Бұл екі қылмыстық оқиғалардың артынша Петропавлда тағы бір итке қастандық жасалды. Қала тұрғыны ашумен итін төртінші қабаттан лақтырып жіберген. Оқиғаға куә болған тұрғындар бірден полиция шақырды. Келген полицейлер көпқабатты үйдің терезесінің астында шала-жансар күйде жатқан үй жануарын көрген. Бірақ ветеринарлар оны аман алып қала алмады. Ал жануарға қатыгездік көрсеткен әйелге 27 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Бұл факті Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Иттің иесі мас болғаны анықталды, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Еңбек Сембин.
«Үкім күшіне енген сәттен бастап бір ай ішінде айыппұл төленбеген жағдайда ол жаза қоғамдық жұмысқа тарту немесе қамауға алумен ауыстырылады» деп түсіндірді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бурабай ауданында да деструктивті діни ағым ұстанушы тіркелмеген тегіс ұңғылы 16 калибрлі мылтығымен көршісінің итін атып өлтірген. Оқиға Щучинск қаласында болды. Құқық қорғаушылар тергеу амалдары барысында итті екі мәрте атқанын анықтады. Сотта ер адам өз кінәсін толығымен мойындады. Сот оның өз ісіне өкінгенін ескеріп, қаруын тәркілеп, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Бұл шешімге жануарларды қорғаушылар наразылық білдіруде. Олар итті өлтірген адамның қамауға алынуын талап етіп отыр.
Осы оқиғалардың ізін ала Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылында да екі баланың күшікті қапқа орап, тірідей өртеп жібергені хабарланды. Бұл жағдайдан кейін жануарлар әлемін қорғаумен айналысатын ұйым өкілдері құқық қорғау органдарына арыз жазып, жантүршігерлік әрекетке барған балаларды жауапқа тартуын сұрады. Алакөл аудандық полиция бөлімінің мамандары видеодағы жасөспірімдерді іздеу шараларын жүргізіп, оларды тез арада қолға түсірді.
– Қылмыс жасады деген күдікпен кәмелетке толмаған екі жасөспірім ұсталды. Олар 2004 жылы туған Ш. және 2005 жылы туған Д. есімді балалар. Жасөспірімдер шұғыл ұйымдастырылған тергеу жұмыстарының алғашқы сағаттарында-ақ анықталды. Өздерінің кінәларын толығымен мойындаған екі бала ауыр қылмысты қызық үшін жасағандарын жеткізді. Бұл – қылмыстық жауапкершілік көзделетін қаскөйлік жағдай, – деді Алматы облысы Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қуат Оспанов.
Иә, шынында да, бұл итті азаптаудың алғашқы дерегі емес. Бұған дейін бірқатар аймақтарда осыған ұқсас оқиғалар тіркелді. Еліміз бойынша аяусыз азапталып, өлтіріліп жатқан жануарлар өте көп. Мұның бәрі жазаның жеңілдігінен туындап отыр. Осы жағдайдан кейін еліміздегі бір топ жануарларды қорғаушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, жануарларды қорғау туралы заң қабылдауын сұрамақшы екен. Хат тиісті жеріне жетіп, жаза қатайтылар болса, мұндай басбұзарлықтар да азаятын шығар.
Абылайхан ЖҰМАШ