Отбасындағы зорлық-зомбылық көбейген
Министрдің айтуынша, төтенше жағдай кезінде дағдарыс орталықтарының «қауырт желісіне» зорлық-зомбылық құрбандары көп жүгінген. Бірақ хабарласқан 10 адамның екеуі ғана полицияға жүгінуге келісім берген. Қалғаны тәуекел ете алмаған. Жыл басталғалы балаларға қатысты 900-ге жуық қылмыстың жасалуы алаңдатып отыр. Жалпы, жыл сайын дәл осындай 2 мыңға жуық қылмыс тіркеледі екен. Бұл қандай қылмыс: баланы жәбірлеу, ұрып-соғу, бопсалау, қауіпті ортада қалдырып кету. Балаға қатысты жасалатын қылмыстың үштен бірі жыныстық озбырлық екен. Мұндай оқиғалардың 70 пайыздан астамында зорлықты балаға жақын адамдары жасайды. «Әкесі, өгей әкесі, анасымен бірге тұрып жатқан адам, көршісі мен таныстары жасайды. Кейде мұндай қылмыс жылдарға созылады. Құрбандар мен олардың туыстары проблеманы отбасы ішінде шешуге тырысып, үндемейді. Мысалы, биыл кәмелетке толмағандарға қатысты 879 қылмыс жасалса, соның 402 жыныстық зорлықпен байланысты», – деді Ерлан Тұрғымбаев. Ол жасөспірімдер арасындағы өзекті проблема – суицид мәселесін де сөз етті. Соңғы 5 айда ғана елімізде 58 бала өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған. Ал 137 бала суицид жасауға тырысқан. Суицид оқиғаларының жартысы төтенше жағдай кезеңінде тіркеліпті. Сондықтан министр суицид себебін отбасы проблемасымен байланыстырды.Алаяқтар айылын жияр емес
Жұрт карантинде оқшауланып жатқанда алаяқтар босқа уақыт өткізбепті: олар 1 млрд теңгеге жалған криптовалюта сатып үлгерген. Министрдің айтуынша, оқшаулану режимі кезінде қашықтан сатып алу, онлайн қызметтер тәжірибесінің таралуы интернет алаяқтардың көбеюіне себеп болған. Еліміздегі осындай қылмыстарды ашумен Ішкі істер министрлігінің Киберқылмыспен күрес орталығы айналысады. Министр жыл басында қаржы пирамидасынан зардап шеккендер туралы да тілге тиек етті. Алаяқтар ақпарат құралдарында жаппай жарнама орналастырып, танымал тұлғаларды, әртістерді тартуды әдіске айналдырған. «Выгодный займ», «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» микрокредит ұйымдарының қаржылық пирамидаларын құру барысында осы әдіс қолданылған. Аталған ұйымдардың әрекеті салдарынан 39 мың салымшы 8 млрд теңгеден астам қаражатынан қағылып, бүгінгі таңда қиын материалдық жағдайға тап болған. «Министрлік өз кезегінде жедел тергеу тобын құрып, оның құрамына барлық өңірден тергеушілер кірді. Қазірдің өзінде өңірлік филиалдардың 25 басшысына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Елден тысқары аумаққа бой тасалаған үш ұйымдастырушы ұсталып, елге жеткізілді. Олардың біріншісі – Молдавада, екіншісі – Қырғыз Республикасында, ал үшіншісі Ресейде ұсталды. Бұл іс бақылауда тұр», – дейді министр. Есірткі бизнесімен айналысушылар да карантинді кедергі көрмесе керек, «кәсібімен» қызу айналысыпты. Алайда олар қатты қателесті. Себебі жыл басынан 1 мыңнан астам есірткі қылмысы, оның ішінде 748 сату және 49 контрабанда фактісі анықталды. Есірткі бизнесі саласында 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тыйылды. Заңсыз айналымнан 1,5 тонна есірткі алынды.Қанша полицей коронавирус жұқтырды?
Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігінде Қылмыстық атқару жүйесі, Төтенше жағдай және Ұлттық ұлан құрылымдары бар. Міне, осы құрылымдар төтенше жағдай мен карантин кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін дәрігерлермен бірге алғы шепте жүрді. «Төтенше жағдай кезінде 400 блок-бекет, 200 санитарлық бекет жұмыс істеді. Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға күзет қойылды. Ауруды таратпау үшін тұрғын үйлер қоршауға алынды. 9 мыңнан астам адам іздестіріліп, табылды. Осының барлығына Ұлттық ұлан мен ішкі істер органдарынан 50 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылды. Уақытпен санаспай, отбасынан алыс болса да, күндіз-түні қызмет жасап, Отан алдындағы борышын, ел алдындағы міндетін адал атқарған қызметкерлерге және біздің жұмысымызға түсіністік танытқан тұрғындарға рақмет айтамын», – деді министр. Министрдің дерегінше, блок-бекеттерде шамамен ішкі істер саласының 7 мың қызметкері тәулік бойы қызмет етті. Олар адам көп жиналатын жерлерде де жаяу шолғындау жүргізіліп, тікелей байланыста болды. Салдарынан, ішкі істер органының 589 қызметкері коронавирус жұқтырды. Оның 419-ы жазылып шықты. 170-і әлі де карантинде ем алып жатыр. Түйін:Ішкі істер саласында істеліп жатқан жұмыстарға қарамастан, ел ішінде полицейдің жағымды портретін қалыптастыру қиын болып тұр. Бір қарын майды бүлдіретін құмалақ бұл салада да кездесіп қалады. Полицейлер жұмысында кемшілік барын министр де мойындап отыр. «Оларды түзеу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Тәртіп бұзған, қылмысқа жол берген қызметкерлердің ішкі істер органдарында жұмыс істеуге құқы жоқ. Ең бастысы, полиция ашық әрі қолжетімді болуы керек», – деді министр онлайн режимде берген есебінде. Бірақ сол онлайн есебінің 70-80 пайызын орыс тілінде өткізген министрдің ақпараты мемлекеттік тілде ақпарат алғысы келетін халыққа қаншалықты қолжетімді болды екен?..
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