Карантиннің алынғанын немесе жеңілдетілгенін тап басып айту қиын. Облыстың бас санитарлық дәрігері мезгіл-мезгіл салақұлаш қаулыларды жариялайды да жатады. Онысының көбі бұрынғыларын қайталау. Соңғы кезде оның қатарына Талдықорғанның бас санитары қосылды. Алматы облысындағы жұқпалы науқасқа қатысты жағдай коронавирус дерті Талдықорғаннан табылғанша сонау айтқандай асқынбаған еді. Мамырдың 14-де облыс орталығында алғашқы науқас тіркелгеннен кейін, күрделеніп кеткендей болды. Іле-шала облыстың шығысындағы аудандар да біртіндеп індеттің құрығына іліне бастады. 7 маусымда Жетісу жерінде 15 адамнан (3,5 пайыз) жұқпа анықталған. Кешегі күннің дерегін қосқанда Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 441-ге жетіп, оның 282-і емделіп шыққан. Оның ішіндегі талдықорғандықтар саны – 141, олардың 54-і сауығыпты. Әзірге қайтыс болғандар жоқ. Маусым басталғаннан бергі ресми деректерге көз жүгіртсек, облыстағы дерт жұқтыру жағдайы төмендегідей: 1 маусымда – 15(4,2 пайыз); 2 маусымда – 5 (1,3 пайыз); 3 маусымда – 21 (5,5 пайыз); 4 маусымда – 11 (2,7 пайыз); 5 маусымда – 9 (2,2 пайыз); 6 маусымда – 4 (0,9 пайыз); 7 маусымда – 15 (3,5 пайыз). Жаңа айдың жеті күнінде 80 жетісулық коронавирусқа шалдыққан. Жалпы, соңғы аптада жұқтыру карантин талаптары жеңілдетілген кездегі 2,5 пайыздан артып, 5,5 пайызға жеткен. Осыған байланысты Алматы облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Жетісу» телеарнасы арқылы облыста карантин шаралары қайта күшейтілетінін мәлімдеді: «Мен облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ретінде күшейтілген карантин режимін орнатуға мәжбүрмін. Нақтырақ айтқанда, аудандар мен қалалар арасындағы санитарлық бекеттер қайта қойылады. Жекелеген сауда үйлері мен нысандар жұмысына тыйым салынады. Адамдар бетперде тәртібін сақтамайтындықтан қоғамдық көлік қатынасы да шектеледі», – деді. Сонымен бірге Қапшағайдағы шомылу маусымының ашылуы кейінге қалдырылатынын айта кетті. Іс жүзінде анықталғандай, облыс тұрғындары мен барлық саладағы қызметшілер карантиннің негізгі талаптарын естен шығарған. Медициналық бетперде тақпайды, автобустарда адам лықа толып тұрады. Сауда орындарында да жағдай аса күрделі. Адамдар арасындағы арақашықтық сақталмайды. Қысқаша айтқанда, карантин талаптарын сақтамау қадам басқан сайын алдан шығады. Облыстық деңгейдегі әріптесінің мәлімдемесінен кейін Талдықорған қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері дереу қаулы қабылдады. Онда айтылғандар бойынша білімді қашықтан беру жалғастырылады. Сауда және ойын-сауық орындары, театр мен кинотеатрлар, көрмелер мен компьютерлік клубтар, спорттық нысандар, саябақтар мен субұрқақтар жұмысы тоқтатылады. Азық-түлік базарлары (жәрмеңкелер), автокөлік бөлшектерін, құрылыс материалдарын, тұрмыстық химия заттарын, тұрмыстық техниканы сататын азық-түліктік емес дүкендердің, тұрмыстық және электрондық техниканы жөндеу бойынша қызметтердің жұмыс уақыты біршама шектеледі. Мұндай шектеулер оптика (дүкендер), фотосалондар, зоодүкендер, тығыз қатынасты болдырмайтын тағы басқа нысандарға да қатысты. Сұлулық салондары, шаштараз, қоғамдық тамақтандыру орындарына қатысты талаптарда да аздаған өзгерістер бар. Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлының айтуынша, облыс орталығында індет жұқтырғандар саны 141 адамға жеткен. Талдықорған қалалық бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, қалада карантин режимі жалғасады. Бірақ санитарлық пост қойылмайды, нысандар жабылмайды. Кеше түстен кейін адамдарды алаңдатып: «Алматы облысы карантинге жабылады. Аудандар мен қалалар арасына тосқауыл-бекеттер қойылады» деген алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойған брифинг өтті. Алматы облысы мен Талдықорған қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлері қатысқан отырыста негізгі хабарлама жасаған Алматы облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің осыған дейінгі қарқыны басылып қалыпты. Оның айтуынша, өңірде карантин шараларын жеңілдетілудің орнына күшейтіле түседі. Соның ішінде қазіргі кезде коронавирус дерті өршіп тұрған Талдықорған және Қапшағай қалаларында тәртіп қатаңдатылады. «Ресми статистикадан көріп отырғандай, Алматы облысындағы коронавирусқа қатысты жағдай күрделеніп тұр. Әсіресе, Талдықорған мен Қапшағай қалаларындағы жұқпаның тіркелуі алаңдатарлық. Біз қазіргі кезде жаппай тексерулер ұйымдастырудамыз. Әскерге шақырылғандар мен жоспарлы түрде ауруханаға жататындар арасынан коронавирус жұқтырғандар көптеп шығуда. Жетісу жеріндегі індеттің өршуіне бірінші кезекте адамдардың карантин талаптарын сақтамайтыны әсер етіп отырғанын айта кеткен жөн. Соның салдарынан қаулыға өзгерістер енгізілді. Бірақ аудандар мен қалалар арасына тосқауыл-бекеттер немесе санитарлық бекеттер қойылмайтын болды. Бұл – ведомствоаралық комиссияның шешімі. Қапшағайдағы шомылу маусымы әзірге басталмайды. Өйткені коронавирусқа шалдыққандар арасында бірнеше күннің тым ыстық болуына байланысты суға шомылып, суық тигізіп алғандар жиілеген. Ал Қапшағайда су әлі суық. Соған байланысты су қоймасы жағалауын шұғыл топтар қадағалап, адамдарды көлге жібермеуге тырысады. Сонымен бірге қаладағы қоғамдық тамақтандыру орындарына рұқсат етілген 50 адамға дейін қызмет көрсету 30 адамға дейін қысқартылды. Сауна мен моншалар қызметінің уақыты шектелді. Талдықорған қаласы бойынша саябақтар мен хауыздар, субұрқақтар жұмысы тоқтатылды. Сауда орындары мен базарлар, тағы да басқа халыққа қызмет көрсету орындарының жұмыс уақытына арналған шектеулер мен қызметтеріне қойылған қосымша талаптар облыс орталығының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген. Бұған қоса, мемлекеттік қызмет орындары мен ұлттық холдинг қызметкерлерінің 80 пайызы жұмыстарын қашықтан жүргізетін болады. Тағы бір айта кететін мәселе – бүгінге дейін карантин талаптарын орындалуына қатысты облыстағы 4 136 нысан тексеріліп, режимді бұзушылыққа байланысты 772 дерек анықталды. Бүгіннен бастап облыстық мобильдік топ құрылды. Шұғыл топқа облыс әкімдігінен, облыстық прокуратурадан, облыстық Полиция департаментінен өкілдер және санэпидқызметкер енеді. Орталық аппараттан түскен бұйрық бойынша карантин талаптарын сақтамағандарға бұған дейін біз тек ғана ескерту жасап келсек, алдағы кезде 8 мыңнан 550 мың теңгеге дейін айыппұл салатын боламыз», – деді облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері. Сондай-ақ ол Алакөлге демалуға баратындардан коронавирус жұқтырмағаны жөнінде анықтама талап етілмейтіні, оның есесіне демалыс орындарына қойылатын тазалық-зарарсыздандыру талаптары барынша күшейтілетінін де айта кетті. Қазіргі облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті мен туризм басқармасы қызметкерлерінен арнайы бригада жасақталып, Алакөл сияқты жазғы демалыс аймақтарындағы тазалық-індеттік жағдайды бақылауға, карантин талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге жөнелтілген.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы