Таразының қай басы ауыр?
Таразының қай басы ауыр?
195
оқылды
Үкімет бірер күн бұрын ұлттық компанияларға шетелдік автокөліктерді са­тып алуға уақытша тыйым салды. Сарапшылар бұл ше­шім­­нің екі бірдей себебі бар деп санайды. Біріншісі – ысы­рап­шылдықтан арылу, екіншісі – Ресей автоөнеркәсібіне лоб­­би жасау. Сонымен, таразының қай басы ауыр тар­та­ды? Әуелі Ұлттық экономика ми­нистрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратты қаз-қалпында ұсынайық. «Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің әкімшілік шы­ғындарын азайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкі­меті квазимемлекеттік сектор субъек­тілеріне қозғалтқышының сыйым­­дылығы 2 мың текше метр­­ден асатын жолаушылар ва­гондарын базалық конфигура­циядан жоғары сатып алуға 3 жыл­ға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Қараңыз, сонымен қатар ЕАЭО-ға мүше емес мем­лекеттерден шығатын арнайы және жедел қызмет көрсететін автомо­бильдер (автомобильдерге негізделген), ЕАЭО-ға мүше емес мем­лекеттерден келген кең­се жиһазы» деп жазылған мәлім­демеде. Кейбір қырағы сыншылар «қозғалтқышының сыйымдылығы 2 мың текше метрден асатын» деген сөзге ерекше назар ауда­рады. Неге? Өйткені Ресейде мо­тор сыйымдылығы 2 мың тек­ше метрден артық көлік шыға­рылмайды. Яғни, қазақстандық компанияларға Lada-ның түр­лерін мінуден басқа амал қал­майды. Сондықтан шетелдік көліктерді шектеудің астарында Ресей автоөнеркәсібінің мүддесін қорғайтын лобби жатуы әбден мүмкін. Жасыратыны жоқ, ресей­лік автомагнаттар үшін Қазақ­стан саулап тұрған сауын сиыр іс­петті. Жаңағы Lada сияқты техно­логиялық жағынан тозған көліктер тек бізде ғана жақсы сатылады. Дамыған мемлекеттер оны есігінен де сығалатпайды. Ресей, әрине ең басты базарынан айырылмауға барын салады. Автоблогер Олжас Оқастың пі­кірінше, бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. – Бір жағынан тыйым сал­ғаны дұрыс. Себебі шетелден өте қымбат көліктер әкеліп, ысырап­шылдыққа ұрынатын жайларды көріп жүрміз. Ал Ресей мүддесін біздің Үкімет қорғап жатыр дей алмаймын. Біз өзге де маркаларды өндіреміз. Мәселен, таяуда Қа­зақстанға Chevrolet кірді. Ravon, Damas, Cobalt, Malibu сияқты машиналар шығарамыз. Олардың да қозғалтқыш көлемі 2 мың тек­ше метрден аз. Түбі ше­телдік бол­­ғанымен, Қазақстанда құрас­тырылады, «Қазақстанда жасалған» деген жапсырмасы болады, – дейді сарапшы. abtorinok Алайда экономист Меруерт Махмұтова «машина құрастыру ісін отандық автоөндіріс деп атаудың өзі күлкілі», – дейді. Автоөнеркәсіп әлі күнге дейін субсидия мен мемлекеттік дота­цияға мұқтаж. