Қыздар университеті қордайлықтарды қолдайды
Қыздар университеті қордайлықтарды қолдайды
417
оқылды
Alpha Academy білім беру гранттары орталығының ұйым­дастыруымен өткен шарада жер­гілікті мектеп және орта арнаулы білім беру мекемелерін бітірген түлектерге педагогикалық оқу орны туралы жан-жақты ақпа­раттық-танымдық тұрғыдан мәлімет берілді. Университет өкілдері көпші­лік тарапынан жолданған са­уалдарға да жауап беріп, мұғалім кадрларын даярлаудағы жаңа­шылдықтармен бөлісті. Соны­мен қатар қордайлық бойжет­кендерге университеттің кәде­сыйлары таратылып, жарна­ма­лық кітапшалары табысталды. Шара барысында Сортөбе ауылында «Тілдер саябағы» жаз­ғы лагері ашылды. Аталған елді мекеннің «Мәдениет үйінде» жұ­мыс істейтін әлеуметтік жо­ба­ның ашылуына Жамбыл облы­сының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Мұнда жергілікті тұрғындарға мемлекеттік және шет тілдері оқытылады. Аймақ басшысы игілікті іске мұрындық болғандарға алғысын білдіріп, тұрғындарға мемлекет­тік тілді білудің маңызын еске салды. – Егер ата-аналар балала­рымен қазақша сөйлессе, бала­лар тез тіл үйренеді. Мемлекеттік тілмен қатар бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін басқа да шет тілдерін білу керек. Біздің мін­детіміз – жастарға лайық­ты білім беріп, бірнеше тілді мең­геруіне жағдай жасау. Осындай жұмысты басқа ауылдарда да ұйымдастыру керек, – деді Бер­дібек Сапарбаев. Әлеуметтік жобаның жетек­шісі Бақнұр Зиябековтің ай­туын­ша, бүгінде лагерьде 200 адам қазақ, ағылшын, француз тілдерін үйренуде. Тыңдаушылар арасында балалармен қатар ересектер де бар. Ашық аспан астындағы шаралар аптасына үш рет өткізіледі. Ауыл тұрғын­да­рына Назарбаев университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педаго­ги­калық университетінің студент­тері сабақ береді.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