Ұлыбританияның Джон Иннес институтында білімін шыңдап жатқан жас ғалымның мақсаты – болашақта қазаққа қызмет ету. Сол үшін генетиканы тынбай зерттеп, бидайдың жаңа сортын ойлап табу жұмысына белсене қатысып жүр.– Қанат Абайұлы, генетика ғылымына қызығуыңызға не себеп болды?
– Менің генетика ғылымына қызығуым кездейсоқ оқиға. Мектепте, университет қабырғасында генетикаға әуестеніп, соған бір қатты қызыққан кезім болған жоқ. Тек 10-11-сыныптың биология оқулығында Мендельдің классикалық генетикасы туралы қарапайым сипаттамалар беріледі. Бірақ нақты табиғатын түсінбесем де, техникалық жағын түсінген соң биологияға бейімім болды. Негізі, қазақ қоғамында жастардың арасында бір үрдіс бар. Біз тек диплом үшін оқимыз. Оқу бітіргеннен кейін әйтеуір бір қызмет істеп, бизнес ашып, реті түссе шенеунік болуды көздейміз. Өкінішке қарай, өмір өлшемін сонымен бағалаймыз. Жоқ дегенде әрбір жаста бір көлік жуу орталығын ашсам деген арман бар. Менде де сондай мақсат болды. Шынымды айтсам, биотехнологияны оқығанымыз болмаса, осы салада қызмет етемін деген ой болған жоқ. Университет бітірген соң «биотехнология техникалық мамандық болған соң оны бітірген түлек осы сала бойынша 6 ай жұмыс істемесе, дипломы күйіп кетеді екен» деген қауесет тарады. Сол қауесетпен Алматы қаласындағы Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы институтының «Өсімдіктердің молекулалық генетикасы» зертханасына жұмысқа кірдім. Ойымда 6 ай ғана жұмыс істеймін деген мақсат болды. Жобалар қызып тұрған шақта жұмысқа кірдім. Түпкі мақсат 6 ай жұмыс істеп кету болған соң, ғылымға берілгенім жоқ. Бірақ бойдағы ұлтжанды қасиетімнің арқасында саланы жете түсінбесем де физикалық тұрғыдан ел дамуына үлес қосқым келді. Сол үшін тиіп-қашпай, шын ниетіммен жұмыс істедім. Бірте-бірте зертханадағы зерттеу жұмысының тереңіне бойладым. Қызығушылығым оянды. Біз түрлі гендерді зертханада тексереміз. Осы процеске барынша қызықтым. Жете түсінгім келді. Ал түсіну үшін оқу керек. Сөйтіп, генетика ғылымын зерттеуге ден қойдым.
– Қазақ бидайының сортын зерттеу жұмысы қалай жүріп жатыр?
– «Болашақ» бағдарламасының студентімін. Яғни, стипендия жағын еліміз қамтамасыз етеді. Ал зерттеу жұмысымды Ұлыбритания қаржыландырады. Зерттеу жұмысымның тақырыбы – «Қазақ бидайының бейімделуі мен өнімділігінің генетикасын түсіну». Жұмыстың нәтижесі бар. Өздеріңізге белгілі, тек қана дәстүрлі өсімдіктер селекциясының әдістерін қолдану арқылы бидайдың бір сортын шығару үшін 12-14 жыл уақыт кетеді. Ал соңғы геномдық, молекулалық генетикалық және биоинформатикалық соңғы заманауи әдістерді қолдану арқылы бұл мерзімді екі есе азайтуға болады. 12-14 жыл емес, 6-7 жылда жақсы сорт шығара аламыз. Осы арқылы өзімізге ұнаған бидайдың бір сортының бойында бар кез келген өнімділікпен байланысқан маңызды гендерді екінші бір жаңа сортқа аз уақытта дәл, әрі тыңғылықты жеткіземіз. Геномиканың, молекулалық генетиканың және биоинформатиканың заманауи әдісін қолдану арқылы қазір қазақ бидайының бейімделуіне жауапты бірнеше гендерді таптық. Аталған гендерді Қазақ және Ұлыбритания бидай сорттарын шағылыстыру арқылы 3 жаңа бидай сұрпын шығардық. Бұл жұмысқа бар-жоғы 5-6 жыл кетті. Яғни, зерттеу кезеңі 2012-2019 жылдарды қамтыды. Былтыр бидай сортын шығарып, биыл дәнді Қазақстанға жібердік. Еліміздің солтүстігінде, орталығы мен оңтүстігінде орналасқан егістік алқабында ауқымды зерттеу-тәжірибе жұмыстарын жүргізіп жатқан жайымыз бар. Оған өсімдік селекциясының соңғы әдістерін қолданамыз. Үлкен статистикалық программалар арқылы өнімділікті анықтаймыз. Алла қалап, жасап жатқан тәжірибе оң нәтиже беретін болса, Қазақстанның аграрлық ғылымы үшін үлкен жетістік болмақ.
