Жаңа жобаның негізгі артықшылығы мынадай:
Біріншіден, несие мөлшерлемесі 5% (сіз алатын несиеге банк қосатын жыл сайынғы процент). Бұл басқа ипотекалық бағдарламалармен салыстырғанда ең төменгі әрі шарттары тиімді несие мөлшерлемесінің бірі.
Бұдан төмен 3,5%-ті тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынып отыр. Оның шарты бойынша 3 жыл немесе одан да көп мерзім ішінде үй құнының 50%-ын банкке салу керек.
Мысалы, 10 млн теңге болатын үйдің 5 млн теңгесін 3 жылда жинап үлгерсеңіз ең төменгі 3,5%-пен несие аласыз. Құны 10 млн теңге тұратын үйдің 5 млн теңгесін 3 жылда жинамаған жағдайда, банк есептейтін 5% қалған 5 млн теңгеге емес, жалпы үй бағасы - 10 млн теңгеге есептелінеді.
Бұл шарттың барлығы орындалмаған жағдайда ипотека 6-7%-пен беріледі.
Екіншіден, «5-10-20» бойынша бастапқы жарна 10%-тен басталады. Яғни үй бағасының 10%-ін қолма қол ақша ретінде төлеу керек. Қазақстандағы барлық ипотекалық бағдарламалардың ішінде осы «5-10-20» және «Бақытты отбасында» ғана 10% (ең төменгісі) алғашқы жарна төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Қалған ипотекалық бағдарламаларда үй бағасының 15% бен 35% аралығында (әр банкте әрқалай) суммасын алғашқы жарна ретінде төленеді.
Үшіншіден, несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін.
Төртіншіден, «5-10-20» бағдарламасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады.
Табыс көзі төмен болса...
Әр ипотекалық бағдарламаның өз талап-шарттары бар. «5-10-20» әлеуметтік осал топтарға бағытталған бағдарлама болғандықтан негізгі талаптарының бірі отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері 3,1 күнкөріс минимумынан төмен болуы тиіс. Биыл базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған күнкөріс минимумы - 32 668 теңгені құрайды. «5-10-20» арқылы үй алу үшін әр отбасы мүшесінің табысы 101 271 мың теңгеден аспауы тиіс.
«5-10-20-ның» талаптары қандай?
Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. Қазір жобаның шарттары талқыланып жатыр. Ұсынылған талаптар мынандай:
- Баспана бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 млн аспайды;
- Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы үшін 15 млн теңгеден аспайды;
- Басқа аймақтар үшін 12 млн теңгеден аспауы тиіс.
Әкімдіктер салған тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі:
Алматы қаласында 240 мың теңгеге дейін;
Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта 220 мың теңгеге дейін;
Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта 200 мың теңгеге дейін;
Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында 180 мың теңгеге дейін;
Басқа аймақтарда 160 мың теңгеге дейін болуы тиіс.