Алаңқайға автотұрақ салынбақ
Алаңқайға автотұрақ салынбақ
«Аулаларды абат­тандыру – 2020» мемле­кеттік бағдарламасы аясында Лобода көшесі 10-үйдің ау­ласында автокөлік тұрағын кеңейтуге тұрғындар қарсы шықты. Қа­рағанды қаласы Лобода көшесіндегі №10-үй тұрғын­дарының пікірі екіге бөлінді. Бүгінгі күні аулада «Аулаларды абат­тандыру – 2020» бағдарламасы ая­сында жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Бастапқы кезеңде жұмыс­шылар тұрғындарға бағдарлама бойынша үйге іргелес жатқан ау­мақтағы жол төсемін кеңейту жос­парланғанын хабарлады. Жолды кеңейту жарты метрден аспауы тиіс. Тұрғындардың біраз бөлігі аулада көлік қоятын тұрақ салуға келісім берген. Ал жартысы автотұрақ орнаса, аулада ойнайтын балаларға қауіпті деп отыр. №10-үй тұрғыны Евгений Федотовтың айтуынша, жайлы көлікпен жүретіндер өз қамын ойлаймын деп жүріп, балаларды ұмытып кеткен. Әрі «мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, тегін тұрақ жасатып, жеке бастың мәселесін шешу адамгершілікке жатпайды», – дейді тұрғын. 65 пәтерлік үйден 45 адам аулада ав­тотұрақ аймағын құруды қолдап өтініш жазған. – Біздің үйдің тұрғындары арасында келіспеушілік туындауда. Кейбір тұрғындар осы учаскеде автокөлік қоюға болатын жолды кеңейтуді шешті. Ал ауланы абаттандыру жұмыстары облыс әкімдігінің жоспарына сәйкес жүргізілуде. Бұл шешімді жұ­мыс­шылар барлық нормаларды бұза отырып, құжаттарға өзгеріс енгізбей және жұртшылықпен талқыламай қабылдады. Жұмыс­шылар осы учаскеде ұзақ жыл жай­қалып тұрған ағашты бульдозердің көмегімен жұлып тастады. Оның қасындағы ағашты да жойып, құр діңгегін қалдырды, – дейді Евгений Федотов. №10-үйдің ауласындағы алаң­­ды қорғауға көрші үйлердің тұрғындары қосылды. «Ағаштарды қырқып, бетін асфальттау эко­логияға зардап әкеледі. Әрі жасыл өскіндерді жою жас ұрпаққа кері тәрбие береді», – дейді тұрғын. – Бұл аумақ тек №10-үйге ғана емес, көршілес орналасқан басқа үйлерге де тиесілі. Бұл үйдің ауласындағы алаңқайда балалар ойнайды, көрші үйлердің де бүл­діршіндері жиналады. Қазір мұнда көлік тұрағын орнатқысы келетін көршілер жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен жайлылығы ту­ралы мүлдем ойламайды. Балалар алаңқайын тарылтудың да зардабын кейін сезінетін боламыз. Бұл тұрғындар жақында көшіп келген, аулада өз билігін жүргізгісі келеді, – дейді Зәуреш Тойболина. Аула тұрғындары арасындағы дау қалалық билікке де жетті. Қа­рағанды қаласы Қазыбек би атын­дағы аудан әкімінің абаттандыру мәселелері жөніндегі орынбасары Мұрат Камалиев тұрғындармен кездесті. Тұрғындар тарапынан туындаған келіспеушіліктерді тыңдап, ол аула аумағында тұрақ аймағын салуды тоқтатуға ұсыныс жасады. – Жергілікті тұрғындардың қалауы бойынша жұмысшылар осы учаскеде автотұрақ аймағын кеңейтпек болған. Бірақ бұл мәселе бойынша тұрғындардың пікірі екіге бөлінді. Осыған байланысты біз автотұраққа арналған қашықтықты барлық нормаға сай азайтамыз, – деді Мұрат Тілеубекұлы. Автотұрақ салуға қарсы шыққан тұрғындар бірнеше жыл жөндеу көрмеген балалар алаңқайын қолға алуды сұрады. «Жекеменшік көліктің емес, балалардың бос уақытын ұйымдастыруға баса назар аударып, соларға жайлы жағ­дай жасауға күш жұмсайық», – дейді Евгений Федотов. Алайда көршілер арасындағы дау мұнымен шешілмеді. Жанжал әлі жалғасуда.    width=     Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы