Ата Заңымызда бекітілген пропорционалды сайлау жүйесінде қазақстандықтар додаға түскен саяси партияларға дауыс береді де, Мәжілістегі орындарға нақты кімнің жайғасарын біле бермейді. Осыған орай көптеген сарапшы бұрынғы мажоритарлық жүйеге оралуды, яғни партиялық тізімдерден бас тартып, әр депутатқа өз сайлау учаскесіндегі додада жеке жеңіп шығуына мүмкіндік беруді ұсынып жүр.
Бірақ негізінен дамушы елдерге тән мажоритарлық жүйенің кемшілігі мен олқылығы жетерлік екенін білеміз. Біріншіден, ол партиялардың дамуын тежейді. Екіншіден, өңірлерде жершілдік пен жемқорлықтың өрістеуіне дем береді. Үшіншіден, өз сайлау округіндегі додада көбіне ауқатты адам жеңіске жетіп, ал елге пайдасы көбірек тиюі мүмкін білікті, бірақ қалтасы таяз үміткер ілгері оза алмай жатады. Партиялар болса, төл депутаттық тобы тартысқа да, жұмысқа да қабілетті болуы үшін бай-бақуаттылығына қарамай, кез келген дарынға орын сайлайды.
Осы дода барысында жұртшылық болашақ төбе бидің, яғни депутаттың пайымы мен парасатын, ой-өрісінің тереңдігін, орайын келтіріп мәселенің шешімін таба алар оралымды қабілетін бағалай, байқай алады.
Жаңа заманда депутаттардың сұңғыла шешендігімен, тыңдаған жанды ұйыта білер сөз ұсталығымен ерекшеленгені абзал. Өйткені ол шаршы топ алдына жиі шығады, халықпен кездесуде, шетелдік делегациялармен жүздесуде ойын нақты әрі толыққанды жеткізе білгені жөн. Мысалы, АҚШ-та, Еуропа елдерінде праймеризге түсетін кандидаттар шешендік-ораторлық өнерді игереді, арнайы тренингтерден өтеді. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен, жауын жаумай су болған, дәйегіне мәйек құтаймаған адамдарға сайлаушылар да дауыс бермесі анық. Оның үстіне сөз сайысында қазақ тілінде қойылған сауалдарға жауап бере білгені жөн, бұл үміткердің мемлекеттік тілге құрметін, оны білу деңгейін паш етеді.
Бүгінде партияішілік бастапқы сайлау АҚШ пен Канадада, сонымен қатар Еуропаның, Азияның және Латын Американың Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Ирландия, Түркия, Оңтүстік Корея, Аргентина, Уругвай секілді көптеген елінде өтеді және оның ашық, жабық, аралас түрлері қолданылады.
Бұл істе еліміздің көшбасшы партиясы ізашарға айналып, жол бастап отыр. Демократияның дамып, дәуірлеуіне серпін берер бұл бастама Қазақстандағы өзге саяси партияларға үлгі-ұлағат болса керек.