Сенат басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Жоғарғы палатаның сессияжабар отырысы өтті. Онда сенаторлардың 4-сессиядағы жұмысын қорытындылаған Д.Назарбаева өткен жылдың қыркүйегінен бері депутаттар халқымызбен бірге Қазақстан мемлекеті үшін аса жауапты әрі тарихи оқиғалардың, тағдырлы шешімдердің куәсі болғанын еске салды.
Сенаттың жұмысы қарқынды әрі нәтижелі болды: бір сессияда ғана 83 маңызды заң жобасы пысықталып, қабылданған. Олар мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, экономиканың жекелеген секторларындағы жағдайды жақсартуға бағытталды.
– Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету Сенаттың күн тәртібінің негізгі бағыты болды. Ағымдағы сессияда сенаторлар Үкіметке жүзден астам депутаттық сауал жолдады. Өткір сауалдар арқылы елімізде шешімін таппай жүрген мәселелерге тиісті меморгандардың назарын аударып, оларды шешу жолдарын көрсете білді. Қажет болса, болашақта сауалға жауап беретін лауазымды тұлғаны Сенатқа шақырып, пікір алмасамыз, – деді Жоғарғы палата төрағасы.
Осы сессия барысында депутаттар өңірлерді екі рет аралап қайтты. Тұрақты комитеттер аймақтарда бірқатар көшпелі отырыстарын өткізді.
– Мемлекеттік бағдарламалар және Парламент қабылдаған заңдардың орындалуы депутаттардың ұдайы бақылауында болды. Сенатта мәслихат хатшыларымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Алдағы уақытта осыған жауапты кеңес жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және өңірлік дамудың өзекті мәселелері бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының белсенді жұмысын атап өткен жөн. Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша жаңа консультативтік-кеңесші орган – «Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес» құрылды. Онда бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, Есеп комитетінің рөлін нығайтуға қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Біз осы бағыттағы жұмысты күзгі сессияда белсенді түрде жалғастырамыз, – деді Дариға Назарбаева.
Сенат жанында заң шығару процесін жетілдіру кеңесі де құрылды. Күзде осы мәселеге арналған парламенттік тыңдау өткізу жоспарланып отыр.
– Жалпы алғанда, мемлекеттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің жаңа кезеңін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша тыңғылықты жұмыс атқарылды деп айта аламыз. Осы орайда баршаңызға белсенді әрі нәтижелі қызметтеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді палата басшысы.
Ол осы уақыт ішіндегі маңызды саяси оқиға қатарында 9 маусымда Қазақстанда Президент сайлауының өтуін және онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жетуін атады. Қ.Тоқаев қызметке кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде өзі жүргізетін саясаттың он бағытын тұжырымдады. Д.Назарбаеваның байламынша, бұл бағыттардың әрқайсысы Парламенттің мазмұнды қызмет атқаруы қажетін білдіреді.
– Біріншіден, Президент тапсырмаларын ескере отырып, 2019 жылға арналған Сенаттың жұмыс жоспарын түзету керек. Қажет болса, заң жобаларын әзірлеу мен қабылдауға бастама жасалуы тиіс. Екіншіден, заңдардың орындалуын қадағалау үшін Үкімет мүшелерінің өз қызметі туралы есептерін тыңдау рәсімдерін толық көлемде пайдаланған, өзекті және резонанстық мәселелер бойынша парламенттік тыңдауды жиі өткізген жөн. Үшіншіден, аймақтармен жүйелі негізде маңызды мәселелер бойынша жұмыс жүргізген абзал. Сенаторларға аймақтарды аралап, жергілікті мәслихаттармен және қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеуді жоспарлау керек, – деді Жоғарғы палата төрағасы.
Төртіншіден, Сенат өз қызметін барынша жария және ашық түрде жүзеге асыруға ниетті. Бұл жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Сенаттың веб-сайты жаңартылды. Күзден бастап заңнамалық және жұмыс материалдары да сонда қолжетімді болады.
Бесіншіден, қабылданған заңдардың сапасын арттыру үшін Сенатта ауқымды «сарапшылар пулын» құру көзделген. Заңдарды талқылау, қабылдау кезінде ғылыми қоғамдастықтың, жастар мен гендерлік ұйымдардың, еріктілер қозғалыстарының, үкіметтік емес ұйымдардың және кәсіпкерлердің пікірлерін ескеруге мән беріледі.
Бюро шешімімен Сенат жанында Парламентаризмді дамыту жөніндегі кеңес құрылды, оған бұрынғы және қазіргі сенаторлар, көрнекті саяси және мемлекет қайраткерлері шақырылады.
– Біз олармен, яғни білімі мен тәжірибесі мол азаматтармен байланысты үзбеуіміз қажет. Маусым айының басында Сенатта сөйлеген сөзінде Елбасы: «Біз бәріміз бір миссияны – елдің игілігі үшін қызмет етуді жүзеге асырып жүрміз» деді. Біздің Құрметті сенатормен кездесуге, кеңес алуға және палата отырыстарына қатысуға шақыруға мүмкіндігіміз бар. Біз үшін бұл үлкен құрмет пен жауапкершілік, – деді Д.Назарбаева.
Ол сессия жұмысы аяқталғанымен, депутаттардың қызметі жалғасатынын қаперге салды. Сенаторлар алдында жазғы парламенттік каникул кезеңінде өңірлерде жергілікті тұрғындармен кездесіп, жаңа ой-пікірлер, сындарлы ұсыныстар жинақтау міндеті тұр.
Жиында журналист Айгүл Қапбарова сенатор атанып, ант қабылдады.
Сондай-ақ Жоғарғы палатаның бір топ депутатына ТМД Парламентаралық ассамблеясының жоғарғы марапаты тапсырылды.