Денис Теннің арманы орындалмақ
Денис Теннің арманы орындалмақ
353
оқылды
Халықаралық жарыстарда еліміздің атын талай мәрте әйгілеген даңқты спортшының спорттық мансабында жеткен жетістіктері аз емес. Қазақстанның атынан әлемдік додаға қатысқан алғашқы мәнерлеп сырғанаушы ретінде тарихта қалды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері аз ғұмырында талай турнирдің бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. «Денистің болашаққа құрған мақсат-жоспарлары көп еді», – дейді анасы. Солардың бірі  Қа­зақстанда мәнерлеп сырғанау ака­демиясын құру болыпты. Бала­сының асқақ арманын жүзеге асыруды мақсат тұтқан Оксана Тен 2 жылдан бері осы жұ­мыс­тар­мен айналысып жүр. Таяуда ол сүйінші жаңалығымен бөлісті. Әңгіме барысында Денис Тен атындағы Global Figure Skating Academy мәнерлеп сырғанау ака­демиясы 2020 жылдың соңында ашылатынын айтты. Бұл туралы  Спорт  және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік  Жарасбаев,  Алматы қалалық  Спорт басқармасының бастығы Рүстем Байсейітов және Денис Теннің анасымен кездесуінде белгілі болды. Болашақ жобаның тұжырым­дамасымен таныстырған Оксана Тенге  министрлік өкілдері Ал­маты әкімдігімен бірлесіп акаде­мияның ашылуы мен жұмыс істе­уіне мемлекеттік қолдау тетігін әзірлеуге жәрдемдесетінін жеткізді. Академия Алматыдағы мұз ай­дындары бірінің базасында ашылады. Оған әлемнің ең үздік жаттықтырушылары шақыртылады деп жоспарлануда. Осы бағытта белгілі мамандар Татьяна Тарасова мен Фрэнк Кэроллмен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Денис Тен атын­дағы арнайы қоғамдық қор құ­рылған болатын. Қазіргі кезде қордың жұмысы бойынша бас­тапқы қадам жасалды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан мен Ал­маты қалаларында бірнеше рет фотокөрмелер ұйымдастырылды. Бір ерекшелігі, аталған шаралардың бәріне де халықтың ықыласы ерекше болды. Оңтүстік астанада мемориалдық тақта ашылды. Алда Денистің жоспарлары мен жобаларын жүзеге асыру мақ­сатындағы бірқатар маңызды жобаның шеңберінде музыкалық дискілер шығару, ертегілері мен өлеңдерінің жинағын басып шығару да көзделіп отыр. Сонымен қатар Денис Тен қатысқан мұз шоуларын жыл сайын өткізу жоспарға енгізілді. Ендігі кезеңде академия жұ­мысына қанша қаражат кететіні, қаржыландырылуы және құры­лыс жобаларындағы өзге де мәсе­лелер талқылануда. Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары ми­нистр­ліктің бұл мәселелерді бақы­лауда ұстайтынын айтып отыр. – Алматыда 500-ден астам бала қоғамдық және жеке сек­цияларында мәнерлеп сыр­ғанаумен айналысады. Денис Тен ака­демиясының ашылуымен балалар мәнерлеп сырғанау орталығындағы үздік мамандардың жетекшілігімен жаттығуға мүмкіндік алады. Осы­ның арқасында мәнерлеп сыр­ғанаумен шұғылданатын бала­лардың санын 2 есеге көбей­туге болады. Таяу уақытта тұжы­рымдама пысықталады, қаржылық қаражат есептелді. Жылдың аяғында академияны ашамыз. Алматы әкімдігі де бізді қолдап отыр, министрлік те бұл жұмысты бірлесе істеуге дайын, – дейді Серік Жарасбаев. Екі жыл бұрын қалың жұрт­шылық арасында талқыға түсіп, кейін құрылыс жұмысы кейінге шегерілген мәнерлеп сырғанау академиясы жаңа жыл қарсаңында ашылса, қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік те молаяды. Әрі бұл бастама жастардың мә­нерлеп сырғанау спортына қы­зығу­шылығын арттыра түсері сөзсіз. Келешекте Денис Тен атын­дағы осынау академиядан елі­мізге танымал мәнерлеп сыр­ға­наушылары шығады деген үміттеміз. Спорт саласының маман­дары да бұл орталық  жастар­дың үлкен жетістікке жетуіне жол­басшы боларына сенеді.  

 width=Абылайхан ЖҰМАШ