Үкімет бірер күн бұрын ұлттық компанияларға шетелдік автокөліктерді сатып алуға уақытша тыйым салды. Сарапшылар бұл шешімнің екі бірдей себебі бар деп санайды. Біріншісі – ысырапшылдықтан арылу, екіншісі – Ресей автоөнеркәсібіне лобби жасау. Сонымен, таразының қай басы ауыр тартады?
Әуелі Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратты қаз-қалпында ұсынайық.
«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің әкімшілік шығындарын азайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қозғалтқышының сыйымдылығы 2 мың текше метрден асатын жолаушылар вагондарын базалық конфигурациядан жоғары сатып алуға 3 жылға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Қараңыз, сонымен қатар ЕАЭО-ға мүше емес мемлекеттерден шығатын арнайы және жедел қызмет көрсететін автомобильдер (автомобильдерге негізделген), ЕАЭО-ға мүше емес мемлекеттерден келген кеңсе жиһазы» деп жазылған мәлімдемеде.
Кейбір қырағы сыншылар «қозғалтқышының сыйымдылығы 2 мың текше метрден асатын» деген сөзге ерекше назар аударады. Неге? Өйткені Ресейде мотор сыйымдылығы 2 мың текше метрден артық көлік шығарылмайды. Яғни, қазақстандық компанияларға Lada-ның түрлерін мінуден басқа амал қалмайды. Сондықтан шетелдік көліктерді шектеудің астарында Ресей автоөнеркәсібінің мүддесін қорғайтын лобби жатуы әбден мүмкін. Жасыратыны жоқ, ресейлік автомагнаттар үшін Қазақстан саулап тұрған сауын сиыр іспетті. Жаңағы Lada сияқты технологиялық жағынан тозған көліктер тек бізде ғана жақсы сатылады. Дамыған мемлекеттер оны есігінен де сығалатпайды. Ресей, әрине ең басты базарынан айырылмауға барын салады. Автоблогер Олжас Оқастың пікірінше, бұл жерде таяқтың екі ұшы бар.
– Бір жағынан тыйым салғаны дұрыс. Себебі шетелден өте қымбат көліктер әкеліп, ысырапшылдыққа ұрынатын жайларды көріп жүрміз. Ал Ресей мүддесін біздің Үкімет қорғап жатыр дей алмаймын. Біз өзге де маркаларды өндіреміз. Мәселен, таяуда Қазақстанға Chevrolet кірді. Ravon, Damas, Cobalt, Malibu сияқты машиналар шығарамыз. Олардың да қозғалтқыш көлемі 2 мың текше метрден аз. Түбі шетелдік болғанымен, Қазақстанда құрастырылады, «Қазақстанда жасалған» деген жапсырмасы болады, – дейді сарапшы.
Алайда экономист Меруерт Махмұтова «машина құрастыру ісін отандық автоөндіріс деп атаудың өзі күлкілі», – дейді. Автоөнеркәсіп әлі күнге дейін субсидия мен мемлекеттік дотацияға мұқтаж. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесіне қарап, қазіргі деңгейін бағамдау қиын емес. Мәселен, Қазақстанда бұл сала ЖІӨ-нің 0,06 пайызына тең болса, Ресейде – 2,3 пайыз, Өзбекстанда – 6,6 пайыз. Елдегі жеңіл көлік өндірісі Еуразиялық экономикалық одаққа, әсіресе ресейлік үлгілерге тікелей тәуелді. Құрастырылатын бөлшектердің 85-90 пайызы сырттан тасымалданатынын ескерсек, «отандық» көліктер автонарықты толық қамтамасыз ететіні күмәнді-ақ.
– Былтыр Қазақстанға 744,6 млн долларға 33,9 мың жеңіл автокөлік импортталған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 18,3 пайызға көп. Шеттен әкелінетін көліктердің басым көпшілігі Ресейге тиесілі. Көршіміз 387,1 млн долларға 19,1 мың автокөлік экспорттады. Қазақстандықтардың таңдауы жиі түсетін Lada бренді қымбаттады. Мұнай арзандап, рубль әлсірегеннен кейін Ресейдегі автонарыққа тықыр таянды, – дейді тағы бір экономист Бауыржан Ысқақов.
Жақында «Қазақстанның Даму Банкі» жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасын қаржыландыру мақсатында банктерге 20 млрд теңге транш таратты. Екінші деңгейлі банктер осы ақшаны халыққа 4 пайыз мөлшерлемемен автонесие ретінде үлестіруі керек. Несие 7 жылға беріледі. Ең қызығы, қаржының қомақты бөлігін Ресей банктерінің еншілес ұйымдары алған. Нақтырақ айтқанда, 20 млрд теңгенің үштен бірі соларға бұйырған. Транш аясында бөлінген 20 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі Ресей банктерінің еншілес ұйымдары – «Сбербанк» АҚ (8 млрд теңге) мен «Банк ВТБ» АҚ-на (5 млрд теңге) аударылған. Ал ForteBank АҚ – 5 млрд теңгені, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 2 млрд теңгені місе тұтқан. Осы орайда, қазақстандық банктің аты-жөнін атаудан бас тартқан топ-менеджері «Курсив» сайтына берген пікірінде: «Ұлттық бағдарламалар шетелдік банктер арқылы қаржыландырылатыны қызық: яғни, біз Ресейден автобөлшек сатып алу үшін ресейлік банктерге субсидия бөліп отырмыз» деп қынжылыпты.
– Елімізде ресейлік көліктерді сатумен айналысатын жалғыз компания бар – «Бипэк Авто» сатумен айналысады. Сол компания тұтынушымен санаспайды, тауар бағасын қатты көтеріп жіберген. Ақыры бәрін сырттан дайын күйінде алып келген соң, мына жақта арзанға құрастырған соң, салықтан босатылған соң әлдеқайда төмендете алар еді. Бұл адамның ашкөздігі дейміз бе, артық ақша табудың амалы дейміз бе? Lada Granta-ның кейбір модельдері Ресейдегіден қымбат, – деп ашынады Олжас Оқас.
Ойды ой қозғайды. Bloomberg басылымының мәліметінше, әлемде сату табыстылығы жөнінен Porsche компаниясы көш бастайды екен. Атақты автоконцерннің әр келісімшарттан иеленетін таза кірісі – 13 пайыз. Дегенмен оны орыстар басып озыпты. Қайбір жылы ресейлік «Известия» газетінде жаға ұстатар жаңалық жарияланды. «АвтоВАЗ» компаниясының вице-президенті Юг Демаршель бір жиында асып-тасып сөйлеп отырып, қарабайыр LADA Granta көлігін құрастыруға небәрі 55 мың рубль жұмсалатынын абайсызда айтып қойыпты. Сол кездің бағамымен есептегенде бұл – 1 700 доллар. Ал сатылымға 10 мың доллармен шыққан. Әрине, «АвтоВАЗ-дың» баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарып, «55 мың рубль – тек қосалқы бөлшектеріне кететін сома» деп түлкібұлаңға салды. Осының өзі Ресей автоөндірісінің шынайы бәсекеге емес, мемлекетаралық саясат пен қарапайым халықтың есебінен қалт-құлт етіп әрең тұрғанын айғақтайды.