Мәжіліс спикері Н.Нығматулиннің төрағалығымен палатаның төртінші сессиядағы соңғы жалпы отырысы өтті. Осыған орай, Мәжіліс төрағасы өткен сессия жұмысын қорытындылады. Оның айтуынша, депутаттар өз жұмысында бірінші кезекте, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің былтырғы қыркүйекте осы сессияның ашылуында, сондай-ақ Жолдауда айқындаған стратегиялық бағыттарына бағдарланды.
– Бұл сессия Мәжіліс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл ретте елімізге, халқымызға қажетті көптеген заң қабылданды. Біраз парламенттік шара өтті. Дәл осы төртінші сессия кезінде Елбасының Nur Otan партиясының XVIII съезінде және Жастар жылының ашылуында берген тапсырмалары, сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын мемлекеттік қолдау бойынша бастамалары Парламенттің заңшығарушылық қызметіне қосымша серпін берді, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Осынау ауқымды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қаралған және қабылданған заң жобалары арасында экономика мәселелерін шешуге арналған құжаттар топтамасы бар. Бұлар қатарында табиғи монополиялар туралы; стандарттау туралы; арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтар туралы; көлік мәселелері туралы заң жобалары аталды.
Бұдан өзге, денсаулық сақтауға, дәрі-дәрмектің және медициналық бұйымдардың айналымына, халықты жұмыспен қамтуға қатысты әлеуметтік заң жобалары да өмірге жолдама алды. Бұған қоса, Мәжіліс тұрғын үй қатынастары, ТКШ және басқа да маңызды мәселелерге арналған заңнамалық түзетулерді мақұлдады.
Мұның сыртында Мәжілісте 13 Үкімет сағаты, 2 парламенттік тыңдау, 14 көшпелі отырыс және 4 халықаралық конференция ұйымдастырылды. Палата спикері атап өткендей, осының барлығы – депутаттық корпустың Үкіметпен, жауапты меморгандармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі.
– Сессия аяқталды. Бірақ бізді алда ауыл-аймаққа сапар жасап, жұртшылықпен кездесу күтіп тұр. Осы жүздесулер барысында айтылатын ұсыныстарды біз ары қарайғы заңшығарушылық қызметімізде ескеруге тиіспіз. Мұндай кездесулер – жұмысымыздың маңызды бөлігі саналады. Халықпен сұхбаттасып отыру біз үшін өте маңызды, – деді Нұрлан Нығматулин.
Сессияжабар жалпы отырыста қалаулылар қолданыстағы 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерді мақұлдап, Сенатқа жолдады. Тиісті заң жобасы Мемлекет басшысының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмаларын, сондай-ақ «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Президент Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік стратегиясын одан ары сабақтастыра отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың аз қамтылған топтарын мемлекеттік қолдау бойынша бірқатар маңызды шараларға бастамашы болды және бұл қадам әлемдегі күрделі экономикалық ахуал кезінде қолға алынып отыр. Сондықтан үшжылдық бюджетке енгізген түзетулер бірінші кезекте, азаматтардың көкейкесті әлеуметтік проблемаларын шешуге, барлық әлеуметтік тапсырмаларды жеткілікті қаражатпен қамтамасыз етуге бағытталды, – деді Мәжіліс спикері.
Н.Нығматулин енді орталық және жергілікті органдар қиын өмірлік жағдайға тап болған, қамқорлыққа шын мұқтаж адамдар нақты көмек алуы үшін жұмысты лайықты ұйымдастыруы тиіс екенін нықтады.
Осыған байланысты ол бөлінген қаражатты тиімді пайдаланудың маңызына екпін түсіре келе, Мәжіліс депутаттары парламенттік бақылау аясында алдағы күзде осы мәселеге қайта оралуға және қол жеткізілген нәтижелерді талдауға ниеттеніп отырғанын жеткізді.
– Бәріміз, Үкімет мүшелері де, депутаттық корпус та халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Сессия аяқталғаннан кейін депутаттар өңірлерге сапарлары кезінде бұл жұмысқа белсенді атсалысуы шарт, – деп түйді Нұрлан Нығматулин.