Асқар Шәкіровтің айтуынша, елдің сыртқы саяси бағытын ғылыми-талдау тұрғысында ілгерілетудің тиімділігі, ең алдымен қазіргі заманғы сын-қатерлер мен Қазақстанның стратегиялық мүдделері аясында зерттелетін проблемалардың өзектілігіне байланысты. Осы үдерістер 2020-2030 жылдарға арналған Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасынан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларымен байланысты басқа да бағдарламалық құжаттардан бастау алады. Қатысушылар институттың даму жоспарының орындалу барысын талқылады және оның ұйымдастырушылық құрылымына өзгерістер енгізді. Сондай-ақ зерттеу жұмысының басым бағыттары анықталды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл институт Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құрылғанын атап өтті. Оның мақсатына жетекші жаһандық ойыншылар арасындағы тұрақсыздық пен қайшылықтардың шиеленісуі жағдайында сыртқы саяси үдерістерді сапалы зерттеуді ұйымдастыру, сонымен қатар сыртқы саяси мәселелерді зерделеуді жүйелеу мақсатында СІМ ақпараттық-талдау жұмысы кешенін күшейту кіреді. 2020 жылдың басынан бері ССЗИ 45 ақпараттық-талдау материалын дайындаған. Оның жартысынан астамы Президент Әкімшілігіне, Елбасы және Премьер-Министр Кеңсесіне жіберіліпті. Институт өнімдері елдің сыртқы саясатының басым бағыттарын жүзеге асыру, әлемдік саясат пен экономикада, ұлттық және халықаралық қауіпсіздік саласында өзекті үрдіс-трендтерді анықтау бойынша тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу кезінде министрлік тарапынан сұранысқа ие.
Ерік ЕРДЕНОВ