Мемлекеттік қызметші кәсіпкердің ауласында не істеп жүр?
– Шенеуніктер сол кезде «жұмыс істеңдер, бас мердігер келеді, барлық шығынды өтейді» деп уәде еткен. Кейін біз жұмыс істеп жатқан шілде айында бас мердігер келді. Ол бас мердігер – «ЭКСПЕРТИЗА И АНАЛИТИКА» ЖШС 85 пайыз жұмыс орындалып қойғаннан кейін тендерді 550 млн теңге сомасында жеңіп алғаны белгілі болды. Бірақ қалай алғаны, ол жағы белгісіз. Ал біздің жұмыс байқаусыз өтті. Істелген жұмыстың жалпы сомасы – 180 млн теңге. Қаржымызды әлі алмадық, – деді «Востокмонтажстрой» ЖШС директоры Анатолий Томилов. Мәселенің шеті көтеріле бастағанда «Самал» саябағындағы жөндеуге қатысқан 6 компаниядан қалалық әкімдік бұл жайтты көтермеуді сұраған. Артынша, қыркүйек айында 6 компанияға 87 млн теңге берген. Осылайша, әркім атқарған жұмыс көлеміне байланысты транштың бір бөлігін ғана алған. Алайда берген соманы қайта беруді, анығын айтқанда үлесін беруді талап еткен. Ал осы мәселеге қатысты жауап берген облыс әкімі Даниал Ахметов барлық қаражат бас мердігердің есепшотына аударылғанын, енді осы бас мердігер компания қосалқы алты мердігермен істелген шаруа бойынша есептесуі керегін айтқан болатын. – Егер тиісті қаражат облыстық қазынадан мердігерге атқарған жұмысы үшін толық төленбесе, онда ол басқа жағдай. Бұл жерде қаражат толық төленген. Енді мердігерлер бұл мәселені өзара сот арқылы реттеулері тиіс, – деді облыс әкімі. Осылайша, кәсіпкерлер қала әкімі Жақсылық Омар мен қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Еркін Тұраровқа сенеміз деп, бармақтарын тістеп қалған. – Әкім бізбен кездесуден бас тартып жатыр. Бас мердігер Александр Хасис 15-17 пайызын қалалық ТҮКШ бөліміне беретінін, қалған 25 пайызын ұстап қалатынын айтады. Былтыр тіпті, қыркүйектің аяғында ТҮКШ бөлімінің басшысы Еркін Тұраров бас мердігер Хасистің территориясында ақша жайында сөйлесуге келгенін өз көзіммен көрдім. Жұмысқа қатысты нысан аумағында кездессе, жұмыс жайында деп ақтап алар едім. Бірақ кездесу жеке аумақта өтті. Мемлекеттік қызметкер мұндай жерде жүрмеуі керек қой, – дейді қалған 100 млн теңгесін ала алмай жүрген мердігер компания – «777 и К» ЖШС директоры Айнаш Сұлтанбекқызы. Ортақ мүдделері бір кәсіпкерлер енді қол жайып отырмақ емес. Дәлел мен дәйекті келтіре отырып, әуелі Парламентке, Бас прокуратураға, тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін ашық хат жолдады. Хатқа қоса бейнеүндеу де жариялаған. Осылай еткен олар облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі құрған облыстық комиссияның бірінші отырысына қатысқанымен, екінші жиынға келуден мүлде бас тартты. Келмейтіндерін кәсіпкерлер сол күні түстен кейін өткізген екінші брифингтерінде журналистерге бірден мәлімдеген болатын.Атқамінерлердің де айтары бар
Облыстық комиссияның екінші отырысы кәсіпкерлер келмесе де, облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалық етуімен жалғасын тауып, онда Александр Федосовтың айтқандарын комиссия мүшелері жеке-жеке нақты қарады. Кәсіпкерлерге қарсы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырғандардың да өз айтары бар болып шықты. – Өткен жолғы комиссия отырысында Александр Федосов Өскемен қалалық қаржы бөлімінің және облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының атына бірнеше айып таққан болатын. Ол біріншіден, мемлекеттік сатып алулар заңсыз жүргізілді, мені конкурстан заңсыз шеттетті деген болатын. Екіншіден, екі компания өңірдегі барлық жол-құрылысы жұмыстарының 70 пайызын алып алды деді. Үшіншіден, қалалық бюджетке енгізілген түзетулер тек оның компаниясын конкурсқа қатыстырмау үшін ғана жасалды, басқа конкурстардың бәрі өтті деп мәлімдеді. Төртіншіден, ол өзінде лауазымды тұлғалардың мемлекеттік сатып