NQZ – ұшу картасындағы жаңа атау
NQZ – ұшу картасындағы жаңа атау
302
оқылды
Мұны Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев мәлімдеді. Ел Үкіметін бұған елорданың әуе қақпасының осындай таңбасын өзгертудегі жетістік жігерлендіріп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының үш әріпті коды «Целиноград» дегенді білдіретін TSE-ден NQZ-ға ауысты. Осылайша, астана әуежайы­ның кодын түзету бағытындағы ұзақ жылғы жұмыс ресми түрде өз мәресіне жетті. Енді NQZ жаңа коды 2020 жылғы 8 маусымнан бастап әлемдегі барлық брондау жүйелерінде, ұшаққа отырғызу талондарында, багаж бирка­ларында және ақпараттық таблода көрсетілетін болады. «2014 жылдан бастап Қа­зақстан Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) тағайындаған ескі кодын өзгерту бойынша белсенді жұмыс жүр­гізді. IATA қағидаларына сәйкес, дүниежүзінде әуежайларға бір рет және тұрақты негізде код беріледі. Соған қарамастан қазақстандық тарап бұл бағытта оң нәтижелерге қол жеткізді: IATA өкілдері әуе­жайлардың кодын тағайындау және өзгерту бойынша өз тәсіл­деріне өзгеріс енгізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл өзгерістер 2019 жылғы 14 қазанда Польша­ның Варшава қаласында IATA-ның барлық мүшесінің қатысуы­мен Жолаушылар тасымалы стандарттары (Passenger Standards Meeting) кездесуінде қолдау тапты» деп хабарлады Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің аталған комитеті. Нәтижесінде, 2020 жылдың 8 маусымынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуе­жа­йына NQZ жаңа коды бекітілді. Ғаламтордағы кейбір пікір біл­дірушілер мұның Ресейдің Но­вокузнецк қаласы әуежайының кодына ұқсайтынына (NOZ) айтып жатты.   airaport «Шынында, елорда кодына қатысты өте көп нұсқа болды. Мы­салы, NNN және басқасы ұсы­нылды. IATA соның ішінен NQZ-ны бекітті. Келесі қадам ретінде басқа қалаларымыздағы әуежайлардың кодын өзгертуге талаптанамыз. Мысалы, Атырау­дікі GUW (Гурьев), Ақтау SCO (Шевченко), Тараздыкі DMB (Джамбул) деп кеңес кезіндегі ескі атауымен жүр. Бұл бағытта халықаралық әуе көлігі қауым­дастығымен жұмысты жалғас­тырамыз», – деді астаналық әуе­жайда журналистерге сұхбат берген Азаматтық авиация ко­митетінің төрағасы Т.Ластаев. Бұған дейін жаһандық сала­лық ұйым қала атауы ауысқан сайын әуежай кодын да ауыс­ты­руға тыйым салды. Дегенмен Әзербайжан Баку қаласының әуежайына Гейдар Әлиев аты берілісімен, оның ескі (ZXT) ко­дын GYD деп өзгертуге қол жет­кізді. Енді Қазақстанның бас­­тамасымен барлық ел әуе­жайлар кодын өзгертуге жол ашатын қарарды құптап отыр. Себебі бұл үш әріп жолау­шы­ларға қандай қалаға бет алғаны жөнінен хабар береді. Ал оның әуежай атауымен үйлеспеуі адамды шатастырады. «Осының арқасында барлық ел үшін мүмкіндік, «есік» ашы­лып отыр. Белгілі бір шарттар сақталса, кодты өзгертуге бо­ла­ды. Бұл ірі көлемдегі қосымша шығынды қажет етпейді. Кодты өзгерту де қосымша төлемдерге соқтырмайды», – деді Талғат Ластаев. Бұдан былай әуежайдың үш әрпін ауыстыру үшін екі нәрсе – мемлекеттің өтініші және IATA-ға кіретін әрі сол қалаға ұшатын әуе компанияларының келісімі қажет. Осы екі шарт сақталса, халықаралық ұйым өтінішті қарайды.  

Айхан ШӘРІП