Alpha Academy білім беру гранттары орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада жергілікті мектеп және орта арнаулы білім беру мекемелерін бітірген түлектерге педагогикалық оқу орны туралы жан-жақты ақпараттық-танымдық тұрғыдан мәлімет берілді.
Университет өкілдері көпшілік тарапынан жолданған сауалдарға да жауап беріп, мұғалім кадрларын даярлаудағы жаңашылдықтармен бөлісті. Сонымен қатар қордайлық бойжеткендерге университеттің кәдесыйлары таратылып, жарнамалық кітапшалары табысталды.
Шара барысында Сортөбе ауылында «Тілдер саябағы» жазғы лагері ашылды. Аталған елді мекеннің «Мәдениет үйінде» жұмыс істейтін әлеуметтік жобаның ашылуына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Мұнда жергілікті тұрғындарға мемлекеттік және шет тілдері оқытылады.
Аймақ басшысы игілікті іске мұрындық болғандарға алғысын білдіріп, тұрғындарға мемлекеттік тілді білудің маңызын еске салды.
– Егер ата-аналар балаларымен қазақша сөйлессе, балалар тез тіл үйренеді. Мемлекеттік тілмен қатар бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін басқа да шет тілдерін білу керек. Біздің міндетіміз – жастарға лайықты білім беріп, бірнеше тілді меңгеруіне жағдай жасау. Осындай жұмысты басқа ауылдарда да ұйымдастыру керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Әлеуметтік жобаның жетекшісі Бақнұр Зиябековтің айтуынша, бүгінде лагерьде 200 адам қазақ, ағылшын, француз тілдерін үйренуде. Тыңдаушылар арасында балалармен қатар ересектер де бар. Ашық аспан астындағы шаралар аптасына үш рет өткізіледі. Ауыл тұрғындарына Назарбаев университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері сабақ береді.