89 мың адамға қатысты талап
Әлемдегі барлық озық елде мемқызметшілердің іс-әрекеті, жүріс-тұрысы заңмен немесе Этика кодексімен шектеледі. Олардағы талаптар да әртүрлі болып келеді. Бірақ бәрінің мақсаты бір – билік органдарына деген бұқараның сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою. Ғалымдардың айтуынша, дүниежүзі тарихында алғашқы шенеуніктер ресми түрде Қытайда VII ғасырда пайда болыпты. Оларды гуань немесе еуропаша «мандарин» деп атаған. Шығыс көршіде 2015 жылы ҚХР компартиясы енгізген кодекске сәйкес, шың елінің шенділеріне ойнас құрып, әйелінің көзіне шөп салуға, америкалық-буржуазиялық өмір салтының көрінісі саналатын гольфты ойнауға, ашқарақтық пен қанағатсыздық нышанындай мешкейлікке салынып, көп тамақ ішуге, сән-салтанатты әрі ірі тойлар өткізуге тыйым салынды. Қазақстанда да мемлекеттік мансапты таңдаған адам моральдық-адамгершіліктің қатаң қалыптарының құрсауына түспек. Себебі республика дамыған елдердің отыздығына бет алып келеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда 2020 жыл басында мемлекеттік қызметшілерге арналған 97 мың 403 штаттық орын болған. Бірақ соның тек 91,4%-ына ғана адам алынды. Яғни, 8 398 орын бос тұр. Ендеше еліміздегі азаматтық шенеуніктердің жалпы саны 89 мың 5 адамды құрайды. Оның 699-ы саяси мемқызметші деп аталатын ірі басшылар. Тағы 80-і – «А» корпусы деген төменгі деңгейлердегі бастықтар мен атқамінерлер. Сонда басым көпшілігі, 88 226-сы қатардағы әкімшілік қызметкерлер болып шығады. Барлық шенділердің 46 мың 464-і орталық меморгандарда жұмыс істейді. Қалған 42 мың 541-і – жергілікті жерлерде еңбек етуде. Оның ішінде 1 мың 64 адам мәслихаттар аппаратына тиесілі. Қазақстанда шенеуніктер арасында әйелдердің қарасы басым: жалпы саны – 49 мың 584 немесе 55,7%. Ал басшылық қызметтегі үлесі – 40%: елдегі 23 мың 818 басшының 9 мың 521-і – нәзік болмыс өкілдері.Шенеунік – ең сыпайы қонақ
Жаңа Әдеп кодексіне сәйкес, мемқызметшілер өз міндетін орындау кезінде келесі қағидаттарды сақтауы қажет: біріншіден, ол қызмет міндеттерін адал орындап, еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтауы, жұмыс уақытын тиімді пайдалануы тиіс. Екіншіден, жоғары моральдық-адамгершілік өлшемдерге сәйкес келуі, заңдағы шектеулер мен тыйымдарды бұзбауы шарт. Үшіншіден, біліктілігі мен кәсіби деңгейін ұдайы жетілдіруі, төртіншіден, өз әрекеттері мен мінез-құлқы арқылы қоғамда дау, сын тууына себепкер болмауы, сынаған адамды қудаламауы, сындарлы сыннан сабақ алып, кемшілікті жоюға әрі қызметін жақсарту үшін пайдалануы қажет. Бесіншіден, жұмыста адалдық, азаматтармен және әріптестермен тілдесуде сыпайылық, өмірде қарапайымдылық таныту, байлығын паш етпеу талап етіледі. Бұдан бөлек, кодекске мемлекет меншігінің бүтіндігін қамтамасыз ету, қызметтік автокөлікті жеке мақсаттарға пайдаланбау, жемқорлық көріністеріне қарсы тұру, ешкіммен ұрыспау және төбелеспеу талабы да қосылды. Шенділер билікті пайдаланып жеке сипаттағы мәселені шешу үшін өзге меморган, жергілікті әкімдік не мемлекеттік қызметшіге қысым жасамауы, кез келген түрдегі сыйлықты қабылдамауы, қолына түскен қызметтік ақпаратты табыс табуға пайдаланбауы керек. Әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлер арқылы жалған мәлімет таратқан азаматтық қызметшілер жұмысынан қуылуы мүмкін. Кодекс шенеуніктің тек жұмыс уақытындағы ғана емес, сонымен қатар қызметтен тыс кездегі, үйдегі, демалыстағы мінез-құлқын да реттейді. Яғни, оған қонақта, өз отбасында, жұртшылық алдында жалпыға бірдей моральдық-этикалық қағидаларды ұстану, барлық жерде қарапайым болу, әл-ауқатын әдейі көрсетпеу, қызметтік жағдайын пайдаланбау, ешкімге тіл тигізбеу, қорқытпау, тәртіп бұзбау, мас күйде көзге түспеу – міндет. «Азаматтық қызметшінің осы әдепті бұзуы тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады. Ал осы кодекс ережелерін сақтауы оны аттестаттау, жоғары лауазымға ілгерілету кезінде ескеріледі», – дейді құжат.Қызметтік «романның» соңы
Ұлттық экология министрі Руслан Дәленовке жақында Балғын есімді әйел шағымданды. Ол осы министрлікте істейтін У. есімді қатардағы қызметкермен 2 жыл азаматтық некеде тұрыпты. Осы мерзімде ол әлгі жігіттің біраз кредитін жауып береді. Үйді де жалғыз өзі жабдықтаған. «Ол өзімен бірге істейтін Б. деген әйелмен жұмыс уақытында махаббат (служебный роман) құрыпты. Бірде екеуінің Мәскеуде іссапарда жүргенде құмарлық қызығына батқанын куәландыратын фотоларын тауып алдым. Сіздер сонда қызметкерлеріңізді іссапарға демалуға жібересіздер ме?», – дейді елорда тұрғыны министрге жазған хатында. Ол ведомство басшысына оның бағыныштылары У. мен Б.-ның бір-біріне жазған ғашық хаттарын дәлел ретінде жіберіпті. «Жұмыс уақытында мемлекеттік электронды пошта арқылы жеке бастарының мәселесін талқылауға болмайтынын, мемлекеттік қызметші этикасын сақтамағаны үшін жауапкершілік барын ескермеді. Өзімді және отбасымды қорқытып, қарызын қайтарудан жалтарып отырған У. мен Б.-ға тиісті іс-шара қолданасыз деген сенімдемін. Мемлекеттік қызметкер өз ісіне тиянақты, жауапты, мәдениетті болуы керек», – дейді зардап шегуші. Бұл шағым Ұлттық экономика министрлігінде қаралыпты. Министр Руслан Дәленов У. мен Б. Ресей астанасына махаббат айдынында қос аққудай жүзу үшін емес, шынында ЕАЭО-дан басқа үшінші елдермен тауарлар және көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы Келісім жобасын пысықтау бойынша кеңеске қатысу үшін іссапарға жіберілгенін айтады. «Осы оқиғадан кейін У. мен Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі нормаларын және «Мемлекеттік қызметі туралы» заң талаптарын бұзуға жол бермеу туралы түсініктеме жұмыстары жүргізілді. Ал оның өзге адамдармен жеке қарым-қатынасына қатысты мәселелерді шешу, соның ішінде мүлiктiк емес құқықтардың қорғалуы азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген тәртiп бойынша сот арқылы жүзеге асырылады. Демек, азаматша сотқа жүгіне алады» деп жауап қатты ведомство басшысы өз блогында. Айта кету керек, Қазақстанда шенеуніктердің өзара ашына болуына заңмен тыйым салынбаған. Көрген жұрт ұялар бейәдеп жағдайға жетпесе болғаны. Жемқорлыққа қарсы заңнамаға сай тек ресми некедегі ерлі-зайыптылардың бір меморганда істеуіне жол берілмейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің хабарлауынша, қазіргі кезде шенеуніктер қатары күрт жасарды. Мемқызметшілердің орташа жасы – 39 жас. Соның ішінде саяси мемқызметшілердің, яғни ірі басшылардың орташа жасы – 47,5 жас, ал «Б» корпусының, яғни қатардағы қызметкерлердің орташа жасы – 38,9 жас. Республикамызда 23 жасқа да толмаған 1 мың 22 шенеунік бар (1,1%), 23 пен 30 жас аралығындағылардың саны – 19 мың 482 (21,9%), 30-40 жастағысы 30 мың 360 адам (34,1%). Демек, бойында бұла күші бұлықсыған, қаны ыстық жастар басым. Шенділер қызды-қыздымен қолданыстағы кодексті де бұза береді. Мысалы, өткен жылдары қызылордалық бір топ шенеуніктің той үстінде түймелерін ағытып, жартылай жалаңаш билеген видеолары, шығысқазақстандық шенділердің бума-бума долларды және қару-жарақты ұстап түскен фотолары әлеуметтік желілерде дүмпу туғызды. Жастық шағында-ақ шектеу-құрсауға іліккен оларды аяйтындар табылады. Мысалы, белгілі кәсіпкер Ринат Мұхамедов шенеуніктердің әр басқан қадамын аңдуды тыйып, тек жұмыс уақытында адал қызмет атқаруын талап етуге ден қойған жөн деген пікірде. «Мемлекеттік қызметтегі 20-30 жастағы жас қыздар мен жігіттерді әлеуметтік желіге фотоcын жариялағаны, мысалы аң аулау кезінде қарумен түскені немесе шетелдегі жағажайда, қымбат автокөлік жанында суретке түскені үшін жазалаудың қажеті не? Мас күйде түспесе немесе қоғамдық тәртіпті бұзбаса, айыбы нешік? Олар да адам ғой. Робот емес. Барша қазақстандықта бар құқықтан оларды неге айырамыз? Әдеп кодексінің нормаларын қайта қараған дұрыс секілді. Рас, арақ-шарап ұстап түссе, өзі кінәлі, жазалайық», – дейді ол. Дегенмен дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік қызметке тұрған адам мінез-құлық бойынша шектеулерді де қабылдауы маңызды. Қоғамның сұранысы артып, елде тәртіп күшейген сайын шенеуніктерге қойылар шектеулер де қатая түспек. Әйтпесе, бір босаңсытса, шенеуніктердің бассыздығы бой бермей кетеді.Елдос СЕНБАЙ