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесіне қарап, қазіргі деңгейін бағамдау қиын емес. Мәселен, Қазақстанда бұл сала ЖІӨ-нің 0,06 пайызына тең болса, Ресейде – 2,3 пайыз, Өзбекстанда – 6,6 пайыз. Елдегі жеңіл көлік өндірісі Еуразиялық экономикалық одаққа, әсіресе ресейлік үлгілерге тікелей тә­уелді. Құрастырылатын бөлшек­тердің 85-90 пайызы сырттан тасымалданатынын ескерсек, «отан­­дық» көліктер ав­тонарықты толық қам­тамасыз ететіні кү­мәнді-ақ. – Былтыр Қазақстанға 744,6 млн долларға 33,9 мың жеңіл авто­көлік импортталған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 18,3 пайызға көп. Шеттен әке­лінетін көліктердің басым көп­шілігі Ресейге тиесілі. Көршіміз 387,1 млн долларға 19,1 мың авто­көлік экспорттады. Қазақстан­дықтардың таңдауы жиі түсетін Lada бренді қымбаттады. Мұнай арзандап, рубль әлсірегеннен кейін Ресейдегі автонарыққа тықыр таянды, – дейді тағы бір экономист Бауыржан Ысқақов. Жақында «Қазақстанның Даму Банкі» жеңілдікпен авто­кредит беру бағдарламасын қар­жыландыру мақсатында банктерге 20 млрд теңге транш таратты. Екінші деңгейлі банктер осы ақшаны халыққа 4 пайыз мөлшерлемемен автонесие ретінде үлестіруі керек. Несие 7 жылға беріледі. Ең қызығы, қаржының қомақты бөлігін Ресей банктерінің еншілес ұйымдары алған. Нақтырақ айтқанда, 20 млрд теңгенің үштен бірі соларға бұйырған. Транш аясында бөлінген 20 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі Ресей банктерінің еншілес ұйымдары – «Сбербанк» АҚ (8 млрд теңге) мен «Банк ВТБ» АҚ-на (5 млрд теңге) аударылған. Ал ForteBank АҚ – 5 млрд теңгені, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 2 млрд теңгені місе тұтқан. Осы орайда, қазақстандық банктің аты-жөнін атаудан бас тартқан топ-менеджері «Курсив» сайтына берген пікірінде: «Ұлттық бағдар­ламалар шетелдік банктер арқылы қаржыландырылатыны қызық: яғни, біз Ресейден авто­бөлшек сатып алу үшін ресейлік банктерге субсидия бөліп отыр­мыз» деп қынжылыпты. – Елімізде ресейлік көліктерді сатумен айналысатын жалғыз ком­пания бар – «Бипэк Авто» сатумен айналысады. Сол ком­пания тұтынушымен санаспайды, тауар бағасын қатты көтеріп жіберген. Ақыры бәрін сырттан дайын күйінде алып келген соң, мына жақта арзанға құрастырған соң, салықтан босатылған соң әл­деқайда төмендете алар еді. Бұл адамның ашкөздігі дейміз бе, артық ақша табудың амалы дейміз бе? Lada Granta-ның кейбір моде­ль­дері Ресейдегіден қымбат, – деп ашынады Олжас Оқас. Ойды ой қозғайды. Bloomberg басылымының мәлі­ме­тінше, әлемде сату табыс­ты­лығы жө­нінен Porsche компа­ниясы көш бастайды екен. Атақты авто­кон­церннің әр келісімшарттан иеленетін таза кірісі – 13 пайыз. Дегенмен оны орыстар басып озыпты. Қайбір жылы ресейлік «Известия» газетінде жаға ұста­тар жаңалық жарияланды. «АвтоВАЗ» компаниясының вице-президенті Юг Демаршель бір жиында асып-тасып сөйлеп отырып, қарабайыр LADA Granta көлігін құрастыруға небәрі 55 мың рубль жұмсалатынын абайсызда айтып қойыпты. Сол кездің бағамымен есептегенде бұл – 1 700 доллар. Ал сатылымға 10 мың доллармен шыққан. Әрине, «АвтоВАЗ-дың» баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарып, «55 мың рубль – тек қосалқы бөлшектеріне кететін сома» деп түлкібұлаңға салды. Осының өзі Ресей автоөндірісінің шынайы бәсекеге емес, мемлекетаралық саясат пен қарапайым халықтың есебінен қалт-құлт етіп әрең тұрғанын айғақтайды.  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