Тіпті, дағдарыс лебі сезілетіндей. Мұндай трендке не ықпал етуі мүмкін? Қаржының жетіспеуі, маман тапшылығы, цензура? Әрине, жоқ. Әлеуметтік желінің диктаты орнаған заманда көрермен теледидардан Instagram, Facebook, ВКонтакте, TikTok секілді желілерге, YouTube платформасына ауысқалы қашан. Өзіне қажет сериал, бейнебаян, ТВ-жоба, басқасын сол жақтан табады. Иә, тектоникалық өзгеріс. Алайда бұл үрдіс заңда жазылған мемлекеттік тіл талабын орындамауға желеу ме? Аталған факторлар бюджет қаражатын шетелдік сансыз ойын-сауық өнімін сатып алуға негіз бе?
«Өлгендерді жақсы сөзбен еске алсын немесе мүлде ештеңе айтылмасын» деген нақыл бар. Соңғы кезде фактчекерлер «шындықтан басқа» деген тіркесті соңына қосу керек деп жүр. Өкінішке қарай, осы нақылға мәндес мәтелді бүгінде «Хабар» арнасына қатысты қолдануға болатындай. Эфирі күнде қосулы «тірі» телеарна жайлы қалайша бұлай айтуға болады деп шамданарсыз. Рас, бәлкім ағаттық шығар? Алайда кезінде қазақ көрерменіне талай мәнді-мағыналы тележоба, эфир саңлақтарын көрсеткен «Хабар» телеарнасы туралы бүгін тек өткен шақтағы естеліктер естиміз. Бұл күндері көрермен, тілші қауымның «Хабардан» мегажоба, деректі фильм, көркем туынды көріп, тамсанғанын, әсер алғанын, оларды қолдап не сынап, талқылағанын құлағың шалмайды. Яғни, арнаның бүгінгі тыныс-тіршілігі аудиторияның көзінен, көңілінен тыс. Оны рейтинг сандары да растайды. Ал «Хабардан» ертең, осы апта, алдағы телемаусымда жаңа жобаны асыға күтіп жүрген көрерменді шаммен іздеп таппайсың. Яғни, перспективасы да белгісіз.
Сансыз сериал. Қазіргі қалыптасқан проблеманың себебі неде? Кезінде (тағы да өткен шақта) аты алысқа кеткен «Хабарға» не болды? Дөп басып айту қиын. Оның жауабын агенттікті басқарған медиа менеджерлер немесе Есеп комитеті бергені дұрыс болар. Себебі аталған арнаға жыл сайын бөлінетін 13-15 млрд теңгенің сұрауы, нәтижесі болуы міндет. Есесіне, бүгінде «Хабарды» сериалдар арнасы деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, 1 маусым күні эфирден 12 рет түрлі мультсериал көрсетілген. Олар: «Малышарики», «Большая маленькая ложь», «1001 түн: айтылмаған әңгімелер», «Листопад», «Жестокий Стамбул», «Келінжан», «Пәленшеевтер» және «Анашым, мені қалдырма». Бұл сериалдар сол күнгі жалпы 20 сағаттық эфирдің 15 сағат 30 минутқа жуық уақытын алған. «Хабарды» отандық Netflix дерсің. Бірақ екеуінің бір ғана айырмасы бар. Өзіміздікі бюджет ақшасына телмірсе, АҚШ-тікі көрерменнің жазылым ақшасын пайдаға жаратады.
Эфирде сериалдар үлесін күрт арттыру арқылы менеджмент көрерменді көбірек тарту саясатын жүргізіп жатқанын байқау қиын емес. Алайда салық төлеушілердің қаражаты Ресейдің «Малышарики», Түркияның «Листопад», «Жестокий Стамбул» сериалына жұмсалу керек пе? Архивтегі өнімдердің ақысын төлеп, эфир жабу үшін ғаламат менеджерлік қабілет керек емес-ау. Мысалы, «Листопад» 2005-2010 жылдар аралығында түсірілген «көне өнім». Елімізде оны жекеменшік арналар көрсетіп тастаған. Оны шаң басқан жерінен 10 жылдан соң сатып алып, эфирге қоюда қандай логика болды екен? Басқаша айтса, «Хабар» мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу деп, эфирдің 75 пайызын сериалмен «жабу» деп түсініп отыр. Бұл жағдай отандық экономиканы дамытуға бөлінген бюджет ақшасын банкттегі депозитке салып, оның пайдасына күн көретін кейбір ұлттық компанияларды еске түсіреді.
