан технологиялық табыстарға жеткен. Соның арқасында АҚШ пен ЕО-ның маңызды сауда серіктесіне, әлемдік қаржы орталығына айналған. Швейцария кереметінің құпиясы жоқ. Бұл мемлекет ғылым мен бизнестің әріптестігін қалыптастырып, инновация жаңалықтарын дереу өндіріске енгізуді үйреншікті үрдіс қылған.