Аягөздегі психоневрологиялық патологиясы бар балаларға әлеуметтік қызмет көрсету интернатындағы төрт баланың өлімі қоғамда дау туғызды. Төрт баланың бір ай көлемінде әртүрлі туа бітті аурулардан көз жұмғаны айтылған. 2008 жылғы ұл бала 2 сәуірде, 2009 жылғы ұл 11 сәуірде, 2006 жылғы ұл 20 сәуірде және 2012 жылғы қыз бала 29 сәуірде бұл фәнимен қоштасқан. Ішкі істер министрлігінің іс қозғауына Аягөздегі келеңсіз жағдайға байланысты Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның әлеуметтік желідегі дабылы себепкер болған еді. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәселенің өзектілігіне мән беріп, еліміздің әр өңірінде орналасқан медициналық көмек көрсететін 113 мекемеге тексеру жүргізілетінін мәлімдеген-ді. Алайда тексеру жүргізілмей жатып, тағы бір оқиғаның шеті қылтиды. Бұл жолы Павлодардағы психоневрологиялық орталықтың қызметкерлерінің балаларды ұрып-соққаны туралы ақпарат тараған. Аталмыш мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерді ұрып-соққан. Тіпті, балаларды түнгі уақытта төсегіне байлап қойып жүріпті. Таңертең босатуды да ұмытқан. Облыстық прокуратура басқарма басшысы Асхат Қоқымбаевтың айтуынша, «балаларға жұдырық жұмсау тұрақты түрде болған. Ұйықтар алдында төсекке байлап, оянғанда шешуді ұмытқан. Облыстық прокуратура осы деректерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғады. Қазіргі кезде оның төртеуіне сот үкімі шықты. Бір қылмыстық іс соттың қарауында. Қалған 13 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр».
Қауқарсыз баланы ұрып-соққан кім?
Қазір прокурорлық тексерудің барлық материалы құқық қорғау органдарына берілді. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, 3 жастан 18 жасқа дейінгі 40-тан астам мүгедек балалары бар нейропсихиатриялық орталықтың медбикелері мен тәрбиешілері емделушілерді арқанмен жиі байлап отырған екен. Сонымен бірге, заңға сәйкес психоневрологиялық патологиясы бар емделушілерге қатысты мұндай сақтандыру шаралары тек бір жағдайда қолданылады екен: яғни, психиатриялық ауруханаларға қатысты. Балалар психоневрологиялық орталығында емделушілерге әсер етудің басқа тәсілін таңдауы керек еді. Олар қандай бір агрессия тудырса да, қауқарсыз баланы ұрып-соғып, байлап қоюға бола ма? Көпшілік пікірі осыған саяды. Ата-аналар амалсыздан науқас балаларын осындай орталыққа әкелуге мәжбүр. Бұл оларды қинасын, байлап қойсын деген сөз емес. «Ата-аналар науқас балаларына шамасы келмеген соң, осында әкеледі. Олармен жұмыс істеу өте қиын. Кейде мәжбүрлі түрде осындай қадамға барады» дейді ата-аналардың бірі. Балаларды «қинаған» қызметкерлердің жазасы ауыр болуы керек. Орталық директорын жұмыстан шығару мәселесі де айтылып жатыр. Ал психоневрологиялық орталық Павлодардың индустриалды аймағынан қаланың іскерлік бөлігіне көшірілуі тиіс.Түркістандағы ахуал
Бұған дейін Түркістан облысындағы мүгедек балаларға арналған интернатта арнайы тексеріс нәтижесінде балаларды ұру фактісі дәлелденген еді. Бұл туралы «Астана» арнасы арнайы репортаж жасаған еді. «Балалар орталықтағы төрт қызметкердің оларды ұрып-соққанын айтқан. Дегенмен орталық директоры мен орынбасары, тәрбиешілер балаларға құлақ аспаған және тиісті шараларды қабылдамаған. Тексеріс кезінде төрт адамның үшеуі өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Қазіргі таңда бұл іспен Төле би ауданының Полиция басқармасы айналысып жатыр» дейді. Балаларға «бұзылған» азық-түлік бергені, олардың денесін жылытқыш құрылғыларға күйдіру фактілері болғаны айтылған. Қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, медқызметкер мен педагогтер екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Комиссия мүшелері мекеменің әкімшілігін түгелдей ауыстыруды талап етіпті.Аружан Саин не дейді?
«Бізде өкінішке қарай, осындай мекемелерде оқыс жағдайлар болып, балалар құқығы аяққа тапталып жатыр. Қаншама тексерістен ешқандай нәтиже жоқ. Әрі кетсе, басшысы бір мекемеден осы жүйедегі бір мекемеге жұмыс ауыстырады. Менің алаңдайтыным, интернаттағы ата-анасы жоқ балалардың құқығын қорғау қиын. Жанында қорғайтын адамы да жоқ. Мұндай мекемелер облыс орталығынан шалғайда орналасқандықтан, жұмысын бақылау оңай емес. Сондықтан мұндай мекемелерді облыс орталықтарына немесе ірі қалаларға көшіру керек деп есептеймін. Сонда өңірдегі басшылар, басқарма, департамент жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар, прокуратура, қоғам белсенділері жағдайды бақылап, балалардың өміріне араласар еді», – дейді Аружан Саин. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің көтеріп отырған мәселесі орынды. Шалғай ауылдардағы интернатта не болып жатқанын көпшілік біле бермейді. Мұндай орталықтардағы емделушілердің хал-ахуалы қандай? Неге біз төрт баланың өлімінен кейін, не болмаса, Павлодардағы психоневрологиялық орталықтағы «жұдырық жұмсау» оқиғасынан кейін ғана хабардар боламыз. Ата-ана баласын ондай орталыққа еріккеннен апармасы белгілі. Жаны жаралы, мүмкіндігі шектеулі балаға одан ары қиянат көрсетсек, байлап қойсақ, «ұрып-соқсақ», адамдық қасиетіміз қайда? Әлде жанында жанашыр адамы жоқ балалардың құқығы осылай таптала бере ме? «Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасалуы тиіс». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында осылай деген еді. Ендеше, мүмкіндігі шектеулі балалар да қоғамның бір мүшесі. Оларға да дені сау адамдарға жасалғандай мүмкіндік жасалуы тиіс. Оларды қоғамнан алшақтатуға, қиянат көрсетуге жол жоқ.