Тіл саясаты қайда қалды? «Хабарға» бос шүйлікті демеңіз. Бірақ аталған арнаның бүгінгі саясаты салық төлеушілер қаражатының тиімсіз жұмсалып жатқанын өз эфирі айшықтап тұр. Оған тағы бір дәлел. Мәселен, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «мемлекеттік БАҚ эфирінде мемлекеттік тілдегі жаңа телевизиялық жобалар саны жыл сайын 10 пайызға өседі» деп көрсетілген. Арада 9 жыл өтті. Бағдарлама іске асып, әр жыл қазақша жобалар 10 пайызға артса, онда биыл «Хабар» эфирінің кемі 80-90 пайызы қазақша сайрауы тиіс еді. Алайда қазіргі жағдай мүлде олай емес. 20 сағаттық эфирдің тек 6-7 сағатқа жуық үлесі қазақша өнімнің үлесінде (мәселен, 28 сәуір). Бұл – жалпы эфирдің тек 30-35 пайызы деген сөз. Оның өзі саяси, экономикалық, әскери не экономикалық тележобалардың үлесінен емес, ескі сериал мен концерт есебінен жетіп отыр. Мысалы, 9 мамыр күнгі эфир толық орыс тілінде болды деуге болады. Себебі сол күні эфирге таңғы 6.00-07.45 аралығында «Жеңіс туы, желбіре» атты концерт, 23.15-00.45 аралығында «Мәңгілік ел – мұратымыз» атты концерт және 00.45-02.00 аралығында «Кебенек» телехикаясы қойылған. Бұл дегеніңіз 9 мамырда 20 сағаттық эфирдің тек 4 сағаты ғана қазақша телеөнімге арналған (20 пайыз ғана). Енді олардың эфирге қойылған уақытына назар аударыңыз. Таңғы 6-да және түнгі 12-ден кейін. Яғни, «Хабар» басшылығы Жеңіс күнін қазақстандықтар орыс тілінде атап өтсін дегісі келгендей. Одан басқа, қорытынды жасауға негіз жоқ.
Заңды белден басты. Мына деректерге қарап, «Хабардың» эфир жоспарын түзуші кісі қазақ тіліне қас па немесе Тілдерді дамыту бағдарламасын, «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңды пысқырмайтын өзіне тым сенімді азамат па дерсің. Себебі осы заңның 10-бабы 2-тармағында «Қазақ тіліндегі теле-радио бағдарламалардың жергілікті уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетін, әрқайсысының ұзақтығы алты сағаттық уақыт аралығындағы көлемі басқа тілдердегі теле-радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс» делінген.
Басқаша айтса, таңғы 06.00-ден түскі 12.00-ге дейін, түскі 12.00-ден кешкі 18.00-ге дейін, кешкі 18.00-ден түнгі 24.00-ге дейінгі әр 6 сағаттық эфирде қазақ тілінің үлесі 3 сағаттан кем болмауы қажет. Яғни, прайм-тайм болсын, таңғы не түскі мерзім болсын, қазақша телеөнім саны азаймауы керек. Бұл – заң талабы. Алайда мемлекеттік арна «Хабар» оны орындай ма? Жауапты табу үшін тағы эфиріне жүгінейік. Алысқа шабылмай, 8 маусым күнгі эфирде прайм-тайм уақыты орыстілді сериал мен жобаларға берілгенін байқаймыз. Тек 18.25-те «Сүйе білсең» телехикаясы мен 23.10-да ТВ-шоу «Жұлдыздар айтысады» жобасы бар. Екеуінің қосындысы 2 сағат 25 минутты құрап, заң сұраған өлшемге сай келмей тұр. Ал 18 мамыр күнгі кешкі эфирде 19.25-20.00 арасында «Пәленшеевтер» телехикаясы мен 20.00-20.50 аралығында кешкі жаңалықтар ғана «қазақша сөйлеу бақытына ие болған», бірақ 1 сағат 25 минут қана. Тағы да заң орындалмаған.
Жалпы, Тілдерді дамыту бағдарламасы мен «Теле-радио хабарларын тарату туралы» заң талаптарының орындалуын Ақпарат комитеті, Теле-радиоарналарда ақпараттық жұмыс басқармасы бақылауы тиіс. Алайда бұл заңбұзушылықтарға қарсы неге шара қолданбайтыны белгісіз.