– Бұл зерттеу жұмысы қаншалықты маңызды? Нендей жаңалық ашқыңыз келеді?
– Ертеректе өсімдік селекциясы егістікте жасалатын. Ғылым жайлап дамыған соң селекция зертханаға көшті. Қазір өсімдік селекциясы үлкен қауқарлы компьютер экранында жасалады. Міне, ғылым осыншалықты алға жылжыды. Ал енді біз әлі егістік пен зертхананың айналасында жүрміз-ау деймін. Жай-жайымен компьютер көмегімен жасалып жатқан жағдай бар. Бірақ жалпы осы салада кенжелеп қалдық. Мал тұқымын асылдандыру, зерттеу жұмысында да дәл осындай ғылыми әдіс-тәсілдер қолданылады. Қора мен зертхананың орнын компьютер басты.
Зерттеу жұмысының өзектілігі тек Қазақстан үшін емес, жоғары ендікте орналасқан бидай өсіруші мемлекеттерге де маңызды. Мәселен, Канада, Ұлыбритания мен Ресей сондай елдердің санатына кіреді. Мұндай мемлекеттерді бидай өсіруші мегааймақтар деп атайды. Ал еліміз үшін өзектілігіне келетін болсақ, геномиканың, молекулалық генетиканың және биоинформатиканың соңғы заманауи әдісін қолдану арқылы елімізде бидайдың жаңа сорты шықты дегенді осы күнге дейін естімедік. Біз бұл салада кенжелеп қалдық. Мұның бір себебі ғалымдардың білім мен білігіне байланысты болса, екінші себебі мемлекеттен қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Сол үшін технологияның заманауи әдістерін қолданып, жаңа сұрып шығару – үлкен жетістік. Басты жаңалығымыз – осы. Сондай-ақ біз алғаш болып қазақ бидайының генетикалық картасын жасадық. Оны нақты практикада, яғни селекциялық процестерде қолдандық.
– Зерттеу аясында Қазақстан сияқты бидай егумен, жер шаруашылығымен айналысатын елдерді бақылап көрдіңіз бе? Олардың бізден қандай артықшылығы бар?
– Агробизнеспен айналыспаған соң, жекелеген бизнесті барып, көзіммен көрген кезім болған жоқ. Бірақ ғылыми конференцияларға, семинарларға (workshop), жалпы пайдалы жиындарға жиі қатысамын. Workshop-тың форматы өте қызық. Бизнесмендер мен кәсіпкерлер кездесу өткізеді. Ғалымдар өздерінің жетістігін баяндайды. Кәсіпкерлер керегін алады. Кездесу соңы ой бөлісу мен пікірталасқа ұласады. Кәсіпкерлер ғалымдарға сұрақ қояды. Ғылымның жетістігін өндіріске енгізу мүмкін болса, кәсіпкерлер қолдау білдіреді. Бізге жетіспейтіні нақ осы. Өкінішке қарай, ғалым мен селекционердің, селекционер мен агробизнеспен айналысатын кәсіпкердің арасында байланыс жоқ. Бар болса да өте әлсіз. Әркім өз бетімен жұмыс істейді. Бұл – үлкен қателік. Егер осы үшеуі бірігіп, бір мүддеде жұмыс істейтін болса, еліміздің аграрлық саласын 10-15 жылда жоғары деңгейге көтеруге болады. Жалпы, аталған жиыннан түйгенім – қазір Қазақстан үшін бірінші кезекте тағам қауіпсіздігін сақтау маңызды. Ол үшін Ұлттық гендік қор құру керек. Елімізде мұндай ұйым жоқ. Коронавирус індеті ғылымның қандай маңызды екенін айқын көрсетті. Түрлі халықаралық ұйым бар. Әр ұйымға мүше болғанымызбен, мемлекеттердің өз алдына міндеті айқын. Мәселен, вакцина ойлап табу жағын алайық. Көпшілігі вакцина жасау үшін 1-2 жыл керегін айтты. Оны ойлап тапқан мемлекет алдымен өзінің ішкі бірлігін қамтамасыз етеді. Сосын екінші деңгейлі мемлекеттерге береді. Болашақта осындай нәрсені болдырмас үшін қазірден бастап қимылдауымыз керек. Ұлттық ген банкін құрып, тұқым шаруашылығын дамыту керек. Егер тұқым шаруашылығын дамытпасақ, ішкі нарық сыртқы өнімге тәуелді болады. Қазақстан сыртқы өнімге тәуелді болды дегенше екінші бір мемлекеттің агрофирмасына айналды дегеніміз жөн. Ел ішіндегі агрофирманы мемлекет басқарып отырғанымен, сыртқы өнімге тәуелді болған кезде Қазақстан агрофирмаға айналады. Сондықтан бұл кезек күттірмейтін мәселе.
– Егер елімізде бидай тұқымын будандастыру жұмысын жүргізсеңіз, дақылды қай өңірге себер едіңіз? Қазақстан географиясының артықшылығы неде?
