Оларды біреулер супермен ретінде қабылдайды. Екіншілері істеген ісіне тәнті. Енді бір топ келемеждеп, мұқалтуға құмар. Бірақ волонтерлер шын ниетімен жақсылық жасауға ұмтылады. Төтенше жағдай кезінде оларға екі есе салмақ түсті. Айта кетерлігі, осы тұста волонтерлік қызмет түрінің «жаңа тынысы» ашылған.
Мемлекет басшысы жыл басында елімізде 200-ге жуық волонтерлік топ пен 50 мыңнан астам ерікті барын айтқан-ды. Одан бөлек, волонтерлердің бірыңғай платформасы бар. Мұнда сала бойынша топтарды жіктеп қойған. Медицина, экология, әлеумет, медиа деп жалғаса береді. Тізімде бізге ұнағаны – этно, донорлық, онлайн және төтенше жағдай кезіндегі волонтерлік. Бір ғана төтенше жағдай кезіндегі волонтерлік қызмет атауымен платформада 173 адам тіркелген екен. Биыл көктемнен бастап бұл топтың жұмысы қызған.
Платформадағы қай саланы алып қарасақ та, өзекті мәселе көтеріп отыр. Әсіресе, елімізде экология мен этно волонтерлікті дамыту керегі жасырын емес. Жалпы, волонтерлік ұйым жетекшілерінің сөзіне сүйенсек, Қазақстанда волонтер мәдениетін қалыптастыру керек.
Төтенше жағдай кезінде BizBirgemiz акциясы аясында волонтерлердің бар ынтасын салып жұмыс істегені көпке мәлім. Jas Otan жастары жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Президент еліміздегі волонтерлік мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген бірнеше ұйымды атаған еді. Арасында Lider.kz, Best for kids, «28 ілмек», астаналық «Қайырымдылық клубы» бар. Аталған ұйымдар да қиын сәтте елге демеу көрсетуден тартынған жоқ.
Пандемия кезінде волонтерлердің қалай жұмыс істегені баршаға қызық білем. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызмет туралы волонтерлік ұйым жетекшілерінен сұрап көрдік. Ақтөбелік Марал Серікқызы – «Д.А.Р.» волонтерлік клубының директоры. 13 жылдан бері волонтер болып қызмет етеді. Бұл клуб «Ақтөбе облысының сал ауруына шалдыққан азаматтардың одағы» қоғамдық бірлестігінің жанынан 2007 жылы құрылған. Достық, адалдық, рақымшылық ұранын негізге алған ұйымды АҚШ-тан келген волонтерлер жігерлендірген.
Марал Серікқызының айтуынша, ол әлеуметтік волонтерлік бағытын ұстанады. Жоғарыда айтқан платформаның белсенді мүшесі. «Өзім де бала жастан мүгедекпін. Дене бітімінде өзгешелік бар адамның мұң-мұқтажын жақсы түсінемін. Жалпы, қоғамда мүгедек адамдарға деген тең қарым-қатынас қалыптастыру жолында, мүсәпірлік көзқарастан арылту үшін аянбай қызмет етіп келеміз», – дейді ол.
Ұйым директорынан төтенше жағдай кезіндегі жұмыс жайын сұрағанымызда кеңінен жауап берді.
Волонтер жылы әлемдік пандемиямен тұспа-тұс келді. Өз кезегінде волонтерлер қатары айтарлықтай көбейді деп айта алмаймын. Карантин кезіндегі волонтерлік жұмыс аса үлкен жауапкершілік пен тиянақтылықты талап етті. 18 жасқа толмаған жасөспірімдерге салмақ салып, жауапкершілік артқан жоқпыз. Керісінше, ересек, ақыл тоқтатқан ерікті азаматтар сұранып, волонтер болды. Аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пен бетперде үлестіріп, консультациялық кеңес бердік. Автоволонтерлік пен демеушілердің қызметін үйлестіру жүйесін де айрықша атауға болады», – дейді Марал Серікқызы.
Ал «28 ілмек» ұйымы төтенше жағдай кезінде барлық ережені қатаң сақтаған. Волонтерлер үйде отырып, жүннен тоқыма тоқыған. Клуб жетекшісі Қарлығаш Нұрдың айтуынша, тоқыған заттарды 8 маусым күні діттеген жеріне жеткізген.
Дегенмен бұл жағдай ұйымның ауруханамен байланысын уақытша үзгені белгілі. Арнайы бекітілген адамдар арқылы өңірдегі ауруханаға заттарды жеткізген. Бір жағынан волонтерлерге тоқыма заттардан қор жинап, әртүрлі идея ұсынуға септігі тиді. Мұны клубтың әлеуметтік желідегі парақшаларынан көруге болады.
Құрылғанына 7 жыл толған Қазақстан Волонтерлер лигасы да қиын сәтте алғашқылардың бірі болып көмек қолын созғандардың қатарында. Олар қаржы жинауға, әлеуметтік видеоролик жасауға, BizBirgemiz акциясына белсене қатысты. Волонтерлер карантин кезінде әлеуметтік желіде жастарға танымдық ақпараттар ұсынып, түрлі тікелей эфир кездесулерін ұйымдастырды. Лига төрайымы Айсұлу Ерниязова елдегі түрлі волонтерлік топтармен бірігіп, азық-түлік тарату жұмысына жетекшілік етті. «Күш бірлікте» акциясы аясында лига волонтерлері үлкен-кішіге қамқорлық жасап, құрмет көрсеткен. Төтенше жағдай кезінде талптарды қатаң сақтап, ережеге бағынған. Азық-түлік, керек-жарақ жеткізу кезінде түрлі қиындық туса да, мойымаған.
Төтенше жағдай еріктілерге қызметті нақты тануға жол ашты. Халық олар туралы «Жайдармандағы» оспадар әзілге емес, шынайы әрекетіне қол соқты. Жақыннан танып, волонтер сөзінің еңбекпен үйлесім табатынын білді.