Атырау – бекіре тұқымдас балықтардың шоғырланған аймағы. Содан да болар, Каспий теңізін тіліп өтіп, Атырау аумағында балық аулауға құмар браконьерлердің саны да тым аз деуге келмейді. Жыл сайын заңсыз балық аулаушыларды тиісті сала мамандары ұстап, жазалап жатқанымен, өңірде браконьерлікті толық жоюдың мүмкіндігі болмай тұр. Бірақ атқарылған істер де аз емес. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы саласындағы браконьерлікке қарсы күрес бойынша 3 жылдың қорытынды ақпаратына зер салсақ, мамандар қызметкерлері балық барконьерлігіне қатысты 5 513 оқиғаны анықтаған. Жалпы, осы мерзімде балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 58 млн 394 мың теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынған. Оның ішінде мемлекет пайдасына 49 млн 968 мың теңге өндірілген екен. Балық ресурстарына келтірілген зиян үшін 111 құқық бұзушыдан 10 млн 714 мың теңге өндіру талап етілген. Соңғы 3 жылда жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 51 тонна 238 келі балық өнімі алынды. Заң бұзушылардан түрлі 3 162 аулау құралы және 611 көлік және жүзу құралы алынды.
Балықтар уылдырық шашқанда...
Жылда бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің уылдырық шашатын кезінде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының су айдындарында «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау іс-шаралары жүзеге асады.Тап осы шара талай браконьерді ұстап жазалауға мүмкіндік берді. Биыл 1 сәуірден бастап 31 мамыр аралығында «Бекіре – 2020» балық қорғау шарасы барысында құқық қорғау, табиғат қорғау және Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің қызметкерлері бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзған 1 119 деректі анықтады. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясының табиғи ресурстарды қорғау бөлімінің бас маманы Рүстембек Қорқытовтың айтуынша, Атырау облысының аумағында – 873, Маңғыстау облысында – 66 және Батыс Қазақстан облысында 180 заң бұзушылық анықталған. Көрсеткіш жағынан Атырау алғашқы орында. – Аталған өңірлерде әкімшілік жауапкершілікке 759 бұзушы, оның ішінде 87 заң бұзушы сотқа тартылды. Браконьерлік және балықтардың сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төніп тұрған түрлерінің заңсыз айналымымен айналысу дерегі бойынша 33 қылмыстық іс қозғалды. Балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 13,0 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Балық қорғау, полиция және шекара қызметі қызметкерлерімен заңсыз айналымнан 13,9 тонна балық тәркіленді – деген Рүстембек Берікұлы қазіргі күні балықты заңсыз аулау азайғанын және оның себебін айтты.Браконьерлікті тыю үшін түсіндіру жұмыстары да қажет
Бұл күнде 2000 жылдың бастапқы он жылдығындай емес, өңірде браконьерліктің азайғанын да мойындау керек. Бұл істе түсіндіру жұмыстарының да пайдасы тиді. Атырауда теңізге шығып, балық аулауды күнделікті тұрмыстық дағдысына айналдырған Жанбай ауылының тұрғындары түсіндіру жұмыстарынан соң тұрақты табыс табу үшін балық аулау кооперативтеріне жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ құзырлы органдардың жіті бақылауы бекіре тұқымдас балықтарды қалаға әкеліп сатудың да жолын кесті. Десек те, «Бекіре» шарасы аясында күн сайын өзендердің арналары, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауы сүзіліп, браконьердің аулары, құрал-саймандары табылып жатады. Соңғы жылдары Жайық-Каспий бассейнінен үш мыңға жуық аулау құралы алынды, олардың басым көпшілігі – монотіндерден тоқылған синтетикалық аулар. Бұл аулар балық үшін аждаһамен бірдей. Оған тұмсығы тұрмақ, құйрығы ілінген балық аман шықпайды. Сондықтан браконьерлік үшін жаза күшейтілді.Жаза күшейді, енді нәтижесін күтеміз
Биылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына кірді. Заңда осындай қылмыстар үшін 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Табиғи қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен қатар, браконьерлік қылмыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралдары қару-жарақ, көлік пен мүлікті тәркілеу қарастырылған. Сонымен бірге заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру – құқық қорғау органдары қызметкеріне шабуыл жасаумен бірдей болады. Сайып келгенде, кеш болса да күшейтілген заң тармақтары бағалы балықты аулауда аяқты тарту керегін ескертіп отыр. Жуырда ғана облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов селекторлық жиында «балық шаруашылығы саласын дамыту – басты міндеттің бірі» деп айтып, Балық шаруашылығы басқармасына арнайы тапсырма берді. Аймақ басшысы, әсіресе браконьерлікпен күрес шарасына баса назар аударды. Балық қорын көбейту үшін былтыр Жайық өзеніне 7,5 млн бекіре тұқымдас балықтардың шабағы жіберілді. Сондай-ақ өткен жылы өңірде 15 464 тонна балық аулауға квота бөлінді. Квотаны игеру көлемі 84,7 пайызға орындалды. Енді биыл бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жуырда Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың шабақтары жіберіледі. Олардың қаншасы уылдырық шашатын жасқа жетерін тап басып ешкім айта алмайды. Себебі тармақтары күшті заңнан айылын жиятын браконьерлерді толық жеңдік деуге әлі ерте.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ Атырау облысы