алудағы заңсыз әрекеттері туралы факті бар екенін айтқан болатын, – деген Алмасхан Сматлаев комиссияға облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментінен хат келгенін, онда департамент арқылы биылғы 2 маусымда «ДСУ-14» ЖШС-не облыстағы мемлекеттік сатып алулардың барлығы да заң аясында өткізілгендігі туралы нақты жауап берілгенін, соның бәрі бүгінгі отырыста БАҚ өкілдерінің қатысуымен қайталап қаралатынын айтты. Осы мәселеге орай алғашқы сөзді алған облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамов алдымен биылғы 20 наурызда шыққан мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы Үкіметтің жаңа қаулысын, оның көп жерлерде түсініспеушілік тудырған 39 пунктін де түсіндіріп өтті. Яғни, Төтенше жағдай енгізілген карантин кезіндегі шектеу мен сақтық шараларына орай кәсіпкерлер өздерінің заңды тіркелген аумақтарындағы мемлекеттік сатып алуларға ғана қатыса алғанын мәлімдеді. – «ДСУ-14» ЖШС-не келер болсақ, компания жыл басынан бері Өскемен қаласында орташа жөндеу бойынша 10 конкурсқа қатысты. Олардың ішінде төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін екі конкурсқа жіберілді. Алайда баға ұсынымында жеңіліп қалды. Қалған сегіз конкурста «ДСУ-14» ЖШС-нің өтінімі 39 пунктке сәйкес қайтарылды. Себебі аумағы бойынша кәсіпорын Көкпекті ауданының Самар ауылында орналасқан. Ал жеңімпаз болған мекемелердің бәрі Өскеменде тіркелген. Қосымша ақпарат ретінде айта кетсем, «ДСУ-14» Көкпекті ауданында екі нысан бойынша конкурсқа қатысып, жеңімпаз болды. Біріншісі, Өскемен–Тарғын–Самар автокөлік жолының 113-133 шақырымдарын орташа жөндеу, нысан құны – 375 млн теңге. Екінші нысан – Преображенка-Шұғылбай автокөлік жолын орташа жөндеу, құны – 301 млн теңге. Екі конкурс бойынша бекітілген келісім 646,4 млн теңгені құрайды, – деді Руфат Акрамов. Мұнымен бірге Руфат Акрамов А.Федосовтың екі компания өңірдегі барлық жол-құрылысы жұмыстарының 70 пайызын алып алды дегеніне де жауап берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері салада 127 конкурс өтсе, «Востоквзрывпром» ЖШС соның жетеуін ғана ұтқан, бұл жалпының 5,5 пайызы. Ал «ДСУ-11» алтауын жеңген, сәйкесінше 4,7 пайыз. Ал «ДСУ-14» еншісінде жоғарыдағы екі конкурс бар. Ал Өскемен қаласының бюджетіне енгізілген түзетулер тек «ДСУ-14» ЖШС-н конкурсқа қатыстырмау үшін ғана жасалды деген айыптауға облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова жауап берді. Басқарма басшысы еліміздегі төтенше жағдай режиміне орай 2020 жылдың 8 сәуірдегі Президент жарлығымен республикалық бюджет нақтыланғанын, соған сәйкес облыстық бюджет шығыны 7,4 млрд теңгеге, Өскемен қаласының бюджеті 690,3 млн теңгеге қысқарғанын мәлімдеді. Ал ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин Александр Федосовтың «лауазымды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында заңсыздық іс-әрекетіне» шағымы бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. – Шағымданушылардың шағымы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық негіздер мен фактілер тексеріледі. Қылмыстық кодекстің 201-бабы «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеуге» байланысты басқа ақпарат әзірге айтылмайды, қосымша ақпараттар болса жария етеміз, – деп мәлімдеді Жігер Байділдин. Жиында облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер де комиссия жұмысы толықтай заң аясында жүріп жатқанын мәлімдеді. Комиссияның келесі үшінші отырысы осы аптаның сәрсенбі күніне, яғни 10 маусымға белгіленді. Онда комиссия мүшелері тағы бір шағымданушы кәсіпкер «Топаз» ЖШС директоры Болат Бағадаевтің шағымын қарамақ. Ал оған жоғарыда аталған кәсіпкерлердің қатысар, қатыспауы әлі белгісіз.Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан