Оған да біршама уақыт өтті. Ұлттық бірыңғай тестілеу елімізде 2004 жылдан бері бір ереже бойынша өткізілуде. Тестілеу мектеп түлектерін отандық оқу орындарына қабылдаудың бірден-бір нысаны. Сол себепті ол өтуі тиіс міндетті сынақ. Ал биылғы сынақ 20 маусым мен 5 шілде аралығына жоспарланған. Кезекті ҰБТ-да біршама өзгеріс бар. Сонымен, тесттің өткізілу ережесі мен жаңашылдықтары қандай?
Білім санмен емес, сапамен өлшенеді
Биыл 136 879 оқушы 11-сыныпты тәмамдап, мектеп бітіру аттестатын қолдарына алды. ҰБТ-ға қатысу үшін 111 109 өтініш тапсырған екен. Бұл жалпы орта мектепті аяқтағандардың 82 пайызы. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға немесе 15 мыңға жуық адамға жоғары. Алдыңғы жылғы түлектерді қоса санағанда биыл ҰБТ-ны барлығы 131 755 адам тапсырмақ. Биыл жоғары оқу орындарына 55 мың грант бөлу көзделген. Әрине, оны иелену үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтуі міндет. Ал түлектердің түн ұйқысын бөлген ҰБТ сынақтың басталуына небәрі 12 күн қалды. Әрине, цифрлар жоғарылап келе жатқанымен, бастысы сан емес сапа екенін естен шығармағанымыз абзал.Алдасаң – емтиханға кіре алмайсың
Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге арналған ережеге біршама өзгеріс енгізіліп отыр. Соның бірі тыйым салынған заттармен емтиханға кірмек болған талапкерге бірден акт толтырып, тест тапсыру құқығынан айыру. Әдетте ҰБТ-ның алдында барлығы тексеріледі, талапкерден тыйым салынған заттар табылған жағдайда түгел алынады. Бірақ ешқандай шара қабылданбайтын. Енді олай болмайды. «Енді былай болады. Егер сені металл іздегіштен өткізгенде ұялы телефон анықталса, Ұлттық бірыңғай тестілеуге мүлдем кіргізбейді. Себебі алдағың келді, тәртіп бұзатыныңды біле тұра, алып келдің. Осының өзі емтиханға кіргізбеуге себеп бола алады» деген болатын Білім және ғылым министрі. Ал ережеге қайшы заттарды алып кірген жағдайда тест нәтижесі жойылатын болды. Мәселен, қаңтар, наурызда өткен сынақта тыйым салынған заттарды алып өткен түлектер бірден 5 пайызға төмендеген. Бұған дейін ондай жағдай түлектердің 60 пайызында анықталған. Яғни, қатаң талап өз нәтижесін бере бастағандай.Ең бастысы – қауіпсіздік
Республикада барлығы 161 ҰБТ өткізу пункті бар болса, соның 38-і ЖОО-да орналасқан. Шамамен 1 200-ден астам аудитория дайындалған. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 3 университетте тестілеу пункті бар. Солардың бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде орналасқан. Университеттің жауапты хатшысы Жазира Әмірбекқызынан ҰБТ-ға дайындық қалай жүріп жатқанын сұраған едік. «Біз мектеп түлектерінен 2 500 адамды, ал мектепті былтыр бітірген және колледжді аяқтағандардан 800 адамды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Барлығы 14 лек болады. Осыған дейін бір аудиторияда 700 адамға дейін отырған болса, қазір пандемияға байланысты бір аудиторияда отыратын сынақ тапсырушыларды 3 есеге дейін қысқарттық. Тест тапсырушылар екі метр арақашықтықты сақтап отырғызылады. Барлық санитарлық талаптар сақталады», – деді Жазира Әмірбекқызы. Тест тапсыратын ғимараттарға кірмес бұрын қыз-жігіттер залалсыздандыру процесінен өтіп, дене қызуы өлшенеді, жаңа маска беріледі. Үкімет басшысының өзі Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында санитарлық талаптар қатаң сақталуы қажетін, басты міндет балалардың қауіпсіздігі болуы керек екенін тапсырған болатын. Қазіргі эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес. Адам өмірі бәрінен қымбат. Мұны мектеп түлектері де жете түсінгені жөн болар еді.Түлектердің бет-әлпеті Face ID-мен тексеріледі
Жылда өзгенің орнына тест тапсыруға келген 20-25 адам анықталады екен. Мамандар тағы бір өзгеріс енгізу арқылы «бұл қулықтың жолын кесеміз» деп отыр. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге кіретін түлектердің бет-әлпетін анықтауда Face ID жүйесі қолданылмақ.. Face ID арқылы сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана аудиторияға кіргізіледі. ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізуге жауапты Ұлттық тестілеу орталығы мұндай ноу хауды енгізу арқылы оң нәтижеге қол жеткіземіз деп отыр. «Камера арқылы баланың бейнесі көрінеді. Тест тапсырушының бет-әлпеті арнайы нысанға алынады. Сөйтіп, талапкердің тестке қатысуы немесе қатыспауы 3-4 секундта белгілі болады. Барлығы дұрыс болған жағдайда өкілдеріміз баланы аудиториға кіргізеді», – дейді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов. Дегенмен үлкен сынның алдында тұрған түлекке бұл сынақтар психологиялық тұрғыдан кедергі келтіріп, емтихан нәтижесіне кері әсерін тигізбесе болғаны.Тест жауаптары жария болмай ма?
Бірінші кезекте тұрған мәселенің бірі – емтихан материалдарын құпия ұстау және оның шашау шықпауын қамтамасыз ету. Тестілеудің жауаптарын алдын ала алып, талап бұзып, жоғары балл жинаған түлектер жыл сайын анықталып жатады. Ол – жасырын емес. Бұл талапкердің өзін де, өзгені де алдап, шынайы білімін ортаға салған өз замандастарына алдын орап жатады. Тест сұрақтары мемлекеттік құпия болып есептелгендіктен, заң талабы бойынша жауапқа тартылуы тиіс. Бұл мәселеде де жазаны қатаңдату қажет секілді. Оның биыл да қайталанбауына кепілдік жоқ. Жазира Әмірбекқызының сөзінше, емтихан материалдарын тест өткізілетін пункттерге жөнелту жұмыстарымен тек қана рұқсаты бар адамдар ғана айналысуға құқылы. Тестке қажет дүниелер қойылған кабинеттер бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Біз барлық атқарылатын жұмыстар мемлекеттік құпияларды сақтау ережесіне сәйкес жүргізіледі деген сенімдеміз. Нәтижесін тест қорытындысы көрсете жатар. Қағаз түрінде беріліп келген тест тапсырғандығы және білім грантын тағайындау туралы куәлік енді электронды түрде берілетін болды. Сонымен бірге тестілеу пункттері аумағында оқушыларды ата-аналардың күтуіне рұқсат жоқ. Биыл тестілеу форматы өзгеріссіз болмағанымен, емтихан уақытында өзгеріс бар. Түлектер 4 сағат ішінде 5 пәннен 120 сұраққа жауап беруі керек. Бұған дейін оларға 3 сағат 50 минут беріліп келген болатын. Пайдалана білсе, 10 минут та талапкер үшін мүмкіндік. Өз біліміне сенген талапкерге бұл талаптар еш кедергі болмаса керек-ті.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