Қазақ факторын елемеу. Бүгінде ескі сериалдарды есепке алмасақ, «Хабар» эфирінде қазақша 4 телебағдарлама аман қалды. Ол – «Қоғамдық талқылау», «Баспанаға бағыт» және «Жұлдыздар айтысады», «Жұлдызды жекпе-жек». Яғни, бір қоғамдық, бір әлеуметтік және екі ойын-сауық жоба көрсетілуде. Бұл аз ба, көп пе? Жоғарыда айтылған Тілдерді дамыту бағдарламасын, былтыр бөлінген 14,9 млрд теңге азаматтардың салығын еске алсақ, әрине қажетті деңгейде емес. Оған қоса, «Хабар» ақпараттық саясатты жүргізуде демографиялық көрсеткіштерді мүлде ескермейтін секілді. Мәселен, жарнама берушілерді қызықтыратын үш республикалық маңызы бар қаламызда қазақ ұлтының үлесі басымдыққа ие. Алматыда – 60 пайызға, Шымкентте – 70 пайызға және Нұр-Сұлтанда 80 пайызға жуық. Ал республиканың басым халқы тұратын Түркістан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстарында қазақ халқының үлесі одан да жоғары. Алайда осыған қарамай, «Хабардың» жалпы эфир мен прайм-тайм уақытын тек орыстілді сериалдарға үлестіруі не маркетингтік, не статистикалық деректерге емес, басшылықтағы санаулы адамның жеке бас қалауына негізделген шешім секілді.
Рейтинг те оңбай тұр. Иә, мұның барлығын рейтинг үшін жасадық, қазақ та, басқа да орыс тілін түсінеді, бәсекеге қабілетті болу мақсатында орысша сериал санын арттырдық деген жауап дайын тұрған шығар арна басшылығында. Ал енді сол рейтингке зер салайық. Мәселен, 4 маусым күнгі тәуліктегі эфир бойынша «Хабар» барлық арналардың арасында 9-орынға жайғасқан, сол күнгі рейтинг бар-жоғы – 0,4, ал үлесі – 4,4. Прайм-тайм уақытында қаптаған орыс тіліндегі сериалдар да көп көмегін тигізбеген сыңайлы, арна – 10-орында, рейтинг – 0,4, үлесі – 3,3. Яғни, «Хабар» 9 не 10- орында болса, сұраныста емес деп тұжырым жасауға негіз бар.
Бұл – арнаның жалпы тәуліктік көрсеткіші. Бәлкім, жекелеген жобалары топ жарып тұрған шығар? Жоқ, әр сериалдың рейтингін жеке қарастырсақ та, оқ бойы оза шапқаны да шамалы. Қазақтілдісінің де, орыстілдісінің де рейтингі 0-0,7 арасында. Үлесі – 0,3-8,2. Бұл көрсеткіш жоғары ма, төмен бе? Оны білу үшін өзгелермен салыстырған жөн. Мәселен, кешкі 18.00-де басталатын «Хабардағы» «Келінжан» сериалының рейтингі – 0,3, ал үлесі – 3,0. Дәл осы уақытта Ұлттық арнада шығатын «Шексіз сезім» хикаясы бар. Оның рейтингі – 1,8, ал үлесі – 19,6. Ал енді 22.30-да орыс тілінде көрсетілетін «Листопад» сериалын алайық. «Хабардың» прайм-таймынан орнын ойып алып тұр. Алайда рейтингі – 0,7, үлесі – 4,8. Дәл осы уақытта «Астана» арнасында көрсетілетін «Кулфи» сериалының сандары анағұрлым жоғары. Рейтингі – 3,6, үлесі – 23,7. Бір қызығы, «Кулфи» – қазақ тіліне аударылған үнді хикаясы. Яғни, қазақша сериалмен де көрермен жинауға болады екен.
Сөз соңында. Бұл мақаланың мақсаты бір арнаға шүйлігіп, кемшілігін тізбектеу емес. Тек салық төлеушілер ақшасына қызмет етіп отырған мемлекеттік телеарнаның ақпараттық саясатында жіберіліп отырған келеңсіздіктерге қоғам назарын аудару. Әрине, ақпараттық нарық болған соң арна менеджменті бәсекеге қабілетті болу үшін коммерциялық сәтті жобаларды таңдауға, оны прайм-тайм мерзіміне қоюға толық құқылы. Алайда ол қазақ тілін дамыту, қорғау үшін қабылданған заңға қайшы келмеуі тиіс. Оған қоса, рейтинг, үлес көрсеткіштері коммерциялық жобалар мен сериалдардың аса сәтті болмағанын айшықтап тұр.