– Кемшілік пен артықшылық қатар жүреді. Қазақстан территориясы жағынан 9-орында тұр. Экономикасы жағынан емес, аумағы бойынша алпауыт мемлекеттің қатарына кіреді. Орналасқан жерінің кемшілігі мен артықшылығына қарамастан, Қазақстанның аграрлық әлеуетінің орасан зор екенін көрсетіп тұр. Кемшілігі – бізде теңізге шығатын жол жоқ. Сондықтан елімізден экспортталған тауарды, мәселен Еуропаға теңіз арқылы жеткізілмегендіктен бағасы өсіп кетеді. Сондықтан Еуропа мемлекеттері бидайды Канададан сатып алады. Себебі теңіз арқылы арзанға жеткізіп, транспорт шығынын қысқартады. Артықшылығымыз – Қазақстан Еуразияның жүрегінде жатыр. Яғни, солтүстікке де, оңтүстікке де жақынбыз. Ресей мен Қытай секілді алпауыт елдің ортасында тұрмыз. Аграрлық өнімді екі мемлекетке экспорттау арқылы нарықты жаулап, экономикамызды дамытуға мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, аграрлық ғылым мен агробизнесті ұйымдастырудағы жүйесіздік есебінен 1,5 млрд халқы бар Қытайдан аграрлық өнімді сатып алып отырмыз. Бұл – өте өкінішті жағдай. Қазіргі таңда бидайды будандастыру жұмысы жүріп жатыр. Еліміздің жер көлемі үлкен болғанымен, бидай өсетін аумақтың дені – солтүстікте. Солтүстікте жаздық, ал оңтүстікте күздік бидай егеміз. Күздік бидайдың өнімділігі жаздық бидайға қарағанда артық. Бірақ солтүстікке күздік бидайды еге алмаймыз. Өйткені еліміздің климаттық жағдайы өте континенталды. Қоңыржай аймақ жоқтың қасы. Солтүстік пен оңтүстіктің батыс пен шығыс, орталықтың атап өткен аймақтан артықшылығы жер мен көктей. Топырақ құрамындағы қарашіріктің мөлшерін алатын болсақ, солтүстіктен оңтүстікке дейін 8%-дан 1%-ға дейін кемиді. Сондықтан ғылыми жұмысымды жалғастырып, осы бидай саласында жұмыс істейтін болсам, бірінші кезекте солтүстік аймаққа бейімделген, өнімділігі жоғары бидай сұрыптарын шығарумен айналысар едім.
Дамыған аграрлық мемлекеттердің Қазақстаннан артықшылығы кез келген өсімдік селекциясы болсын, малды асылдандыру болсын, сондай бағдарламалар жүйелі түрде жасалады. Ал бізде, өкінішке қарай жүйесіздік басым. Мұны жоймай аграрлық саланы дамыту мүмкін емес. Осы уақытқа дейін қолданған әдістерді өзгерту керек. Өйткені осы кезеңге дейін өнім бермеген әдіс болашақта да жеміс бермейді. Біреуді сынап, кемсітейін деген ойым жоқ. Жалпы, жаңашылдық керек. Сосын ұзақмерзімді тез арада өнім беретін, кезең-кезеңмен жасалатын жүйелі зерттеу мен бағдарламалар жүзеге асуы қажет.
– Елге оралған соң ауыл шаруашылығы саласын дамытуға атсалысасыз ба?
– Әрине, бұл басты мақсат. Өйткені Қазақстанның ауылшаруашылық аграрлық әлеуеті орасан зор. Біз оны ұтымды қолдана білуіміз керек. Қазір «техника, технология, өндіріс пен өнеркәсіпті екінші кезекке қойып, тек қана ауыл шаруашылығымен айналысу керек» деген пікір де айтылып жатыр. Бұл пікірмен келіспеймін. Бірақ ауыл шаруашылығының деңгейін көтеруіміз керек. Қазақстан экономикасының маңызды бөлігіне айналуы тиіс. Экономика жерден шығатын ресурстарға, мұнай мен алтынға тәуелді болмауы керек. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. 2-3 сұрып шығардық. Мұны сынақтан өткіземіз. Елге барғанда тұқым шаруашылығы мен тұқым банкін құру мәселесі ойда жүр. Бұл бір адамның ниеті мен талпынысының арқасында жасалатын жұмыс емес. Мемлекет тарапынан да үлкен көмек керек. Тағы қосарым, адамның атақ-даңқына қарамастан кімде білім мен идея бар, сол маманды мемлекет өз мүддесіне қолдана білуі керек. Осы күнге дейін түсінгенім – тек қана білімді болу жеткіліксіз. Ұлтжанды болып, халықты сүю керек. Осы екі қасиет біліммен біріккенде мемлекет үшін, болашақ үшін қызмет етемін деген ниет пайда болады. Ұлыбритания – білім саласы дамыған ел. Бұйыртса, осында жиған білім мен тәжірибемді елдің дамуына қолдануға дайынмын.
– Әңгімеңізге рақмет!