Нұр-Сұлтан қаласында елорданың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесіне арналған жиын өтті. Басқосуды Integrity Astana мекемесі ұйымдастырды.
Жалпы, соңғы 10 жылда денсаулық сақтау саласында бірқатар ауқымды реформалар жүргізілді. Медицинаны бір орталықтан қаржыландыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Орталықтандыру саясатының артықшылығы баяғыда дәлелденген. Бұл әдіс халыққа қажет ақшаны тиімді пайдалануға септігін тигізеді.
2018 жылдан бері «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» мол қаражат құйыла бастады. 2019 жылы қорға 1 трлн теңгеден астам ақша түссе, биыл Үкімет бұл соманы бірден 51 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Әрине, қаржыландыру көлемінің жылдан-жылға артуы – құптарлық іс. Алайда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттермен салыстырғанда біздің көрсеткіш көңіл көншіте қоймайды. Мәселен, бір адамның денсаулығына Қазақстанда орташа есеппен 861 доллар бөлінсе, өсіп-өркендеген елдерде кісі басына 3 992 доллар бөлінеді екен.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Жиынға қатысқан мамандар кейінгі жылдары алға басу байқалатынын атап өтті. Қазақстанда ең озық халықаралық стандарттарға сай келетін ауруханалар салынған. Оның басым көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласында бой көтерген.
Денсаулық сақтау саласының тәуелсіз сарапшысы Марат Мамаевтың пікірінше, елордалық медицинаның бір ерекшелігі, мұнда қазіргі заманғы республикалық емханалар мен ғылыми орталықтар көптеп шоғырланған. Бұл жағдай өзге өңірлерден, оның ішінде солтүстік, орталық, батыс аймақтардан келетін науқастардың көбеюіне әкеп соғатын көрінеді.
– Мұның бәрі бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Бұған инфрақұрылымды дамытып, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл индикаторлар елорданың мемлекеттік бағдарламасында көрініс табуы керек және жай декларативті сипатпен ғана шектелмей, жақында қабылданған 2025 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасын ескеріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина саласының бюджеттік жоспарына негіз болуы тиіс, – дейді Марат Мамаев.
Арнайы баяндама жасаған Integrity Astana ұйымының директоры Жанат Нұрғалиев өз ойын нақты мәліметтермен дәйектеп сөйледі. Мысалы, 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында медициналық көмек көрсетуге 163,3 млрд теңге, ғимараттар салу, жабдықтар сатып алу секілді шығындарға 7,4 млрд теңге, медицина қызметкерлерін оқытуға 247 миллион теңге жұмсалған.
Сарапшылардың пайымдауынша, медициналық мекемелерді салуға және күрделі жөндеуге, дәрігерлерді оқытуға және біліктілігін арттыруға бөлінетін қаржыны өсірген дұрыс. Сонда ғана біртіндеп ЕЫДҰ елдерінің деңгейіне жетеміз.
Мамандар бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін ашықтық пен есеп беру қағидатын қалыптастыру керек деп санайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндетті шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген еді. Келелі кеңесте айтылған сөздердің түйіні осыған саяды.
Жиын соңында резолюцияға қол қойылды.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